Қобыз жасауды үйрену үшін басымды қатерге тіккенмін (Фоторепортаж)
Біз кіріп келгенде шебер «Өмір жаңғырығы» атты туындысын ою үстінде екен. Қолына алған кез-келген дүниеге бар ынты-шынтысымен кірісетіні көрініп-ақ тұр.
Кезінде Шымшаһардағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет колледжін ағаш өнері мамандығы бойынша тәмамдаған Мұратәлі аға қазіргі таңда қу томардан түйін түйген шебер.
Ежелгі түркілік мифологияға сүйеніп, өз ой-қиялымен астасқан бұл туындыда ол табиғат пен етене жақын ұлтымыздың өмір-салтын көрсетуге тырысыпты.
Көркем туындыға ғаламшардың төрт құбыласын шарлап, «Мәңгілік өмір» іздеген Қорқыт бабаның ажалмен айқасқан сәттері түсірілген.
— Аға, қолөнерге құмарлық қалай қалыптасты?
— «Жас шағымызда кинотеатрлардың алдында ілулі тұрған жапсырма (Хабарландыру) қағазды байқатпай жыртып алып, үйге келгесін Брюс Лидің суретін салып, оны ойып, құрбыларыма 5-10 тиынға сататынмын. Бала кезімде ауылда атамның жас шыбықтан шарбақ тоқығанын көріп өстік. Өнерге алып келген де осы қызығушылық пен еліктеулер шығар», деді шебер.
Құмқағазбен ысқыланған композиция сәт сайын көз қыздырып барады. «Қандай ағаштан?», деп қоямын арасында.
— «Көбінде шеберлер қолөнер бұйымдарына қажетті ағаш материалдарын жаз айларында кесіп алады. Бұл мезгілде ағаш діңінде су мол болғандықтан тез жарылып кетеді. Сондықтан өзіме қажеттіні күздің соңғы айлары ағаш «ұйықтаған» мезгілде аламын. Сосын, ақталған ағашты суға салып қайнатып, құрамындағы артық заттарды шығарып, көлеңкеде кептіремін. Мынау, «Өмір жаңғырығы» атты композиция осылай сұрыптаудан өткен қайыңнан жасалған”.
Мектеп қабырғасында сынып жетекшіміз «өскенде кім боласың?» — десе, -«Суретші боламын» — деп тақылдайтынмын дейді Мұратәлі аға. 1992 жылы нағашысының айтуымен көркемсурет колледжінің ағаш өнері мамандығына оқуға түседі. Алғашқы жылын бозбалалықпен өткізген ол екінші курстан бастап қобыз жасауға әуестене бастапты.
«Өнер адамы ешқашан қанағаттанбауы керек. Сондықтан дайын туындыларымның өзіне де кейде қосымша өзгерістер енгізгім келіп тұрады» — дейді.
Қызықтың көкесі қобыз жасауды үйренуден басталды. Ол жылдары колледжде кілең армиядан келген жігіттер оқыды. Қолы қарулы жоғары курс студенттері ағаштан қобыз шабатын. Бізге өнерлерін көрсетпейді. Сонымен не істеу керек? Күн суық. Жатақхананың бесінші қабатынан белімізге көрпе-жастықтың тысқабын байлап түндерде өнер «ұрлауға» көштік. Біріміздің қолымыз талғанда кезекпен екіншіміз түсіп, көретінбіз.
Олар да әккі. Сырт көзге түсе бермес үшін терезелеріне газет жапсырып тастайтын. Соның саңлауынан болса да қобыз жасау процестерін көріп алатынбыз.
Алайда, «смена» ауысқан сәттегі тұстарын көре алмай, тіпті, өз ойымызды қосып жіберетінбіз. Сол машақатты ізденістің арқасында төрт жылдықты қортындылап, дипломдық жұмыс ретінде декоративті қобыз жасап шықтым. Қобыздағы екі ішек бір нүктеден шығып, қайтып екінші тұсқа тұйықталған. Хақ Тағала адам баласының өмір соқпағына дәл осындай ақ-қара (жақсы һәм жаман) жолдар берген. Таңдау өз еркінде. Бірақ, қай жолмен жүрсе де жететінің жер бесік. Жалпы бұл дипломдық жұмысымда осы өмір философиясын көрсетуге талпындым. Бүгінде өнердегі тырнақалды туындым ауылдағы қарашаңырақта тұр.
1997 жылы төрт жылдықты тәмамдап, аладорба арқалаған нарықтық кезеңде күнкөрістің қамымен бесік жасап сатуға шығарыпты. Бір күні базардағы егделеу апай: «Әй, балам мынауыңды кім алады? Онан да жөні түзу шаруамен шұғылданып бала-шағаңды асырасаңшы» деген соң сүргі, тезін тастап, вокзал жағалап жұмыс істепті. Кейіннен өнерге деген құштарлықпен базар маңынан шағын үйшікті жалға алып, сонда қолөнер бұйымдарын жасап, саудалаумен айналысыпты.
«Қол қалт етсе, шығармашылықпен айналысамын. Шығармашылық ол аңызбен астасқан қиялымдағы дүниелер. Санамда әбден пісіп жетілген ойды ағашқа ойып түсіру үшін көп қиналмаймын. Қиналатыным, сол ойларды бір арнаға тоғыстыру. Ыждағаттылық пен сабырлылық, сұлулыққа деген құштарлық көркем дүниелерімнің жарыққа шығуының түп қазығы».
