Балалар неше жасынан бастап Аяз атаға сенуден қалады?

0

Балалар неше жасынан бастап Аяз атаға сенуден қалады?

Бала кезіңізде Аяз атаға сендіңіз бе? Жаңа жыл келсе сыйлық күтетін бе едіңіз? Бұл сұрақтарға қазіргі Жаңа жылды тойлап өскен жастар жауап бере алса керек.

Жаңа жыл  балалар үшін ерекше мереке. Көптен күткен сыйлықтарын алып мәз-мейрам болады. Тіпті балалар түгіл, ересектердің өзі келер жылдан жақсылық күтетіні жасырын емес.

Бала кезінде көбі Аяз атаның барына сенсе керек. Есейе келе сыйлық алу да сиреп, ақ сақалды шал танысыңа ұқсай бастайды. Ұқсап қана қоймайды-ау, қылықтары мен дауысы да айнымайды. Бір жылы кім екенін тани бастайсың. Осылай-осылай «бұл кісіге» деген сенім жоғала бастайды.

Жуырда ақын әрі журналист Марғұлан Ақан әлеуметтік желісінде «Аяз атаға» хат жолдапты. 25 жастағы жігіттің жазбасы қызық-ақ.

— Құрметті, Аяз ата! — деп басталады хат басы. «Менің жасым жиырма бесте. Осы хатты осыдан жиырма жыл бұрын жазуым керек еді, бірақ ол кезде ондай мүмкіндік болмады. 

Сенің жоқ екеніңді білемін. Сен туралы айтылатын әңгіменің бәрі аңыз әрі әпсана екенін де түсінем. Дегенмен, жазып отырмын… 

Қызық, саған сенетіндердің саны жер бетінде өте көп. Олар саған шынымен сенеді деп ойласаң, қателестің. Олар да саған сенбейді. Тек сенгісі келеді. 

Жалпы саған рақмет айтайын деп осы хатты жазып отырмын. Менің ортамда, менің өркениетімде саған сенбейтіндер сені тек жаман образ ретінде қарастырады. Тіпті, сен туралы сөз болса, діни түсінік алдыға шығып «серік» қосатын құлдардың қатарына енеміз. Не үшін? Саған сенгеніміз үшін. Кейде ойлаймын, бәріміз адамбыз. Алайда, бір елдерде адамдар бақытты әрі бай түсінікте өмір сүреді. Ал, бізде керісінше. «Неге?» деген сұрақты ойлап жүріп, ақыры өзімше жауабын тапқандай болдым. Бәрі сенің арқаң екен, Аяз ата! 

Шетелде ата-анасы баласына хат жаздырады. 5-6 жасар бала «Аяз ата» деп тұрып, арманын жазып жастық астына тығып қояды. Сол хатты әкесі мен шешесі алып оқиды және жаңа жыл кезінде сол сыйлықты не арманды орындауға ат салысады. Жаңа жыл күні бала өзінің арманын орындалғанын көріп қуанады. Бұл үрдіс бала ес білгенше жыл сайын қайталана береді. Есейген кезде ол ақыры «Аяз ата» дегеннің жоқ екенін түсінеді. Бірақ, санасында арманның орындалатыны туралы түсінік пайда болады. Бізде ше? 

Бізде бала түгілі ересектердің армандауына мүмкіндік бермейміз. Бала күнімізде «анау болсақ, мынау болсақ» деп армандасақ күледі не мән бермейді. Саған хат жазып сыйлық сұрасақ, ол орындалмайды. Себебі біздің хатқа жауап беруге ата-ананың уақыты жоқ не жағдайы жетпейді. Міне, осыдан кейін біз өркениетті қоғамдағы балалармен тең дәрежеде қалыптассақ да, олардың алдына түсіп кете алмаймыз. Түйіндеп айтқан кезде, саған сену арқылы балалар арманның орындалатынын миында қалыптастырып, өскенде үлкен шыңдарды бағындыруға ұмтылады. 

«Аяз ата» деген образдың өзін қоғамдық санада белгілі бір жетістікке жету үшін ойлап тапқанын енді түсіндім. 

Рақмет саған, Аяз ата! — деп хатын тәмамдаған. Бұл жеке автордың пікірі. Мұнымен келісу немесе оған қарсы ой айту өз тарапыңыздан болсын.

Қазақтың танымында ертеден келе жатқан Қыдыр ата да бар. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды. 

Қыдыр –  адам бейнелі «әулие», адамзатқа «қамқоршы», «дәулет» беруші. Қыдыр ата ол мұсылман халықтарына тән. Ол — бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып батасын береді. Иә, біздегі Қыдыр ата жайлы түсінігіміз осындай.

Ал Аяз ата түсінігі аты айтып тұрғандай  аяздың, суықтың, қыстың билеушісі саналады. Оны кей елдер Санта Клаус деп те атайды. Ол – адамдар Жаңа жыл мерекесін тойламай жатып пайда болған кейіпкер деп айтылады. Осыдан сандаған жыл бұрын ежелгі адамдар өлген адамдардың рухы тайпаларын жаман нәрселерден аман сақтап қалады деп сенген. Осыған орай отбасы мүшелері оларға алғыс ретінде аздаған сыйлықтар дайындаған-мыс.  

Сіз Аяз ата деген кейіпкер екенін қанша жасыңызда білдіңіз? Айта отырыңыз. Жуырда Эксетер университетінің зерттеушілері Аяз атаға қатысты сауалнама жүргізіпті. Оған 1 000-нан аса ерікті қатысқан.  

Аяз атаға балалар 5 жасында көп сенеді екен. Өсе келе балаларда сыйлық тарқатушы жанға күмән көбейе бастайды. Көп жеткіншектер 8-9 жасында Аяз ата кейіпкер екенін ұғынады.

Балалар Аяз ата жоқ екенін ата-аналарының қателігінен кейін біледі екен. Мәселен сауалнамаға қатысушылар арасында түрлі қызықты оқиғалар баяндалған. Бір бала Аяз ата мен өз атасының қолтаңбалары бірдей екенін аңғарып, күмәні артқан. Енді бір балаға сыйлық бергенде бағасы жазылған қағазды жұлуды ұмытып кеткен.

Ал сіз Аяз атаны күтесіз бе, жас оқырман?


Дереккөз: https://massaget.kz/