Жол мамандығы өз алдына отау құрғаны жөн

0

«Жол қадірін жүрген білер» дейді қазақ. «Жол азабы – көр азабы» дегенді де айтқан біздің аталарымыз. Қазір алысты жақындатып, небір даңғыл жол салынып жатыр. Кейде адамзат игілігі үшін салынған сол жол үшін қаншама адам еңбек сіңіріп, қаншама ғалым күні-түні жұмыс істегеніне аса көңіл бөлмейміз. Жол білімі саласына ден қойып, осы салада профессор атанған тұңғыш қазақ – Бақытжан Мұртазин. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Бақытжан Сәтмағанбетұлы ұйымдастырған «Автомобиль жолдары» мамандандырылған кафедрасы Қазақстандағы жол секторы үшін инженерлік-техникалық қызметкерлер дайындаудың ұстаханасына айналды. Сол кафедраның қажырлы еңбегінің арқасында еліміздің жол саласының кадрлық тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Аталған кафедрадан диплом алған 4000-нан астам инженер қазір еліміздің барлық аймағында, сондай-ақ бірқатар алыс-жақын шет мемлекетте қызмет атқаруда.
Б.Мұртазин Қазақстанда жоғары білім беру тәжірибесінде алғаш рет жол мамандығы бойынша студенттерге арнайы пәндерді мемлекеттік тілде оқытуды ұйымдастырды, алғашқы отандық жол терминология сөздіктерін құрастырды, жолдарды салу, жобалау және пайдалану бойынша қазақ тілінде оқу-әдістемелік құралдарды жазып шығаруға ұйытқы болды. Біз бүгінде 80 деген асуды бағындырғалы отырған ұлағатты ұстазбен әңгімемізді әріден бастадық.

– Бақытжан Сәтмағанбетұлы, «Текті­ден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді ғой, өмір тарихыңызға қарап отырсам, ата-бабаларыңыздың есімдерінің бәрі дерлік Құраннан алынған сияқты. Бірақ туған жеріңіз Ресей жақтан болған соң, әңгімемізді сол тарихтан бастасақ.
– Дін саласында біраз еңбек еткен, елге белгілі ақсақал болған Мұртаза хазірет – менің арғы бабам. Ол кісі ХІХ ғасырдың басында өмірге келген екен. Самарқандағы танымал рухани ағартушы Қожа Ахрор Уәли медресесін бітірген. Қостанай облысының бұрынғы Амангел­ді, қазіргі Наурызым ауданында­ғы Қайғы деген елдімекенде ел азаматтары мешіт салып беріп, сол мешітті бабам ұстаған екен. Кейіннен баласы Абайділдә да молда-ұстаз болған. Өкінішке қарай, Кеңес үкіметі орнаған кезде атамызға «Жаңа үкіметке қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздің» деп жалған кінә тағылып, 1937 жылы ату жазасына кесіледі. Әкем Сәтмағанбет те ұстаздық жолды таңдап, Ресейдің Омбы облысында мұғалім болып қызмет атқарып жүргенде туыппын. Бірақ ата-бабаларымыздың меке­н­і болғандықтан, өзімді қостанай­лық­пын деп есептеймін. Осылайша, Ресей жерінде туып-өсіп, институт бітірдім, жұмысты сол жақта бастап, сосын қызмет бабымен Қазақстанға келдім. Инженер мамандығы бойынша институт бітіргенмен қайтадан аталары­мыз­дың өсиет еткен ұстаздық қызметіне келу арманым болып, аспирантурада оқыдым. Өскемен құрылыс-жол инсти­ту­тында оқытушы, кафедра меңгеру­шісі, декан болып, одан әрі қызметім Алматыда жалғасты. 1990 жылы жаңадан құрылған Алматы автомобиль және жол институты­ның ректоры қызметін атқарып және сол институтты Қазақ көлік және коммуни­ка­циялар академиясы болып қайта құрылғанына дейін басқару міндеті жүктелді. Сондықтан ұстаз болға­ным тарихи заңдылық деп ойлаймын.
– Сөз саптауыңызға қарағанда, ғылым­мен қоса шығармашылыққа жақын адам сияқтысыз, жолшы болғаныңызға өкінбей­сіз бе? Ой түбінде бір «әттеген-ай» жатқан жоқ па?
