БАБА АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ | «Айқын» газеті

0

«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы саясаттанушылар орталығы өкілдері «Жас саясаттанушылар» мектебінің мүшелерімен кездесті.­

«Қазақстан және әлеуметтік қа­уымдастық» атты тақырыптағы басқосу ашық пікірталас форматында өтті. Басқосудың мақсаты – еліміздегі сая­си-әлеуметтік мәселелер төңірегінде жастардың пікірін тыңдап, тарихи сана қалыптастыру. Жастарды ғылымға тартып, партияның қазіргі жұмыстарын түсіндіру және белсенді болуға үндеу. Ашық пікірталас алаңында болған бас­қосуда «Нұр Отан» партиясы жанын­дағы Саясаттанушылар орталығының мүшесі Сайфолла Сапанов: «Алдағы уақыттың еншісіндегі жоспарлардың ауқымы кең. Соның ішінде облыс кө­лемінде әлі зерттелмеген қасиетті жер­лерді зерттеу, этнографиялық-архео­логиялық экспедициялар ұйымдастыру, насихаттау мен талдау секілді жауап­кер­шілігі мол жұмыстар күтіп тұр», – деді.
Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының бас­тамасымен «Қарой – Шейітсай – Қа­рой», «Ақмешіт – Бекет ата» автоэкс­пе­дициялары ұйымдастырылып, құ­ра­мында саясаттанушылар орталы­ғының мүшелері, жас ғалымдар мен өлкета­нушылар бар топ көптеген тың дерек­тер жинақтады. Ал биыл халық­аралық деңгейде «Сарайшық – Арыс­тан баб – Қожа Ахмет Яссауи – Әйтеке би кесенесі (Өзбекстан)» экспедициясы ұйымдас­тырылып, Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар тарихы зерделеніп, насихат­талды. Басқосуда осы экспеди­ция құ­рамында болған «Жас саясат­та­ну­шы­лар» мектебінің мүшесі Әділбек Өмір­зақтың айтуынша, аталған экс­педиция­ның алпыс пайызы жастардан жасақта­лып, ұйымдастыру жұмыстары да негі­зінен жастарға жүктелген. Бұл жастар­дың тарихты білуге бетбұрыс жасауына маңызды. Экспедиция құрамындағы жасотандық белсенділер тарихта тұлға болып танылған баба­ларымыздың өмірі туралы естігендерін санада қайта жаң­ғыртып, оны біл­мегендерге насихаттап, бір жағынан өздерінің жауапкершілігін шыңдауға мүмкіндік алды.
Ұлттың тарихын зерделеп, зерттеп ұрпаққа жеткізу – әр буынның аза­мат­тық парызы. Осы тұрғыда аға буын мен жас буын арасындағы тарихи-таным­дық байланыстың берік болуы осындай экспедициялар арқылы нығая түседі. Бабаларымыз ұстанған елдің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін жасаған істерін білу, ұлттық құндылықтарды сақтаудағы қағидаларға берік болу – уақыт күт­тірмейтін іс. Сондықтан да еркін пі­кірлесу алаңында жас саясаттанушылар елінің патриотына, елін сүйген аза­матқа тән ұлттық сана қалыптастыру жолында шынайы тарихты білу арқылы тарихи сананы бекіту маңызды деген тоқтамның дұрыстығын қуаттап, алға қойған мақсаттары үшін жауап­кер­шілікпен жұмыс істеу келешекке қызмет ету екенін түйсінгендей болды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

 

Дереккөз: Айқын