Алматыдағы көркем гимнастикадан турнир әсерлі шоумен басталды

0
22 Желтоқсан 2018, 10:58 326 0

Астана, BAQ.KZ. Алматыда «Достық» спорт кешенінде «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында көркем гимнастикадан турнир басталды. Бұл туралы Алматы ақпараттық орталығы хабарлады.

Оның ашылу салтанатында қала әкімдігі мен федерация өкілдері құттықтау сөздерін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Махмуд Искендиров өз сөзінде осындай жарыстар тек қалада емес, елімізде көркем гимнастиканың дамуына өз септігін тигізетіндігін атап өтті.

Ашылу салтанаты барысында көптеген би ансамблдері өз өнерлерін ортаға салып, әдемі әрі әсерлі көрініс көрсетті.

Жарыстың алғашқы күнінде өз әсемдіктері мен керемет нөмірлерін көрсетуге 2003-2011 жылы туған гимнастшылар келді. Жалпы бұл 3 күнге созылатын жарысқа 400-ге жуық спортшылар қатысады. Олар Менсұлу, Мадина, Ника, Наталья Кузнецова, №11 БЖОДСМ, Кербез, Феникс, КазСТА, Грация және оқушылар сарайынан мектептері мен клубтарының спортшы қыздары. Сайыс FIG ережелеріне сәйкес жекелей және топтық болып өтеді. Жарыстың басталуы күнделікті сағат 09:00-де.

«Бұл әдемі спорт түрі қаламызда өте жақсы дамып келеді. Қазір Алматыда 17 көркем гимнастика спорт клубы жұмыс істейді. Олардың барлығы да толық. Арасында №11 БЖОДСМ мен оқушылар сарайы мемлекеттік болса, қалғандары жекеменшік клубтар», — дейді жарыстың басты төрешісі Галина Вервейкина-Рахимбаева.

Бұл ерекше әсемделген спорт кешенінде нағыз мерекелік атмосфера байқалады. Ұйымдастырушылар өз кезегінде жаңа жыл мерекесі қарсанында үлкен бес метрлік арнайы шарлармен безендірілген шырша құрып, қонақтарды тәнті қылды. Олардың айтуынша бұл шырша қала бойынша еш жерде орналаспаған.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медалдар және бағалы сыйлықтарға ие болады. Ал, 4, 5, 6 орын иеленген қатысушылар грамота және естелік сыйлықтармен марапатталады.

«Біздің «Менсұлу» көркем гимнастика мектебінің қыздары топтық жарыста жеңімпаз атанды. Біз өте қуаныштымыз. Олар әрқашанда жүлделі орындар алып жүреді, бүгінде жеңістеріне сеңген болатынмын. Осындай шара үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Барлығы да керемет болды», — деп өз ойымен команда жаттықтырушысы Асия Нухаева-Маркина бөлісті.

Айта кету керек, сайыстың басты мақсаты салауатты өмір салтын насихаттап, қаладағы көркем гимнастиканы дамыту, спортшылардың өнерін шындау, сонымен қатар, олардын спорттық разрядтарын арттыру болып табылады.

Турнир батуттық орталық «Gravity», «Hawaii» және «Miami» аквапарктерінің, сондай-ақ, Қазақстанның кондитерлер қауымдастығының қолдауларымен ұйымдастырылуда.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