Тұлғатану ғылымын қалыптастыру қажет
Мақала билік басындағы «технократтарға» ой салып, мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында оқытылып жатқан тарих пәнінің оқу жоспары мен оның сапасына көңіл аударады ғой деген үміттемін.
Мақалада бүгінгі тарих ғылымында ескерілмей жатқан көптеген проблемалар назарға алынған. Әсіресе бүкіл түркі халықтарына ортақ тарихымыз терең зерделенген. Тарих бізді бір-бірімізден алшақтатпай, керісінше біріктіретін фактор болуға тиісті. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. «Қазақстан – бүкіл түркі халықтарының қара шаңырағы» деген Елбасымыздың идеясын бар ықыласыммен қолдаймын. Мақалада тарихшыларға үлкен үміт артылып отыр.
Кез келген тарихи шығарма дерек негізінде жазылатындығы белгілі. Сондықтан да архив деректерін іздеу, табу және талдау, сөйтіп оларды ғылыми айналымға қосу оңай шаруа емес. Оның үстіне көрші елдер архивіндегі халқымыз тарихына қатысты құжаттарды алу, тіпті қиындап кетті. Тәуелсіздік жылдарында жинақталған архив құжаттарының ғылыми айналымға түспей жатқандығы да белгілі. Өйткені оларды оқитын және талдайтын маманға зәруміз. Өкініштісі еліміздің бірде-бір оқу орны деректанушы маман дайындамайды.
Президентіміз тарихымыздағы тұлғалар рөлі мәселесіне көңіл аударған екен. Бүгінде жер-жерлерде тұлғалар жөнінде ірілі-уақты кітап, кітапшалар шығып, ескерткіштер қойылып жүр. Бірақ ескерткіштердің мәртебесін анықтап, олар жөнінде деректер жинап жатқан ешкім жоқ. Сонымен қатар артында ақшалы ұрпағы бар кісілерге де көшенің атын беру ісін тықпалау да жоқ емес. Сондықтан тұлғатану ғылымын қалыптастыруымыз қажет. Оның методологиялық және теориялық негіздерінің жасалуы кезек күттірмейтін мәселе.
Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор
ҚОСТАНАЙ
Дереккөз: http://egemen.kz/