Рахман Омаровтың бұрынғы әйелін өлтірген 15 жылға cотталды
Алматыда танымал тележүргізуші Рахман Омаровтың бұрынғы әйелі Гүлдерайым Омарованың жантүршігерлік өліміне қатысты cот аяқталды.
Небәрі 90 мың теңге пәтерақы үшін марқұмды 8 мәрте пышақтаған әйелге сот 15 жыл кесті. Десе де, бұған дейінгі процестерде селк етпеген сотталушы үкім кезінде де аса қайғыра қойған жоқ. Сүлейменова марқұмның жақындарының жанына салған жарасы үшін 4 миллион теңге төлейтін болды. Одан бөлек, сот шығындары үшін мемлекет пайдасына 2 миллион теңге қарыз деп шешілді.
Айта кетсек, қайғылы оқиға 2018 жылдың маусымында болған еді. Гүлдерайым Омарова Ақкент шағынауданындағы пәтерін жалға беріп келген. Маусымның 26 күні ол жалға алу ақысын алу үшін пәтер жалдаушыларына барған. Сол кезде пәтер қожайыны мен жалдаушылар арасында кикілжің туындаған. Дау-дамайдың арты қайғылы жағдайға ұласқан. Екі әйел Гүлдерайымға бірнеше жерінен пышақ салған. Ол сол жерде алған жарақатынан көз жұмды.