Мүлікті тіркеу – қауіпсіздік кепілі

0

Әкімшілік жауаптылықты алып тастауды ұсынды

Үкімет сағатында баяндама жа­саған Әділет министрі Марат Бекетаев жылжымайтын мүлікті уақытында тіркеп-тіркемеудің артықшылығы мен маңызы жоғалғандығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл норма 2007 жылы салықтық әкімшілендіру және халықты жылжымайтын мүлікке өз құқықтарын тіркеуге мәжбүрлеу мақсатында енгізілген.

– Өз кезегінде, мемлекет мү­лік­ті заңдастыру бойынша екі акция өткізді, сондай-ақ мемлекеттік қыз­меттер көрсету тәртібін оңтай­лан­дыру жөнінде шаралар қабылданды. Нәти­жесінде соңғы жылдары осы құрам бойынша аздаған әкімшілік іс қоз­ғалғандығы байқалады. Осыған орай жылжымайтын мүлікке құ­қық­тарды тіркеу мерзімін өткізіп алған­дығы үшін әкімшілік жауаптылықты алып тастау туралы мәселені қарау ұсынылады, – деді Әділет министрі.

Министрдің айтуына қарағанда, жылжымайтын мүлікке құқықтарды мем­лекеттік тіркеу функциясын әді­лет органдары 2007 жылдан бастап жүр­гі­зуде. Осы уақыт аралығында жыл­­жы­май­тын мүлікке құқықтарды мем­ле­кеттік тіркеу саласы жаңа тен­ден­циялар және халықаралық тәжі­рибе негізінде жүйелі түрде жаңар­тылған. 

– Жыл сайын елімізде орташа ал­ғанда жылжымайтын мүлікке 1,7 миллионнан астам құқықтар тіркеледі. Сон­дай-ақ он миллионнан астам элек­тронды форматта анықтамалар бері­леді. Бұл көрсеткіштер жыл сайын өсуде, – деді М.Бекетаев. 

Әділет министрі жылжымайтын мү­лік құқықтарын мемлекеттік тір­кеу әділет органдарына берілген уа­қыт­тан бергі жетістіктерді де толық қам­тып өтті. 

Тіркеу ісіне жаңа технологиялар қажет

Жалпы, бұл сала Мемлекет бас­шы­сының мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін барынша оңтай­ландыру, осындай қызметтерді автоматтандыру арқылы әкімшілік кедергілерді азайту, мерзімдерді және сұратылатын құжаттардың санын қысқарту бойынша тапсырмаларын орындау үдерісімен ілгерілеп келеді. Осы орайда Әділет министрі жылжымайтын мүліктерді тіркеу мерзімінің 15 күннен 3 күнге дейін қысқартылғандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар мүлікті тіркеу үшін азаматтардан бар-жоғы екі ғана құжат талап етіледі.

Оған қоса мемлекеттік қыз­мет­терді ұсыну бойынша бизнес-про­цес­терді автоматтандыруда елімізде ең алғашқы жобалардың бірі болған «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қоры жұмыс істеуде.

– Қазіргі таңда жылжымайтын мү­лік тіркелімімен мемлекеттік орган­дардың 28 ақпараттық жүйесі бірік­тірілген. 2015 жылдан бастап но­тариустар куәландырған барлық мә­мілелерге құқықтарды электронды тіркеу енгізілді. Бұл мәмілелер бір күн ішінде тіркеледі. Осылайша әр­бір төртінші тіркеу электронды фор­матта жүргізіледі. Құқықтық кадас­тр­дағы анықтамалар түріндегі бар­лық ақпараттық қызметтер элек­тронды форматқа ауыстырылды. Бұл E-gov шеңберіндегі қыз­мет­тер арасында қажеттілігі жағынан екін­ші қызмет болып табылады. Күн сайын отыз мыңнан астам ақпарат­тық анықтамалар беріледі, – деді М.Бе­кетаев. 

Министр осылай дегенімен, Үкі­мет сағатында қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әб­діров саладағы әлі де шешімін табуы қажет мәселелерді жіктеп берді. Оның айтуына қарағанда, депу­таттар осы жиын алдында мәселені те­реңнен зерттеу мақсатында бірқатар талдау жасаған. Оның нәтижелері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ісінде заңнамалық және ұйымдастыру сипатындағы жетілдіруді қажет ететін кемшіліктер анықталған.

Атап айтқанда, біріншіден, жер қоры туралы мәліметтердің бір­тұ­тас ақпараттық дерекқорын қалып­тас­тыру және жер мәселесіндегі түйткілдерді шешу қажет. Бұл жө­нінде Елбасының биылғы Жол­дауында нақты тапсырма берілген болатын. Өйткені қазіргі уақытта жылжымайтын мүлік нысандарына құқықтарды тіркеу жер те­лімдеріне құқықтардың есебінен бө­лек жүргізілуде. Екіншіден, мәмілелердің заңға сәйкестігін тексеруді, меншік құқығын қорғауды жетілдіру қажет. Мұның сыры мынада – қазір тапсырылған құжаттардың сәйкессіздігі мен техникалық қате­лікке жол берушілерге ешқандай жауапкершілік көзделмеген. Үшін­шіден, жылжымайтын мүлік пен оның иелеріне қатысты ақпарат әлі жабық күйінде қалып отыр. Әлем­дік тәжірибеде, оның ішінде көр­шілес Ресейдің өзінде мұндай мә­лімет – ашық. Төртіншіден, сыбай­лас жемқорлықтың алдын алу мақ­сатында немесе оған жол бермеу үшін жылжымайтын мүлікке құ­қық­тарды тіркеу мақсатында блокчейн технологиясын жедел түрде енгізу керек. 

Н.Әбдіровтің ұсыныстарына Мә­жі­ліс Төрағасының орынбасары Вла­­димир Божко да толық қолдау біл­­дірді. Жүргізілген реформа – бұл қол­даныстағы екі кадастрды біріктіру арқылы бірыңғай кадастрды құруға жасалған алғашқы қадам.

Үкімет сағаты барысында ақпарат берген Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының төр­ағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, жылжымайтын мүлікке құ­қықтарды мемлекеттік тіркеу атал­ған ұйымға өткелі бері барлығы 700 мыңнан аса қызмет көрсетілген. 

Бүгінде аталған саладағы қыз­метті электронды тәсілмен алушылар саны артқан. А.Оспановтың айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгертулерге сәйкес, Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі көрсеткіштерін жақсартуға ба­ғыт­талған жұмыстар аясында жаңадан салынған жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық зерттеу жүргізілмейтін болған.

Үкімет сағаты барысында депутаттар құзырлы орган басшыларына тақырып бойынша сауалдарын беріп, талқылауларға қатысты.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/