«Табысты ердің артында мықты әйел тұрады» демекші, жары ас-суын дайындап, ұл-қызын тәрбиелеп, шығармашылықпен алаңсыз айналысуына жағдай жасап отырады екен. «Қас-қабығымнан жазбай таниды. Ыммен түсінісеміз», дейді Мұратәлі аға әзілдеп.
Әрине, қол ұстайтын дүниенің құны да арта түсері анық. Ағарған құятын кесенің өзі 5-10 мың теңгеден басталып, төре табақтар 70-80 мың теңгеге жетіп жығылады екен. Міне, «шебердің қолы алтын» деген осы шығар.
Тек табыс табуды ғана көздемеймін дейді Мұратәлі аға. Үнемі ізденісте жүргенді ұнатады екен. Тіпті, қолынан жасалып шыққан астаудың қақпағын да кәдеге жаратып, жеміс-жидек салатын ыдыс етіпті. Сыртына түліктің кепкен сүйегінен бедерлі ою салыпты. Көрінісі көз тартады.
Жасыратыны жоқ, ас үйдің сөресінен ағаш ыдыс «үркіп» кеткелі қашан?. Қалғаны қытайдың темір-терсегі мен әйнегі, пластмассадан жасалған бұйымдары.
Әрине, қолдан келсе ағаш ыдыстан адал ас ішкенге не жетсін?! Алайда, қолөнер бұйымдарының бағасы қалтаға ұратыны тағы бар…
таңда шебердің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқтарға тапсырыс берушілердің қатары көп көрінеді. Әңгімеміздің қызды-қызуымен шеберханаға аларман келгенін байқамай қалыппыз.
— Мұрат ағай, біздің тапсырыс дайын ба?
Иә, Өзіңіздің айтқаныңыздан бір айнытпай жасадым. Астаулардың қақпағына арнайы сүйектен өрнек салдым.
-Тамаша…
-Пайдаланғанда ешуақытта химиялық тазартқышпен жумаңыз. Ағаш «шошынып», жарылып кетуі мүмкін. Тек сумен шайып отырсаңыз болғаны, — деді шебер.
Тапсырыс беруші шаһардағы бір дәмхананың қожайыны екен. Арнайы сыйлы қонақтар үшін осы оюлы астау мен өрнекті шыныларды таңдапты. Біз де іштей дәмхана қожайынының талғамына сүйсіндік.
-Туындыларыңызды байқауларға қатыстырдыңыз ба?
-Былтырдан бастап Қазақстан қолөнерлершілер одағының мүшесі болғанмын. Сол екі ортада бір конкурсқа «Жанайқай» атты туындымды ұсынғанмын. Алайда, жүлдеге іліне алмадым. Ол үшін қазылар алқасын кінәлайын деген ой жоқ. Мүмкін бағалау тәсілі басқаша шығар. Бір өкініштісі, сол байқауға қатыстырылған туындылардың көбісі жұпыны дүниелер екен. Конкурс қортындысынан соң байқауға қазылық еткен бір ағамыз «Шынымды айтсам, композицияңды тсіне алмадық», — дейді. Жалпы, жарысқа қатысқанды ұната бермеймін. Өмірдің өзі бәйге. Туындыларым уақыт бәйгесінен озып келсе болғаны.
«Жанайқай» атты композициямда адамзат баласының мынау жұмыр жердің кіп-кішкентай ғана бір бөлшегі екендігін, барлық мақтау-мадақтың тек Хақ Тағалаға тиесілі екендігін көрсеттім. Өз ырыздығын адал еңбегімен тауып, Құдайға қол жайған пенденің бейнесін осылай сомдадым.
Иә, шынымен де «Жанайқай» атты туынды бір көрген жанға көп сырын аша қоймайтындай. Оның қатпар-қатпар бедерлері, төрт құбыламен үндескен тұстары ой ирімдеріне тарта түскендей әсер берді.
Бала күнімізде әжелеріміздің кездеме, кәмпит, науат сақтайтын ағаш сандықтарын көріп өстік. Бірақ, дәл мынадай әсем сандықты алғаш көруіміз. «Бұл жұмыс әлі толық аяқталмады» , — дейді Мұратәлі аға.
Айтуынша, ағаш сандықты жасауға ешқандай да темір шеге пайдаланылмаған. Түгелдей ағаш сыналар арқылы шегеленіпті. Тіпті, құлпының өзін ағаштан жасалған. Міне, «ағаштан түйін түйді» деген осы шығар.
Өнер — жұғады, жалғасады, мұра болады. Ұлдың кенжесі дәрістен соң шеберханама келіп жүретін. Бір күні сынып жетекшісі еңбек пәнінен үй тапсырмасын беріпті. Мән бермеппін. Жанымда бірдеңені шұқылап отырған. Ертесі еңбек сабағына ағаштан «Алтын адам» ойып алып барып, мұғалімінен «жақсы» деген мақтау естіпті.
Ешқашан ұл-қыздарыма «мынаны үйрен» деп міндеттемеймін. Өз қызығушылығы білсін. Махаббатпен, шын құмарлықпен келмеген өнер бәрібір «шала» болып қала береді…
Мұратәлі аға, шеберханадағы жұмыс күнін аяқтап, бізді дастархан басына шақырды… Буы бұрқыраған қызылкүрең шәймен өткен өмір, өлмес өнер төңірегінде небір әңгіме шертілді…
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/