Әскери қызметшілер жастарға кеңес берді

0

Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері Елордада өткен қала жастарына жұмысқа орналасу бойынша консультациялық көмек көрсету мақсатымен ұйымдастырылған шараға қатысты. Шараға, сондай-ақ, Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, Жұмыспен қамту орталығы, Медиацияны дамыту орталығы және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар, кәсіби заңгер мен психолог мамандар жастарға тегін консультация жүргізді. Қаладағы «Азия парк» ойын-сауық орталығында өткен ашық есік күнінде жастарға өзін қызықтырған сауалдарына жауап алу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл шараның мақсаты — елорда жастарын мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, оның мүмкіндігін пайдалануды ұсыну. Ал әскери қызметшілер өз алдына жастарға әскерге бару шарттарын, келісімшарт бойынша қызметке тұру, сондай-ақ, әскери жоғарғы оқу орындарына түсу жөніндегі сұрақтарына жауап берді.

Астана

«Жастар арасында әскери салаға деген қызығушылық мол екенін аңғардым. Кеңес алу үшін келген жастардың көбін келісімшарт бойынша әскери қызмет атқару туралы мәселе қызықтыратынын аңғардым. Негізі жастар үшін өте пайдалы шара болды», — деп Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшісі Қайырбек Акбаров өз ойымен бөлісті.

«Қамшы» сілтейді