Диеталардың қандай қаупі бар: бас тартудың 7 себебі — Дастархан

0

Артық салмақтан құтылуды армандайсыз ба? Ендеше өзіңізді аштықпен өлтіруге асықпаңыз. Біз диеталардың қандай қаупі бар және олардан не үшін бас тарту қажет екенін айтып береміз.

Диеталар біздің өміріміздің ажырамас бір бөлігі ретінде берік орын алған: диетаны шоу-бизнес жұлдыздары, спортшылар, саясаткерлер және қарапайым адамдар ұстауда. Жыл сайын арықтаудың жаңа жүйелері, кейде тіпті экстремалды және экзотикалық тәсілдері пайда болады.

Кейде тамақтанудағы шектеулер шын мәнінде салмақ тастауға көмектеседі. Бірақ оның ағза мен психикаға үлкен соққы болатынын бәрі де біле бермейтіні рас. Диеталардың қаншалықты қауіпті екенін және олардан неге бас тарту керек екенін осы мақаладан біле аласыз.

Диета — бұл өз ағзаңа қарсы соғысу

Бұл соғыста сіз жеңімпаз болып шығуыңыз мүмкін емес. Өйткені, ағзаға сырт келбетінің сымбаттылығы аса маңызды емес. Ол үшін ең бастысы — тірі қалу. Біз диетаға отырғанда, яғни аз калория тұтынуды бастағанда ағзамызда қандай үдеріс жүреді? Ағза мұны аштықтан өлу қаупі туындады деп қабылдайды, сондықтан өзін-өзі қорғау режимін іске қосады.

Біріншіден, ол калорияны үнемдеп жұмсау үшін метаболизмді баяулатады. Май ерітетін және май шығаратын ферменттер азырақ өндіріледі, ал тәбетке жауап беретін гормондар тіпті «ақылынан айырыла бастайды» деуге болады. Міне, сол себептен диета ұстаған адамның жүйкесі бұзылып, шамадан тыс тамақ жей бастайды, яғни аштықтың қайталануынан қауіптенген ағза көбірек май жинауға асығады. Ғалымдар мұны орны қайта толатын артық тамақтану деп атайды.

Екіншіден, сіз сондай ерлікпен соңына дейін тырысып, артық килограммды тастағаныңызбен, көп ұзамай тастаған салмағыңыз денеңізге артығымен қайта оралады.

Бұл қалай болғаны? Таңданатын ештеңе жоқ! Сіз бұрынғы тамақтану рационыңызға қайтып оралғаныңызбен, ағзаңыз аштықтан өлім қаупі төніп тұрмағанын әлі де түсінбеген. Сондықтан зат алмасу бұрынғыша баяу режимде жұмыс істеуде. Нәтижесінде сіз диетаға дейінгі кезге қарағанда жылдам және оңай салмақ жинай бастайсыз. Ең дұрысы — үнемі тұтынылатын калория мөлшерін бақылауда ұстаңыз, бұл әлбетте  қиын. Себебі сәл босаңсығаныңызды байқаған ағзаңыз, бірден өз дегенін жасауға дайын тұрады.

Диета денсаулықты бұзады

Диета — дұрыс тамақтанудың синонимі емес. Себебі, диетаға ағзаға қажетті витаминдер мен микроэлементтердің жетіспеуі аса маңызды емес, кез-келген диетаның басты мақсаты — салмақ тастау. Әсіресе ағза кальцийдің жетіспеушілігінен зардап шегеді, себебі диета кезінде көбінесе майлы сүт өнімдерін тұтынуға болмайды, ал майсыздандырылған кальций сіңірілмейді. Сондай-ақ, еттің шектеулі қолданылуына байланысты ағзада темір жетіспеушілігі пайда болады, бұл өз кезегінде денсаулыққа кері әсерін тигізбей қоймайды. Нәтижесінде әлсіздікті, бозаруды, тері, тырнақ және шаш саулығындағы қиындықтары тудыратын анемия дамиды.

Көптеген диеталар тіпті ғылыми тұрғыда тексерілмеген. Адамдар дайындықсыз, алдын ала тексерусіз және қарсы көрсетімдерді анықтап алмастан ашығуды жиі қолға алады. Нәтижесінде адам жоғалтқан килограммның орнына гастрит, жара, өт пен бүйрек тастары, аллергия  сияқты созылмалы ауруларға шалдығып жатады.

