Аккумулятор отырып қалса…
Қысы қатты қалаларда жиі кездесетін оқиғалардың бірі таңертең көліктің оталмай қалуы. Көлігіңіздің аккумуляторы әлсіз болса, -15°С аяздан бастап бұл мәселе сізді алаңдата бастайды. Ал, 27-33° аяздарда жақсы аккумуляторлардың өзі сыр беріп жатады. Сарыарқаның сары аяздары тісін сала бастап еді, түні бойы көлігін оталдырып, көз ілмей шыққан жігіттердің қатары көбейді. Сөйтіп таңға дейін жеті оянып, темір тұлпарын оталдырып мазасы кеткен жігітке келіншегі «балаң ауырғанда осылай оянсаң нетті?!» деп кейіген екен. Осындай жағдайларда қалай амалдау керек, көлікті қалай оталдыру керек дегендей сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Ең дұрысы көлігіңізге жаңа аккумулятор салу. Сапалы аккумулятор салсаңыз, кемі екі жыл бұл мәселеге бас қатырмайсыз.
Таңғы мезгілде немесе ұзақ далада тұрып қалған соң көліктің өне бойын суық алып қалады. Кілтіңізді екі-үш мәрте бұрап, оталдыра алмасаңыз, әрі қарай қинамай-ақ қойыңыз. Сіздің аккумуляторыңыз көлігіңіздің қозғалтқышын айналдыра алмай тұр.
Қыста көлікке қысқы май құйған жөн. Жазғы майлар тез қоюланып, сағызша созылып, көлік қозғалтқышының жылдам айналуына мүмкіндік бермейді. Біздің елдің жүргізушілері көбіне қыста түрлі фирманың 5W40 маркалы майын құяды. Бұл жазғы немесе бүкілмаусымдық майлардан әжептеуір сұйық.
Ал, енді аккумуляторы әлсіз адамдарға беретін кеңестерімізге келсек. Көлік аккумуляторы әлсіз болса, қыста аккумуляторды үйіне алып жүруге болады. Болмаса түні бойы әр екі сағат сайын көлікті оталдырып тұру керек. Автоматты оталдырғыш қойған адамдарда бұл айтарлықтай мәселе тулдыра қоймайды. Пульт арқылы көлік қозғалтқышының температурасы белгілі бір деңгейге төмендегенде оталдыратын режимге қойып қоюға болады. Бұл әдісті қолданар кезде көлігіңіздің әрбір сымының дұрыс оралғандығына, дұрыс жалғанғанына көз жеткізіп алған дұрыс. Тоқ жүйесінің дұрыс болмауынан, өздігінен оталдырмақ болып өртеніп кеткен көліктер жетерлік.
Көлігіңіз оталмай қалса, оталып тұрған көліктің аккумуляторын салып, көлігіңізді «гүр» еткізіп алуға болады. Бұл көлік оталдырудағы ең дұрыс әрі ең зиянсыз әдіс. Бірақ, аккумуляторлары алынуы қиын, ыңғайсыз жерде орналасқан, немесе қымтап орап, бекітіп тастаған көлік иелері сізге өз аккумуляторын шешіп бере қоймауы да мүмкін.
Жалпы, аккумулятор мен қозғалтқышты қыста жылы ұстаған дұрыс. Тіс қаққан жүргізушілер қыста көлігінің қозғалтқышының үстін киізбен қымтап қояды. Бұл да тиімді әдістердің бірі.
Егер, маңайыңызда ауыстырып салатын аккумулятор болмаса қайтпек керек? Мен мына әдісті қолданған адамды өз көзіммен көрдім. Машинасының тоңып қалған аккумуляторын үйіне кіргізіп, аккумулятордың иығынан келетін ыстық суға (ванна немесе су құюға, аккумуляторды салуға болатын кез-келген ыдыс) жарты сағаттан артық салып қояды. Осылайша аккумуляторына уақытша ғұмыр сыйлап, көлігін оталдырып алған еді.
Жүргізушілердің жиі қолданатын әдістерінің бірі арнайы кабель арқылы аккумуляторға екінші көлік арқылы қуат беру. Бұл жерде аздаған мәселелер туындайды. Біріншіден, қуат алушы аккумулятор әбден «өліп» қалған болса, 10-15 минуттай қуаттап алу керек. Осы әдіс мамандар мен жүргізушілер арасында көптеген дау туғызады. Біреулер донор көліктің генераторына күш түсіп кетеді десе, біреулер қабылдаушы көліктің «миына» зақым келуі мүмкін деген пікір айтады. Егер, аккумулятор жәй ғана отырып қалған болса, донор көлікті оталдырмай, жай ғана аккумуляторынан қуат алуға болады. Қуат берген кезде донор көліктің аккумуляторындағы минус жағын ағытып тастаған дұрыс. Бұл екі көлікке де зиян тигізбейтін әдіс. Арнайы кабельді жалғаған кезде екі көліктің де оталдыру кілті жабық тұрғаны дұрыс. Ал, аккумулятор әбден отырып қалған жағдайда еріксіз оталып тұрған көлік арқылы қуат береміз.
Кабелді де таңдай білу керек. Егер, кабеліңіз жұқа болса, тоқ дұрыс берілмеуі мүмкін. Сондықтан да арзан екен деп жұқа кабелді ала салуға болмайды. Кабелдің жуандауын әрі сәл ұзынырағын алыңыз. Бұл екі көліктің аккумуляторларының ара қашықтығының әр түрлілігі кезінде көп көмектеседі.
Көлікті екінші бір көлікпен тартып оталдыру. Бұл әдістің екі тарапқа да зиян тұстары жетерлік. Тартушы көліктің сцеплениесіне күш түсуі, жағымсыз күйік иіс шығуы мүмкін. Егер, тіркелген көліктің майы тым қою болса көлік тез оталмауы немесе «зорлықпен» оталуы мүмкін. Мұндай жағдайда тіркелуші көліктің шатунындағы вкладыштар айналып кетуі мүмкін. Осы әдісті қолдану көлігіңіздің қозғалтқышын күрделі жөндеуден өткізуге мәжбүрлейді.
Уақытыңыз жетерлік болса, көлікті арнайы от бүрку құралымен май тұратын тұстарынан бір шарпып алып, майын сұйылтып, бойына жылу беріп барып оталдырған жөн.
#автомобиль
#көлік
#аккумулятор