«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – ұлттық идеологияны жүйелеудегі басты құрал
Мұнда Елбасы қазақ халқының негізгі тарихи құндылықтарын ұлттық дамудың платформасына айналдыруды ұсынып отыр. Археологиялық деректерге сүйене келе, қазақ жерін мекен еткен энеолит дәуіріндегі тайпалардың адамзат дүниесінде алғашқы болып, жылқыны тұрмысқа, жауынгершілікке үйретіп, сан ғасырдан бергі бабаларымыздың ұлан-ғайыр жерімізді жаудан қорғағанда сенімді серігіне айналған маңыздылығын басымдылықпен айтқан. Елбасының бұл бастамасынан әрбір қазақ жылқының қасиетін білуге және білгенін ұрпаққа жеткізуі тиіс. 6 мың жыл бұрын өмір сүрген грек тарихшысы Геродоттың, Италия саяхатшысы Марко Полоның жазбаларында қымыздың пайдасы туралы айтылған. Біз де күнделікті өмірімізде осы байырғы ұлттық сусынымыздың маңыздылығын саналы түрде ұғынып, көпшілікке насихаттап, қазіргі адам денсаулығына кері әсерін беретін сусындардың орнына пайдаланып, құнарлы сусынымызды насихаттап, брендке айналдыруымыз керек.
Әрбір қазақ ең бірінші өзінің және отбасының денсаулығына, одан кейін рухани құндылықтарына аса зейінмен қарауы тиіс. Себебі, бір отбасының мүшелері дені сау, рухани толық болса, бұл мемлекет үшін маңызды құндылық. Рухани азыққа, оның ішінде ұлттық рухқа қанығып өскен ұрпақ ертең еліне адал, ұлт жанашыры болары сөзсіз. Елбасы мақаласы ұлттық кодты айқындайтын тарихи платформа құрып отыр.
Осы платформаны негізге ала отырып, мемлекеттік идеология бір жүйеге түсері сөзсіз. Өйткені біз сонау атқа міну мәдениеті, металлургия, аң стилі, алтын адам секілді ұғымдарды философиялық ойдың жатқандығын аңғарамыз. Мұнда бабалар тарихынан нәр алып, оны күнделікті өмірінде пайдалануға ой салады. Мақалада тарихи құндылықтарды негізге ала отырып, екінші бөлімде оларды мемлекеттік деңгейде нақты қай бағытта, қалай іске асыру жүйесін анық көрсеткен. Архивтің 7 жылдық бағдарламасын дайындауды ұсынып отырғаны қазақ тарихы жан-жақты жинақталады дегенді білдіреді. Одан барып зерттеу жүмыстары жүргізілетіні сөзсіз. Кино саласында да көрнекті тарихи-тұлғалық деректемелерге сүйене отырып, толық сюжет дайындауды ұсынған. Мұнда біздің өлкемізде батырлар жырының бастауы болған Қобыланды батыр, жоңғар шапқыншылығында ел қорғаған, халқына пана болған Әбілқайыр хан, Есет Көкіұлы, Бөкенбай батырлар және т.б. батырлардың тұлғалық үлгісін заманауи түріктерді араластыра отырып, ой түйсігіне мына бізге жеткен ұлан-ғайыр жер мен бүгінгі егеменді ел болғанымыз осы Ұлы даламызды қорғаған бабаларымыздың еңбегі мен батырлығын жеткізуіміз керектігін баса көрсеткен. Елбасының мақаласы тарихшы, өлкетанушылардың көптен күткен ойларының жүзеге асуына мемлекеттік тұрғыда тапсырма берді.
Музей саласына келетін болсақ, ұлттық құндылықтарымыз сақталып отырған музей қорындағы әрбір құнды жәдігердің тарихын насихаттау, осы Ұлы дала тұлғаларын зерттеу, олардың өмірін көпшілікке паш ету жұмыстарына үн қосатынына сенімдімін. Сонымен қатар, шалғай аудандарда көнекөз қариялардың ауыздан-ауызға жеткен кейбір жыр-дастандарды сарғайған дәптерге жазылған болуы мүмкін. Соларды іздеп, әдейілеп кешенді экспедициялар жасап, музей қорын тың деректермен толықтыруға бастама боларына сенімдімін.
Айнұр Мақсатқызы,
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі археология және этнография бөлімінің меңгерушісі
Дереккөз: http://egemen.kz/