Кейбір диеталар ашығу мен физикалық жүктемелерді ұштастыруды ұсынады. Ал бұл өте қауіпті: ағза әлсіреген, ал жаттығуларды орындау үшін көп энергия қажет. Нәтижесінде ішкі мүшелердің: қан тамырларының, жүректің, бүйректің, бауырдың  жұмысы бұзылады.

Арықтаудың көптеген жүйелері көмірсуды басты жау ретінде қарайды. Алайда көмірсулар ағзамыздың басты энергия көзі болып табылады: олардың жетіспеушілігі ағзаның әлсіреуіне, сылбырттыққа, иммунитеттің төмендеуіне және түрлі ауруларға әкеп соғады.

Ақуызды диеталар жайлы да айта кетейік. Олардың кейбіреулері зиянды тұздармен және консерванттармен қаныққан шұжықтар мен шұжықшлардан ақуыз алуды ұсынады. Сонымен қатар, ақуызды тағамдарды қарқынды тұтыну бүйрек жұмысына кері әсерін тигізеді. Яғни, бұл жағайда дұрыс тамақтану туралы айту әбестік болар.

Тамақтану уақытының арасын ұзақ етуді ұсынатын диеталар бар. Ағза ұзақ уақыт аралығында аз мөлшердегі тағамға қанағат етіп үйренеді де, нәтижесінде аз мөлшерде тамақты талап етеді. Бұндай диеталар адамды анорексияға және басқа да тағамдық бұзылыстарға бір адым жақындата  түсері анық.

Диеталар ақыл-ой қызметін төмендетеді

Маслоудың әйгілі пирамидасын еске түсірейікші. Онда бастапқы қажеттілік қандай еді? Дұрыс, физиологиялық. Диетаға отырғанда, ағзада энергияның жетіспеушілгі пайда болады. Ал ағза тіршілік үшін күресу режимінде жұмыс істейтіндіктен, ең алдымен зияткерлікке емес, өмірлік маңыздысына, яғни, физиологиялық процестерді қолдауға энергияны жұмсайды. Міне, дәл сондықтан аштығуды ұстанған адамдар логикамен, жадымен және зейінмен болған қиындықтарды бастан өткере бастайды. Егер сіздің жұмысыңыз ақпаратты өңдеуге, деректерді талдауға және басқа да күрделі ойлау процестеріне байланысты болса, диетада отыруға сізге кеңес бермейміз.

Диета психологиялық проблемаларға әкеледі

Барлық диеталар тағамды тек қуат көзі ретінде қарастырады. Ақуыздар, майлар, көмірсулар, аминқышқылдар жиынтығы жайлы: бұны алып тастау қажет, ал мынаны қосу, ал бұл жайлы тіпті ұмыту керек деп жатамыз. Бұл ретте тамақтанудың эмоциялық құрамы мүлдем ескерілмейді. Ал біз робот емес, адамбыз: біз үшін тамақ — бұл рахат көзі, қарым-қатынас, өзін-өзі көрсету тәсілі және т.б. Сүйікті тағамды рационнан алып тастап, ағзаны оған қажетті эндорфиндерден айырамыз. Ал қуаныш гормондарының ұзақ жетіспеушілігі күйзеліске және депрессияға әкелетінін тіпті ескере бермейміз.

Сонымен қатар, кез келген диета «өзін-өзі қатаң бақылауда ұстау» дегенді білдіреді. Біз арықтауға мақсат қоямыз. Бірақ бұл оңайлықпен жүзеге аспайтын немесе тіпті орындалмайтын мақсаттар болып жатады. Ашу үстінде шыдамай, жеуге болмайды деген нәрселерді жеп қоямыз, ал одан кейін өзімізді кінәлі сезінеміз. Сондықтан өзімізді жегідей жеп, өзімізді сыйлауды тоқтатамыз. Ауыр жағдайларда бұл тамақтану тәртібінің бұзылыстарына: анорексия, булимия, тәбеттің психогенді жоғалуына әкелуі мүмкін. Әсіресе ондайға әйелдер бейім, өйткені олардың дисморфофобияға (өз келбетін негативті қабылдау) бейімділігі жоғары.

