Астанадағы марафонда жалаң кеудесімен жүгірген желаяқ кім
2018 жылғы 23 желтоқсан 18:44 653
АСТАНА. ҚазАқпарат — Астанада өткен екінші қысқы марафонда жалғыз шортымен жүгірген қатысушы жұртшылықты таң қалдырды. Шара ұйымдастырушылары суыққа тоңбайтын желаяқтың 44 жастағы Владимир Потлог екенін айтты. Ерекше спортшының жұбайы Динара Потлог ҚазАқпарат тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
Динара да — бүгінгі марафонның қатысушысы.
«Біздің отбасы салауатты өмір салтын ұстанады және барлық спорттық шараға бірге қатысуға тырысамыз. Володя 44-те болса, өзім 40 жастамын. Бірақ, достарымыз бен әріптестеріміз жас көрінесіңдер деп айтады. Мұның барлығы спорттың арқасы, дұрыс тамақтанудың пайдасы. Өзім марафонға үшінші рет қатысып отырмын, ал күйеуім қатысқан марафондар өте көп, тіпті санынан жаңылатын болдық», — деп ағынан жарылды Динара Потлог.
2010 жылдан бастап, Потлогтар отбасы Астана қаласындағы Морждар клубына белсенді мүшелеріне айналған. -23 градус аязда бір ғана шортымен жүгірудің сыры осында жатыр.
«Жалғыз шортымен жүгіруден еш қиындық туындаған жоқ. Себебі, күйеуімнің ағзасы суыққа әбден шыныққан. Қазір де күйеуім суға сүңгуге кетіп, сізге сұхбат бере алмады. Осымен сегізінші жыл өзіміз де, үш баламыз да мұздай суға сүңгиміз. Апта сайын Морждар клубына барамыз. Балаларды жастайынан суға түсіріп өсіргендіктен, ауырып қалады деп қорықпаймыз. Оларға үлгі болу үшін өзіміз де зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып жүрміз. Ақыл айтқаннан гөрі, іспен көрсеткен дұрыс», — дейді Д. Потлог.
Динараның айтуынша, отбасында қазақи құндылықтарға және қазақ өнеріне ерекше көңіл бөлінеді. Балаларға да қазақша есім берілген.
«Күйеуімнің ұлты молдаван, өзі Арқалықта туып-өскен. Астанада (бұрынғы Ақмолада) бір институтта оқыдық және шаңырақ көтердік. Жаңа елорданың қалыптасуына куә болдық. Күйеуімнің жаны қазақ. Үлкен ұлымыз Медеу қазақ мектебіне барды, қазір білім-инновациялық лицейіне грантта оқып жатыр. Домбырадан республикалық, халықаралық байқауларда жүлделер алған. Екінші ұлымыз Демеу 14 жаста, республикалық физика-математикалық мектепте білім алып жатыр. Кенжеміз — 8 жасар Диана қобыз үйірмесіне барып жүр», — дейді ол.
Айта кетейік, бүгін 1600-ге жуық елорда тұрғыны дәстүрлі Аstana Winter Marathon-2018 шарасына қатысты. Ереже бойынша марафонға 12-74 жас аралығындағы қатысушылар жіберілді. Олар төрт шақырым бойынша — 42, 21, 10 және 5 шақырымға жүгірулері қажет еді. Бірақ аязға байланысты 42 шақырым 21-ге дейін қысқартылды.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz