Теңіз жағалауына миф кейіпкерлері «жайғасты»
С.Қондыбай шығармаларын зерделеу, насихаттауға қызығушылық Маңғыстауда бұдан оншақты жыл бұрын қолға алынды. Нәтижесінде бірнеше ірі ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, ғалымның том-том шығармалары басылып шықты. Туған ауылы Шетпе кентінен мұражай, Ақтау қаласынан Серікбол Қондыбай атындағы орта мектеп ашылды. Серікбол шығармаларындағы мифтік кейіпкерлердің «ортамызға оралып», ұрпақтың көз алдында көрініс табуы – маңғыстаулықтар арасында көптен айтылып келе жатқан мәселе болатын. «Әне салынады екен, міне ашылады екен» деп халықты біраз жыл дәмелендірген алаңның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тұсауы кесілді.
Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «… протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстан аумағында құрылып, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрап отыр. Біз айтқалы отырған зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кеңбайтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралды. Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді» деген болатын. Жалпы Серікбол шығармаларымен үндесетін осы ой Маңғыстау өңірінде біраз істерді атқаруға болатындығын аңғартады. Оның үстіне Каспий теңізі жағалауын, Ақтау қаласы мен Маңғыстау даласындағы көрікті жерлерді туризм саласының іргелі орындарына айналдыру туралы маңызды тапсырманы орындау үшін де біраз ізденістер мен қиялдардың жемісі қажет-ақ. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы «Өз жазуы мен мифологиясы бар Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болды. Олардың мұрасының жарқын көрінісі, көркем болмысы мен рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі» өнері. Жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырған» деуі Маңғыстау өңіріне, тастағы таңбаларға қатысты айтылғандай. Ал Серікбол шығармаларында бұл ұғымдарға қатысты түсініктер тұнып тұр. Маңғыстауда «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асырамын деушілерге С.Қондыбай шығармаларын жата-жастана оқып, ғылым мен қиялды ұштастырып, әдемі де мағыналы жұмыстарды тындыруына мүмкіндік мол.
Тәуелсіздік мерекесі аясында Каспий теңізі жағалауынан ашылған «Мифтер алаңы» осы жұмыстардың бастамасындай. Мифтер алаңына Суын айғыр, Нұр Төле, Аққу, Түйе үстіндегі қыз, Айдаһар, тағы басқа мифтік кейіпкерлер бейнелеген 13 кішігірім сәулет туындылары орнатылды.
Кейіпкерлер арасында Көне қазақтың дүниетанымындағы киелі нышанның белгісі болып саналатын Сарыүйек жылан бейнесі, түркі дүниетанымындағы жоғарғы Жаратушыны еске салатын Күнбасты Тәңір бейнесі, күллі түркі әлемінің басты тотемі − Көкбөрі бейнесі, сондай-ақ Ұлы дала сақшылары бейнесі бар − жалпы өлкенің 2000 жылдық тарихынан сыр шертетін дай-массагет, сармат дәуірінің ерекше ескерткіштері бейнеленген.
«Мифтер алаңына» келушілер үшін жағалауда ұзындығы 102 метрді, ені 24 метрді құрайтын баспалдақ салынды. Сондай-ақ 50949 шаршы метр кеспе тас, 4496 шаршы метр көгал, ұзындығы 1800 метрді құрайтын веложол, 6 алаңнан құралған 100 метр мифтер алаңы мен 300 көлікке арналған автотұрақ салынды.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/