– Жолшы болғаныма ешуақытта өкінген емеспін. Шығармашылықтан адамын дей алмаймын. Кәсіби тұрғыдан жазу қолдан келеді. Оныншы сыныпта оқып жүргенімде бұрынғы ұстазым, әкемнің әріптесі үйге келгенінде менің оқуға қайда баратыным жөнінде әңгіме болды. Ол кезде жаспыз, өзіндік қалып­тас­қан пікірім де жоқ. Әкем «Мұғалім болатын шығар, математикасы жақсы» деді. Антон Митрофанович Омбыда Сібір автомобиль және жол институты бар екенін, өзінің көрші жігіті осы институтта оқитынын айтты. Сол институттың қабыл­дау комис­сия­сына хат жазып, инс­ти­тут жайлы, қандай мамандықтар дайындайтынын білдім. Бұл институтты бітірген маман­дар­дың шын мәнінде немен айналы­са­тынын нақты білмесем де, сонда барып оқығым келді. Арман­да­ған оқуыма түсіп, мамандық алып, әлі күнге дейін осы жол саласында қызмет атқарып келемін.
1958 жылы Алматыға тұңғыш рет келіп, қала маңайындағы Есік елдімеке­нін­дегі Есік көлінде өндірістік тәжіри­бе­ден өттім. Ленинградта (қазіргі Петербор) да өндірістік тәжірибеден өткен болатынмын. Студент кездің өзінде Ленинградтың Эрмитажын, басқа да музейлерді, Пушкиннің лицейін аралап, сол сияқты көптеген тарихи нысандармен, өлке-өңірлермен таныса алдым. Кейін мамандығыма байланысты Кеңес Одағының көптеген жерінде болуға мүмкіндік туып, конференция­ларға қатыстым. Сондықтан осы салада білім алып, осы саланы таңдағаныма ешқан­дай өкінішім жоқ.
Аспирантураны бітіргеннен кейін Алматыда қалғым келген. Бірақ Білім министрі Қали Біләлов «Біз сені аспи­ран­ту­рада не үшін оқыттық? Өскеменге барғаның жөн. Ол жақта маман тапшы» деп кеңес берді. Өскемен­де оншақты жыл жұмыс істедім. Алматыда сол кездері жалпытехникалық факультет болатын, сонда кафедра ашып, көптеген түлектер білім алып, бүкіл елімізге жол саласының мамандары дайындалды. Жол саласын көтеріп, дамытуға біраз да болса үлес қосып, еңбек еткеніме қуаныштымын.
– Көзі қырағы оқырман сізді үлкен жүректі ұстаз, қабілетті басшы, жол сала­сында өзіндік орны бар ғалым деп жатады. Ал өзіңіз «Бақытжан Мұртазин кім?» деген сұраққа қандай жауап айтар едіңіз?
– Ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқар­дық, бірақ қандай ұстаз болғанымды тарих, шәкірттерім айтар, шәкірттерімнің істері дәлелдер дер едім. Қазір жол саласында да ғалымдар көбейді. Ғылыми жетекшім Валерий Бабков кезінде «Жолды жобалағанда адамның психоло­гия­сын ескеру қажет, осы бағытта ізденіс­пен айналыссаң қалай болады?» деп ұсыныс жасаған болатын. Соған байланысты Кеңес Одағында осы саладағы адам психологиясын зерттеуге алғашқы ізденіс жасаған адамның бірі болдым. Сол үшін жүргізушілердің жоғары жүйке физиологиясын зерттеп, талдау жасадым. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде білімімді жетілдіріп, дәріс алдым. Соның арқасында жұмысымда жүргізушілердің тек қана айтылған сөзіне ғана емес, физиологиялық деректерге сүйеніп, жолдың қауіпсіз болуын, жолдың адамға, экономикаға тиімді болу жолдарын іздестірдім. Осы жұмыстың нәтижесі 1968 жылы Прагада өткен ХІV Бүкіл­әлем­дік жол конгресінің еңбектерінде жарияланды. Бұл дүниежүзі бойынша осы бағыттағы бірінші жарық көрген жұмыс болды. Ғылымға қосылған жұмысым осыдан басталды.
Жоғары оқу орнының педагогы есебінде Алматыда жол кафедрасын ашып, соны басқардым. Біраз маман дайындадық. Бізде бұрын жол саласында өз елімізден шыққан азаматтар өте сирек болатын. Сырттан келген мамандар көп тұрақтамайтын. Инженерлік білімі болғаннан кейін басшылық қызметтерді де көбіне солар атқаратын. Осы салада өз мамандарымызды дайындауға аса мән бердік. Бұл жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның жол мекемелері маман мәселесінде тәуелсіздікке қол жеткізді.
– Қазіргі қазақ еліндегі жоғары оқу орындарындағы автомобиль жолы саласына мамандар дайындау ісіне көңіліңіз тола ма? Қандай жаңалық қосар едіңіз?
– Біздің кезімізде бәрі жақсы еді, қазір төмендеп кетті деуден аулақпын. Жасалып жатқан істерге тек қана сын көзбен қарағанды онша ұнатпаймын. Қалай дегенде де жол саласында көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Қазіргі жағдайдағы мүмкіншілікті пайдаланып, жол саласын әрмен қарай дамытуымыз керек.