Диеталар ағзаның қажеттілігін елемеуге үйретеді

Біздің ағзамыз қашан да өзіне не қажет екенін біледі, тіпті ол туралы бізге айтады. Ол тамақтанғысы келгенде, біз аштықты сезінеміз. Егер оған қандай да бір дәрумендер мен микроэлементтер қажет болса, біз белгілі бір өнімді жеуге ниет білдіреміз. Ағзаны түсіну қиын емес. Дәл  қазір не қалайтыныңызды сезіп көріңізші: шырынды стейк, қытырлақ салат, балық, әлде, тәтті тоқаш қалайсыз ба?

Ал диеталармен бәрі керісінше. Олар бізге қалайтын нәрсені емес, «қажет» дегенді ұйғарады. Тамақтың мөлшері мен уақыты да қатаң регламенттелген.

Нәтижесінде ағза ет қалайды, ал біз оған майсыздандырылған сүзбе береміз, өйткені «ол семіртпейді». Алтыдан кейін қарнымыз ашады, бірақ асқазанды бір стақан сумен алдаймыз. Ағзаның қажеттіліктерін мәңгі елемеуге болмайды — себебі ол мұны кешірмейді және ерте ме, кеш пе, қандай да бір аурумен «кегін қайтарады».

Диеталар себеппен емес, симптоммен күреседі

Біз артық салмақты жау көріп, оны сәтсіздіктердің басты себебі деп қабылдауға үйренгенбіз. Тіпті олай емес! Психологтар артық килограмдар адамға бейсанада жатқан жағымсыз эмоциялардан (достарын жоғалтудан, өзін тартымды көрсетуден, есеюден және т.б)  қорғануға көмектеседі деп сенеді. Бұл жағдайда арықтауға бағытталған барлық талпыныстар бекер болмақ. Себебі, салмақ бізге белгілі бір пайда беріп тұрғанда онымен күресудің мәні жоғалады. Не істеу керек? Жақсы психологқа жүгіну қажет, сондай-ақ өзінің ішкі уайымдарын жіті түсініп алған жөн. Артық салмақ сізді қиындықтардан құтқаруын тоқтатқаннан кейін, ағза ешқандай диеталарсыз-ақ сымбатты қалыпқа келеді.

Диета — таптаурындарға деген құрмет

Адамды басқару оңай — оған аса жақсы емес екенін жеткізсең болғаны. Өзіңіз ойлап көріңізші, егер жарнама болмаса біз арықтау керек екенін мүлдем білмейтін едік қой. Бірақ біз ақпараттар ғасырында өмір сүреміз. Теледидар мен жарнамалық баннерлер бізге үнемі мінсіз еместігімізді, іш тегіс, бөксе тартылған, бұлшық етіміз сымбатты болу керек екенін айтып тұрады. Сымбаттылық табыстылыққа теңестіріледі. Ал бұның бір ғана мақсаты бар: арықтауға арналған заттарды өткізу, фитнес-клубтардың және диетологтардың қызметтерін сату.

Нәтижесі біз біреу белгілеген стандартқа сай болмағаны үшін өз денемізден көңіліміз қалады, оны мінсіз болмады деп кінә артып, аштықпен қинаймыз. Мұндай тәсіл өз ағзамызбен қарым-қатынасты бұзып, соңы алапат стресске ұласуы әбден мүмкін.

Оның орнына өз денеңізді сол болмысымен жақсы көріңіз, әрі жау емес, одақтас, дос санауға тырысыңыз. Оған қамқорлық жасап, зорлық-зомбылықсыз-ақ мінсіз болуға көмектесіңіз: диетаның орнына дұрыс тамақтануды, тұрақты физикалық белсенділікті және толыққанды ұйқыны таңдаңыз. Сеніңіз, денеңіз сізге риза болады және қанай да бір құрбандықсыз сымбатты бола түседі.

Әр нәрсенің пайдалы жақтары болғанындай, дұрыс орындалмаған жағдайда зияны да бар. Соны ұмытпауымыз керек.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: