Терроризмнен қорғану талаптарына бей-жай қараған басшылар жауапкершілікке тартылды

0

Талдықорған, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері лаңкестік кезінде осал нысандарды тексеру жұмыстарын аяқтады. Тексеру барысында кейбір мекемелердің жетекшілеріне 8 миллион айыппұл салынды.

«Қазіргі таңда 1412 мекеме тексерілді. Терроризмнен қорғану талаптарына бей-жай қараған 31 нысанның басшысы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 11 білім беру ұйымы, 7 қоғамдық тамақтандыру нысаны және бірқатар сауда, мәдениет, денсаулық сақтау және су шаруашылығы нысандары бар. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 8 миллионды құрады. Сонымен қатар, біздің тексерулер нәтижесінде анықталған кемшіліктерді түзету туралы 413 нұсқау берілді»,- деп хабарлайды Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, аталған тексеруге облыстық Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы ұйтқы болған. Олар биыл дәстүрлі емес дін ұстаушыларының қатысы бар 20 қылмысты анықтаған.

«Анықталған фактілер жалпықылмыстық сипатқа ие. Оның ішінде қорқытып алудың 2 дерегі, заңсыз медициналық қызмет көрсетудің 2 дерегі, қарақшылықтың 3, адам тонаудың 1 дерегі бар. Сондай-ақ, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, алаяқтық, зорлық көрсету, ұрлық, қару-жарақты және есірткіні заңсыз сақтау сияқты заңбұзушылықтар бар. Әкімшіліқ заңнаманы сақтау бойынша 9 заңбұзушылық анықталды. Олар экстремистік сипаттағы материалдарды сақтау, тіркелмеген діни ұйымдардың қызметіне араласу және т.б. деректер бар»,- деп атап өтті баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, облыстық тәртіп сақшылары биыл лаңкестік акті туралы жалған хабарлама берудің екі дерегі тіркеліп, «телефон әзілкештері» ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылғанын айтты.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