Қазір жоғары білім саласында жаңа білім жүйесіне көштік. Бұрынғыдай инженерлік маман дайындау біздің саламызда жоқ, енді бакалавриат және магистратура деп екіге бөліп жатырмыз. Бакалавриатын бастадық, бірақ магистра­тура әлі дамыған жоқ. Магистратураны тек қана ғылым жағына қарай дайындаған секілді боламыз. Олай болмауы керек. Тіпті өндіріске де магистранттар қажет. Магистранттарды тек қана бір бағытта емес, жан-жақты өндіріске қажет тақы­рып­тар, бағдарламалар бойынша дайын­дауы­мыз керек. Өндіріс пен ғылымды біте қайнастырып, екеуі бірін-бірі толық­ты­ра­тын­дай, бірінің пайдасын екін­шісі көре­тін­дей болуы қажет. Сондықтан бұл бағыт­та жаңа білім жүйесінің әлеуетін әлі толық пайдалана алмай келеміз. Бұл – бір.
Екіншіден, білім жағы тұрақтылықты, консервативтік көзқарасты жақсы көреді. Соны ескеріп, «Қандай нәтижеге жеттік, келешекте оны қолдануға бола ма, әлде сәл-пәл өзгерту керек пе?» деген оймен қараған дұрыс сияқты. Ал енді жыл сайын реформа жасап, биыл ананы өзгерттік, келе­р жылы мынаны өзгертеміз деп ре­фор­­малата берсек, онда білімнен ештеңе қал­майды. Одан аулақ болу керек деген пікірдемін.
Жол саласына маман дайындау жағына келер болсақ, қазір біз маман­дарды тек қана бір бағытта дайындаймыз. Ол – жол құрылысы саласы. Біз диплом алған мамандар тек қана құрылыс саласында жұмыс істемейтінін ескермей келеміз. Жол салу бір міндет болса, оны алдымен жоба­лау керек. Оны пайдалану, жөндеу, ғылы­ми жағынан зерттеп, оның эконо­ми­ка­сын талдауға тиіспіз, қауіпсіздігінің өзі бір төбе. Бұл жолшылар жан-жақты маман болуы керек деген сөз. Қазір жоғары оқу орындарында оқу уақыты шектелген, төрт-ақ жыл. Ал кәсіби жағынан оқытатын пәндер жоғары курстарда жүргізіледі. Сондықтан бағдарламаны оқу жоспар­ла­ры­на толық енгізе алмаймыз. Оқу мерзімі шектелген­нен кейін ол пәннің көбі қысқартуға ұшырап, атүсті оқытылып жатыр. Тек қана жол құрылысы саласымен шектел­мей, жоғарыда айтқанымыздай пайдалану, қауіпсіздік, құрылыс материал­дары­ның технологиясын, жолды жоба­лау­ды да ескеру керек. Курстық жұмыстар саны да шектеліп қалды. Мұндайда білімнің, маманның деңгейін көтере алмаймыз. Дегенмен осыларды есептеп бакалавриат­та да, магистратурада да оқу бағдарлама­ларына қажетті өзгерістер, толықтырулар енгізу керек деп ойлаймын.
Елімізде автокөлік жолдарына қаржы жағынан да, қоғамның көзқарасы жағынан да үлкен мән беріліп келеді. Бұл – өте орынды. Қазір соның нәтижесін көре бастадық. Бағдарламалар әлі де әрмен қарай дамиды. Соны іске асыратын мамандар қажет.
Жолдарды салу, пайдалану, жобалау жұмыстарымен автокөлік жолдары мамандығын бітіргендер айналысады. Олар – біздің шәкірттеріміз. Бірақ елімізде соларға арнайы білім беру жағының мүмкіндігі азайып отыр. Неге? Өйткені автомобиль жолдары мамандығы қазір білім беру классификациясында жоқ. Оны көліктік құрылыс мамандығына енгізген. Бұл дұрыс емес. Сондықтан көліктік құрылыс мамандығының ішінен автокөлік жолдары мамандығын бөліп, қайтадан жаңғырту керек. Осы саланың маманы болғаннан кейін көрпені өз жағына тартып жатыр деген сөз емес.
Бұл – өмірдің қажеттілігі. Өйткені автокөлік жолдары мамандығының ерек­ше­лігі көп. Оны теміржолмен салыстыруға бол­майды. Теміржолға битум мен асфальт­бетон материалдары­ның физи­ка­лық қасиеттері қажет емес. Ал бұл авто­көлік жолында күнделікті қажет білім. Соның бәрін есептей оты­рып, осы маман­дықты көлік­тік құры­лыс маманды­ғы­нан бөліп шығарған жөн.
