Мынау тойып алған ғой: Жамбыл облысында полиция қызметкері жол апатына себеп болды (видео)
Жамбыл облысында полиция қызметкері мас күйінде көлік жүргізіп, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Салдарынан жол апаты орын алып, «Ауди» маркалы көлікке соғылыпты, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.
Желіде полиция қызметкерінің ішімдікке сылқия тойып алып, жол апатына себеп болған видеосы тарап кетті.
«Қара ана жаққа, адам өлсе не боласың? Тойып алған ғой мынау», – дейді кадр сыртындағы адамдар.
Оқиғадан кейін сол маңдағы куәгерлер полицейді телефонның камерасына түсіріп, жанталасумен болды. Ал тәртіп сақшысының өзі мас болғанын қарамастан, есін еміс-еміс білетін сияқты. Себебі өзін камераға түсіргендерге бетін көрсетпеуге тырысумен болды.
Абырой болғанда, жол апатынан ешкім зардап шеккен жоқ. Алайда апатқа себеп болған полиция қызметкері оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Оның қашып кетуіне куәгерлер жол бермеді.
Анықталғандай, 30 жастағы ер адам Шу ауданындағы полиция бөлімінде аудандық учаскелік инспектордың көмекшісі болып қызмет етеді екен.
Бүгінгі таңда ол қызметінен уақытша босатылды.
Источник: Stan.kz