POLISIA МА, POLICE МЕ? | «Айқын» газеті
Ішкі істер министрлігі 2005 жылдан бері полицейлердің киім үлгісін бір жаңартпаған екен. Биыл осы олқылықтың орнын толтырмақ болып іске кірісіп еді, онысы аса сәтті шыға қоймады. Талқылау үшін ел назарына ұсынылған киім үлгілерінен гөрі, киімдегі жазулар пікірталас нысанына айналды. Иә, көзі қырағы жұрт «полиция» сөзінің латын графикасындағы нұсқасынан «қате» тапты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Қалдыбай Арыстанбекұлы жаңа емле ережелері бойынша полиция сөзі politsiia емес polisia деп жазылу керегін айтты.
– Өйткені халық арасында насихатталып жүрген емле ережелердің 78-параграфында «ц әрпі және сц әріп тіркесі s әрпі арқылы жазылады: sırk, sıfr, sılındr, sırkýl, desımetr, medısına, proporsıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korporasıa, seh, senarı, sıofıt, abses, absısa, plebısıt» делінген. Осы тараудың ескертуінде «қатар келген ц әрпі ts тіркесі арқылы таңбаланады: pitsa, nitsa» делінген, ал 83-параграфтың ескертуінде: «и әрпінен кейін тұрған я-ның орнына а жазылады: qıar, sıa, túrkıa, jarıa» делінген. Алайда емле ережелері әлі де талқыланып жатыр. Менің ойымша, «полиция» сөзін орыс тіліндегі дыбысталуы бойынша емес, туысқан түркі (әзірбайжан, түрік, түркімен) тілдеріндегідей «polis» деп алған жөн секілді, – деген пікір білдірді. Десе де ол әліпбидегі кейбір кемшіліктер түзелмей тұрып, латын графикасын ресми мекемелерде қолдану дұрыс емесін айтады.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек те латын әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітілмей, асығудың реті жоғын ескертіп отыр.
– Бізде әлі латын қарпімен жазудың соңғы нұсқасы бекітілген жоқ. Бұл бәріне оңай жұмыс сияқты көрінеді. Алайда қазіргі уақытта біздің тілдік реформамыздың мәні – сөздердегі әріптерді ауыстырмау. Егер қазір әріптерді алмастырып, сол қалыппен латын қарпіне көшсек, онда ол ешқандай да реформа болмайды. Қазақша жазуымыз керек. Мәселен, «полиция» сөзін алайық. Менің пікірімше, бұл сөзді police деп қалдыруымыз керек. Polisia деп жазу дұрыс немесе дұрыс емес деп айта алмаймын. Меніңше, қазіргі кезде латын қарпімен жазудың қажеті жоқ. Әуелі латын қарпінің емле ережесі бекітілсін. Соңғы нүктесі қойылсын. Егер латын қарпінің емле ережесіне өзгерту енгізілетін болса, онда киімге жазылған жазуды өзгерту қосымша шығын әкеледі ғой», – дейді ол.
Ішкі істер министрлігі шығынға батпау үшін тіл мамандары ендігі кезекте ұзаққа созбай латын қарпінің емле ережесінің соңғы нұсқасын ұсынғандары жөн-ау. Егер осы қалыппен жүре берсек, латын әліпбиіне бүгін-ертең көшетін түріміз байқалмайды. Осыдан бір жыл бұрын, 26 мамырда Ақордада өткен Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссияның екінші отырысында Ерден Қажыбек мырза БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Барлығымыз ақылдаса отырып, ортақ бірыңғай латын әліпбиін дайындап жатырмыз. Жыл соңына дейін бекітеміз» деген болатын. Ғалым сөзіне салсақ, соңғы нұсқа 2017 жылдың соңында бекітілуі тиіс еді. Алайда көріп отырғанымыздай, 2018 жылдың соңына жеттік, ал латын әліпбиінің соңғы нұсқасы әлі бекітілген жоқ. Ал бұдан бейхабар жұрт, әсіресе бизнес субъектілері мекемелерінің атауын латын қарпіне ауыстырып жатыр. Ертеңгі күні басқа нұсқа қабылданса, мекеме маңдайшаларындағы латын қарпімен жазылған жазу қате болып шықпай ма? Осындайда бәлкім, Ішкі істер министрлігі полицейлер киімін жаппай тігуді тоқтата тұруы керек шығар деген ой келеді екен…
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Дереккөз: Айқын