– Кейінгі жылдары еліміз жол саласына көп көңіл бөліп келеді. Әйтсе де, осы салада не ескерілмей қалып жатыр?
– Былтырдан бастап тек магистралды жолдарға емес, жергілікті жолдарға да мән бере бастадық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа­сын арттыру» атты биылғы Жолда­уын­да жергілікті жолдарды қалпына келтіру жайы айтылды. Жергілікті жолдар үшін жыл сайын 150 миллиард теңге қаржы бөлу тапсырылды.
Елбасымыздың автомобиль жолдары­на байланысты бастамалары тек қана жолшылардың емес, бүкіл халқымыздың көңілінен шығып отыр. Бұрын тек картада белгіленген бағыттар енді жер бетінде көліктер жүйткіп жүретін жолдарға айналғаны пайдаланушыларды сүйсін­діреді. Бұл – қолға алынған үлкен істің бастамасы ғана. Әлі талай мемлекеттер, өлкелер мен ауыл-селоларды жақындата­тын үлкенді-кішілі жолдар салынады. Сол жолдарды жобалау, салу, пайдаланудағы жолдарды күту, жөндеу істерімен айна­лысатын мамандар тапшылығы әлі де сезіліп тұр. Оларды оқыту, білімін жетіл­діру – ерекше маңызы бар мәселе­лер. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуындағы автомобиль жолдарының рөлін ескере отырып, республикамызда арнайы мемлекеттік Автомобиль және жол институтын құру қажет деп ойлай­мын. Бұл бағытта маман дайындайтын жекеменшік оқу орындары баршылық. Бірақ олардың негізгі мақсаты – бизнес. Ал оқу стандарттарының деңгейін, оқу жоспарларының, оқу бағдарламала­рының мазмұны мен сапасын талдап, бұл құжат­тарға мезгілімен қажетті өзгерістер мен жаңалықтар енгізу, заман талабына сай оқулықтар мен оқу-әдістемелік құрал­дарды бекіту мемлекеттік көзқарас­ты талап етеді. Көршілеріміз 1972 жылы құрылған Ташкент автомобиль және жол институтының статусын өзгертіп, қазір оны Ташкент автомобиль жолдарын жобалау, салу және пайдалану институты деп қайта құрыпты. Бұл қадам автомобиль жолдарының экономикадағы рөлін ескеріп жасалған маңызды шара деп есептеймін.
– «Жақсы ұстаз шәкіртімен мақта­нады», сенім артатын шәкірттеріңіз туралы өз аузыңыздан естісек.
– Шәкірті ұстазынан озбаса, ол ұстаздың осалдығы шығар. Аллаға шүкір, мақтауға, мақтануға тұрарлық шәкіртте­рім баршылық. Олардың ішінде жауапты мемлекеттік қызмет атқарып, жол сала­сын­да жобалау, салу, пайдалану бағыт­тарын­да еңбектеніп, бизнесте, ғылым мен білім саласындағы табыстарымен қуан­тып жүргендер бар. Солардың ішінен топ­жарғандарды атап өткім келеді. Олар – Дінмұхамед Ыдырысов, Замир Сағы­нов, Амангелді Беков, Нұрланбек Өмір­баев, Сәтжан Аблалиев, Ұлан Әліпов т.б. Қазақстандық жолшылардың арасында алты адам ғылым докторы дәрежесіне ие болса, соның төртеуі – менің шәкіртім. Соның ішінде Бағдат Телтаев Қазақстан жол ғылымының көшбасшысы ретінде өзінің ғылыми еңбектерімен, ашқан жаңалықтарымен, дүниежүзілік форум­дарда жасаған баяндамаларымен әлем жолшыларына танылып отыр. Шәкірт­терім­нің көбі осы күнге дейін өздерінің мамандықтарына сай жолдарды жобалау, салу және пайдалану жұмыстарымен айналысып келе жатқаны қуантады. Олардың тізіміне жүздеген адамның есімі кіреді…
– Еліміз еңселі, ұрпағымыз ұлағатты, егемендігіміз баянды болу үшін неге көбірек көңіл бөліп, басымдық беруіміз керек?
– Меніңше, ол – білім мен тәрбие. Екеуінің де деңгейі қатар өскені дұрыс деп есептеймін. Осы екі саланы тең ұстасақ, Қазақ елі ары қарай дами береді. Әлемге белгілі болып, жақсы жағымен танылады. Заманға сай салт-дәстүрлері­мізден айырылып қалмау қажет, ал кейбір анахронизмге айналып бара жатқандары­нан арылған жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Дереккөз: Айқын