R сериялы жаңа Oppo смартфондары таныстырылды

0

R сериялы жаңа Oppo смартфондары таныстырылды

7 қараша күні Oppo компаниясы Алматыда жаңа Oppo RX 17 Pro және RX 17 Neo смартфондарын таныстырды. Өздерін камерофон ретінде қалыптастырған қытайлық брендтің жаңа смартфондары R сериясындағы әзірге үздік гаджеттер.

Екі смартфон да Oppo компаниясының өзіндік нақышы мен концепциясын сақтаған, жинақы, оптимал көлемді және қабілетті камералары бар. Бірі – орта сегментке арналған бюджетті смартфон (RX 17 Neo), бірі – жоғары сегменттегі R сериясының флагманы (RX 17 Pro).

Oppo RX 17 Neo

Oppo-ның «Зергер компания» деген бейресми аты бар.  Өйткені айрықша дизайнға ие, ұсақ-түйегіне дейін келісті жасалған бірқатар смартфоны бар. RX 17 Neo сол қатарды толықтырып отыр. Смартфон бітімі жинақы, салмағы жеңіл (156 грамм), иілген жақтаулары бар.

Қазіргі тенденцияға айналған моно-қабағы тамшы формасында жасалған, сол арқылы хабарландырулар модуліне біршама кеңістік қалдырған. Бүкіл дисплей алдыңғы бөліктің 91%-ын алады. Алтыншы деңгейдегі Corning Gorilla Glass әйнегі болса, ауыр соққыларға төтеп беруге әзір.

Дисплей көлемі – 6,4-дюйм (19,5:9), ал анықтығы – FHD+ (2340×1080). Әдепкі пропорцияға сай оптимал көрсеткіштер. Өйткені смартфонға Snapdragon 660 процессоры орнатылған. Жедел жады – 6 GB, ішкі жады – 128 GB.

Камерасы Oppo-ның төлқұжатына айналған AI SelfieTune 2.0 технологиясымен жұмыс істейді. Фронтал камера суретке 25 мегапиксельде (апертура f/2.0), ал негізгі қос модульді камералар 16+2 мегапиксельде (апертура f/1.75+f/2.4) түсіреді.

Орта сегменттегі смартфондарды шартты түрде бюджетті десек, RX 17 Neo-ның қарым-қабілеті бағасына сай деуге толық негіз бар. Өйткені смартфон нарықтық нормадағы бағаны (169 990 теңге) белгілеген.

Oppo RX 17 Pro

Oppo RX 17 Pro – R сериясының флагманы. Тіпті Find X-ке бәсекелес болатындай шамасы бар. Сөзіміз дәйекті болсын, дәлелдеп көрейік.

RX 17 Pro корпусы күңгірт реңкі аралас 3D-әйнектен жасалған. Ол смартфонның артқы бөлігіне ерекше градиенттік (тұманды градиент және күңгірт зүбаржат) өң береді. 6.4 дюйм AMOLED дисплейі корпус бетінің 91.5%-ын алады.

Технологтар үнем мен инновацияның жақсы ұштастырған. Өйткені саусақ ізі сканері сенсор бетіне орнатылған. Сондай-ақ бет-әлпетті тану функциясы да бар.

RX 17 Pro – Oppo тарихындағы түнгі суреттің шебері. Оның F1.5/F2.4 (Smart Aperture) апертурасы жарық нашар түсетін кеңістікте, яки түнде әр детальді сапалы түсіруге мүмкіндік береді. Негізгі камералар 3 модульден тұрады, оның тек екеуі негізгі композицияға жауапты. Үшіншісін 3D камера ретінде жасаған.

Фронтал камера AI SelfieTune 2.0 арқасында түрлі жағдайға автоматты баптаулар қолданады, суретке 25 мегапиксельде (f/2.0) түсіреді.

Oppo-ның ең ұтымды инновациясы – қос батарея. Екеуі сағатына 1850 мА-лік қуат сыйдыра алады. Ескеретін жағдай бірінші батарея SuperVOOC Flash Charge арқылы жылдам қуатталады (10 минутта 40%), ал екіншісі қалыпты жылдамдықпен қуатталады.

Гаджет қаңқасын 8 ядролы Qualcomm Snapdragon 710 процессоры және Android 8.1 Nougat + Color OS 5.2 операциялық жүйесі құрайды. Ішкі жады – 128 GB, жедел жады – 8 GB.

Барлық үстем қабілетіне қарамастан RX 17 Pro-ның бірен-саран кемшілігі бар: қосымша microSD орнатуға болмайды, судан қорғайтын қабаты жоқ және мини-джек  орнына Type-C қолдану керек. Соған қарамастан Oppo RX 17 Pro өз бағасын (299 990 теңге) ақтайтын смартфонның бірі.

Екі смартфон Қазақстан нарығында 16 қарашадан бастап сатылады.