«АСТАНА-1» кедендік ақпараттық жүйесі енгізілгелі қандай мүмкіндіктерге қол жетті
АСТАНА . ҚазАқпарат — Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі «АСТАНА-1» кедендік және салықтық әкімшілендіру автоматтандырылған ақпараттық жүйесі енгізілген соң қол жеткен мүмкіндіктерді атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Мәліметке сай, ең әуелі «АСТАНА-1» АЖ енгізу тауарлардың кедендік тазарту уақытын қысқартқан. Аталған жүйе электрондық құжаттарды пайдалана отырып, тауарларды электронды түрде декларациялауға мүмкіндік береді.
«АСТАНА-1 ақпараттық жүйесінде тауарларға арналған декларацияларды автоматтық түрде тіркеу және автоматты түрде шығару технологиясы жүзеге асырылған. Аталған жаңалық декларацияны тіркеуді, тәуекелдерді басқару жүйесі арқылы бақылауды, декларанттың жеке шотынан кедендік төлемдер мен салықтар соммаларын есептен шығаруды, сондай-ақ тауарларды шығару туралы шешімді мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдарының қатысуынсыз ақпараттық жүйемен жүргізуді қарастырады» делінген хабарламада.
«АСТАНА-1» АЖ көп салалы және кешенді болғандығын ескере отырып, жүйені енгізу кезең-кезеңімен іске асырылуда.
2017 жылдың 1 қазанынан бастап «Кедендік транзит» кіші жүйесі іске қосылды, ол шекарадағы өткізу бекеттеріндегі бүкіл кедендік операциялардың орындалуын қамтамасыз етті (айқын артықшылықтардың бірі — алдын-ала ақпараттандыруды қалыптастыру мүмкіндігі, осының нәтижесінде ол болашақта тразиттік декларацияға өзгереді). Алдын-ала ақпарат түскен тауарларға қатысты Тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша алдын-ала талдау жүргізіледі және сәйкесінше тауарлардың келуі кезінде бақылау аз уақытта жүргізіледі.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Экспорт» кедендік рәсімі бойынша «Кедендік декларациялау» кіші жүйесі қосылды.
Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап, қалған кедендік рәсімдер бойынша «Кедендік декларациялау» кіші жүйесі қосылды.
«АСТАНА-1» ақпараттық жүйесінің мынандай артықшылықтары бар:
— жүйе пайдаланушыларға тегін ұсынылады;
— кедендік декларацияны мемлекеттік кірістер органына тауарларға ілеспе құжаттардың қосымша ұсынылуынсыз беруге болады;
— тәуекелдерді басқару жүйесінің ұсынымдары болмаған жағдайда тауарларды автоматты түрде шығару.
Жалпы тәжірибе автоматты режимде шығарылған тауарларға арналған декларациялардың өсуін көрсетеді, электрондық декларациялауды енгізу сонымен қатар кедендік рәсімдердің тезірек жүргізілуіне мүмкіндік жасайды, тәуекелдерді басқару жүйесі шеңберінде субъектке бағдарланған тәсілді қолдану арқылы кедендік бақылауды жүргізу барынша азайтылды.
Айта кетейік, сәуір айында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында АСТАНА-1 ақпараттық жүйесінің жүзеге асырылуы туралы толықтай баяндаған еді.