Қожанасырдың үйі неге құлады?

0

Қожанасырдың бір үйі болыпты. Бір күні Қожанасыр үйіне:

– Сен де біраз өмір сүрдің. Құлайтын шағың да таяды. Кел, сенімен бір келісімге келейік, сен маған қашан құлайтыныңды айт, мен де сенің астыңда қалып қоймайын, – дейді. Үй де:

– Келістік, – депті. Арадан біраз уақыт өтеді. Бір күні үйдің шаңырағы ортасына түседі. Құдай сақтағандай, үй құлағанда Қожанасыр сыртта болыпты. Кешке таман үйіне оралған Қожанасыр үйінің халін көріп:

– Сенімен қалай келісіп едік, құлайтын уақытыңда хабар беретін болып едің ғой?» – дейді. Үй де:

– Мен саған талай рет ескерткен едім. Бір күні қабырғам жарылды, одан кейін сылағым түсті, біраз уақыттан соң кірпіштерім түсе бастады. Мұның бәрі құлайтынымның хабары еді. Біздің тіліміз осындай, түсінбеген өзіңнен көр, – депті.

Қожанасырдың бұл мысалы көп жайтты аңғартса керек. Жалпы, басқа келетін бәленің ешқайсысы ашықтан айқайлап келмейді, сыр беріп келеді әрі белгілі бір уақыт пен процестерден өтіп келеді. Қоғамның құлдырауы да, мемлекеттің құлауы да дәл солай. Ауру мысқалдап кіріп, батпандап шығады. Қоғамдық дерт те дәл солай. Дер кезінде аңғарып, дертіне шипа таппасаң, бір-ақ күнде омақасынан түсуі мүмкін.

Бүгінде қоғам ішінде арсыздық деп білетін нәрселердің қалыпты жағдайға айналуы белең алып отыр. Бұған қарсы тыйым да, жаза да болмай тұр. Жалаңаштануға жол берудің арты, әурет пен ұяттың шымылдығын жыртып тастады. Ең сорақысы бұны заңдастыруға тырысып та жатырмыз. Мәселен, мектептегі формалардың қысқа етекті боп келуі бұған мысал. Бұл өз кезегінде 16 жастан бастап зинақорлықпен некесіз бала тууға әкеп соқты. Ал мұның арты 16 жастан бастап аборт жасатуға рұқсат беретіндей жағдайға әкеліп отыр. Оның артынан да солаң етіп мүшеқап мәселесі шыға қалды. Бұл мәселелердің барлығы жас жеткіншектердің бойынан ұят деген сезімді өлтіруге бағытталған шаралар. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ұялмасаң, ойыңа келгенді істе», – деген алғашқы пайғамбарлардан бері халық аузында келе жатқан бір сөз бар», – дейді.

Әлем ақиқат пен жалғандықтың, ізгілік пен азғындықтың, жақсылық пен жамандықтың күресінен тұрады. Ақиқат діннің жаршысы болған мұсылманның міндеті  де – «жамандықтан тыю, жақсылыққа шақыру». Мұсылман қоғамы болғандықтан мұндай азғындықтарға бей-жай қарау мұсылманға жараспайтын мінез. Алайда, ғапылдықтың терең ұйқысында жатқан мұсылмандар мұны сезбес халге келді. Сол үшін де мұндай проблеманы түбінен іздеудің орнына жаба-тоқу әркімге оңайға тиіп тұр.

Түпкі көліктің ақауы табылғанда жанатын қызыл шамды ақауды жөндеуге ерініп, жанған шамды бұрап алып тастайтын шопырдаймыз. Мәселе мұнымен шешілмейді. Керісінше асқына түседі. Бүгінде қоғамдағы шешімі табылғандай көрінетін көп мәселенің механизмі дәл осындай. 16 жастап бастап аборт жасатуға рұқсат беріп, мүшегеқап кигізумен мәселе шешілетіндей көрінгенімен, үлкен қасіретке жол ашқалы отыр. Ол қасірет – «ұят» деген нәзік перденің жыртылуы.

Мұның барлығы бізге Қожанасырдың үйін еске салады. Қоғам атты үйіміздің қабырғасы жарылып, сылағы түсіп, кірпіші сөгілгенін қазірден аңғарып, әлден алдын алмасақ, шаңырағымыз ортасына түскенде бәрі кеш болады.

Сұлтан КЕРІМ

Дереккөз: http://kazislam.kz/