Мектептерде жаңажылдық отшашуларға тыйым салды
Қырғызстан Білім және ғылым министрлігі мектептер мен балабақшаларда жаңа жыл мерекесіне орай фейерверктер мен салют атуға тыйым салды.
Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. Білім және ғылым министрлігі шығарған бұйрықта пиротехникалық заттардың ешбір түрін пайдалануға рұқсат берілмейтіні айтылған.
Білім беру бойынша аудандық және қалалық басқармалар өрт қауіпсіздігін сақтау шараларын қадағалап, балалар мен ата-аналар, мұғалімдер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге міндеттелген. Қазіргі кезде Қырғыз елінде 2,5 мыңға жуық мектеп бар, онда 1 млн-нан астам оқушы білім алып жатыр.
Осы аптада барлық балабақша, мектептерде жаңа жыл мерекесі тойланып, оқушылар қысқы демалысқа 1 қаңтардан бастап шығады. Үшінші тоқсан 14 қаңтарда басталады. Білім және ғылым министрлігінің қатаң бұйрық шығаруына өткен жылы отшашу салдарынан оқушылар түтінге уланып, сол бойынша министрліктер арнайы комиссия құрылуы себеп болған.
Дереккөз: Baq.kz