ВИЧ туралы білеріміз аз | «Айқын» газеті

0

Қазақстанда ВИЧ инфекциясын жұқтырған 22 мың 580 адам өмір сүреді. Олардың 91 пайызы – 15-49 жас аралығындағы азаматтар. Соңғы уақытта ВИЧ инфекциясымен тіркелгендердің саны өскені байқалады. Мәселен, 2017 жылы бұл статустағы адамдардың қатары 5,8 пайызға, 2018 жылдың 11 айында 7,9 пайызға артқан. Қоғам белсенділері мен мамандар халықтың ВИЧ инфекциясы туралы аз білетінін, вирус жұқтырған азаматтарды қабылдауға дайын еместігін айтады.

Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жария­лаған сауалнама нәтижесі 15-19 жас аралы­ғындағы жеткіншектердің 91 пайызы ВИЧ инфекциясы туралы жеткілікті білмейтінін көрсеткен. Қазақстанның барлық өңірінен 4 360 жас қатысқан сауалнамадағы ВИЧ/СПИД туралы стандартты 5 сұраққа респонденттердің тек 9,1 пайызы ғана дұрыс жауап берген.

Қоғамдық пікірді зерттеу орта­лы­ғының қызметкері Айжан Шабденова сауалнама нәтижесін таныстырған баспасөз конференциясында «елімізде жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық өмірге ерте араласады және 15-19 жас­тағы жеткіншектердің 73,5 пайызы ВИЧ инфекциясына анонимді тек­серуден қайдан өтуге болатынын білмейді» деген пікір білдірді.
Республикалық СПИД орталы­ғының басшысы Бауыржан Байсеркин 8-10 сынып оқушыларының биология пәні бойынша оқу бағдарламасында ВИЧ инфекциясы туралы ақпарат болғанына қарамастан, жастар арасын­да вирус туралы мәліметті білетіндер аз екенін айтады.
– Бұл – әсіресе ауылды өңірлерде тұратын жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құбылыс. БҰҰ халықты қо­ныстандыру қоры жүргізген сауална­маға қатысқан жастардың тек 42 па­йызы ғана ВИЧ инфекциясын жұқтыр­ған адамдар қоғамның басқа мүшелері сияқты толыққанды өмір сүруге құқылы деп ойлаған, – дейді ол.
«Балаларды СПИД-тен қорғайық» қорында 262 бала тіркелген. Оның же­теуі – 18 жастан жоғары. Негізгі бөлігі вирусқа 2006 жылы Шымкент қала­сында балалардың жаппай ВИЧ ин­фек­циясын жұқтыру оқиғасы кезін­де ұшыраған. Қор басшысы Жанетта Жазықбаева өзінің қоғамдық өмірге қалай араласқанын және дискри­ми­на­ция мен қысымды тоқтату үшін қандай күш жұмсағанын былай еске алады.
– Қоғамдық өмірдегі белсен­ділігімді балам ВИЧ инфекциясын жұқтырғаннан кейін бастадым. Ұлым­ды көлік қағып, облыстық балалар ауру­ханасының жан сақтау бөліміне түскенде, он жаста еді. Қан құю ке­зінде оған ВИЧ жұққанын жарты жыл­дан кейін білдік. Жұмысымды тастап, қорға қызметке келдім. Менің отбасым дискриминация мен стигманың қанша түрін бастан өткерді. Алғашқы жыл­дары бұл тақырып өте жабық болатын. Халық ВИЧ туралы, оның берілу жолдары жөнінде ештеңе білмейтін. Балаларды мектепке қабылдауда меди­цина қызметкерлері мен педагогтар тарапынан қысымға ұшыраған кезіміз болды. Мұндай балалардан қорқатын оқиғалар кездесті. Халықтың ВИЧ инфекциясы туралы білімін жетілдіріп, санасын өзгертуге өте көп күш жұм­садық. Семинар-тренингтер, түсіндіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Бүгін ВИЧ инфекциясын жұқтырған бала­ларға қатысты дискриминацияны бай­қамаймын. Бірақ бұл жағдай Қазақ­станның барлық өңірінде бірдей емес екенін білемін. ВИЧ статусымен өмір сүретін жасөспірімдермен үнемі жұмыс жүргізіп, оларға моральдық, психоло­гиялық көмек көрсету қажет. Балалар өзара пікір алмасып, мамандардан кеңес алса, өз статусында толыққанды, сапалы өмір сүруді үйренсе дейміз. Олардың ата-аналары, қоршаған ортасымен дәл сондай түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Бүгін өз статусы туралы алғаш білген баланың ересек өмірге араласқанда ВИЧ инфек­циясымен өмір сүруге болатынын, оны басқаларға жұқтырғаны үшін жауапқа тартылатынын түсінгені дұрыс. Мем­лекет тарапынан үздіксіз жұмыс істей­тін әрі қаржыландырылатын осындай бағдарлама жоқ. Оңтүстікте халық­аралық және үкіметтік емес ұйымдар­дың қолға алуымен мұндай бағдар­ламалар болды. Бірақ қысқамерзімді жобалардың арасы үзіліп, уақыты біткен соң, жалғасын таппай қалады.
Атырау қаласындағы «Өмір сақ­шылары» қоғамдық қорының атқа­рушы директоры Айша Сатымқызы облыста ашық ВИЧ статусымен өмір сү­ретін адам тіркелмегенін айтып, мұны вирус жұқтырған адамдарды қа­былдауға қоғамның дайын болмауымен байланыстырады.
– Тренингтер мен семинарлар кезінде халықтан ВИЧ инфекциясын жұқтырған адамдарға қатысты көз­қарасын сұраймыз. Бірен-саран адам қолдау көрсетуге дайын екенін білдірсе, көпшілігі «Біз ондай адамдармен дос бола алмаймыз» деп айтады. ВИЧ ста­тусы бар адамдардың өз жағдайын ашық жариялап, қоғамдық өмірде ер­кін өмірге араласпайтыны да сондық­тан. Олар халық бізді бөледі, теріс айналып, айыптайды деп қорқады.
Қоғам белсендісі ойын өзі куә болған оқиғалармен жалғады.
– Бірде біздің қорға мүше ВИЧ статусы бар азаматпен бірге семинарға бардық. ВИЧ инфекциясы бағытында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым­дардың басын қосқан жиын болатын. Түскі ас үстінде ВИЧ статусы бар жолдасым өз инфекциясы туралы бір үстелде отырған екінші адамға айтты. Ол үкіметтік емес ұйымда жұмыс істей­тін, осы мәселе төңірегіндегі тақы­рыпты қамтыған семинарға қатысып отырған азамат бола тұра, ақпаратты естігенде түсі өзгеріп сала берді. Инфек­цияның ауа арқылы тарамай­тыны, тіпті бір қасықтан ас ішсе де берілмейтіні белгілі. Соған қарамастан, ол қорқынышын жасыра алмады. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген адам қор­қатын болса, қоғамның басқа мүшелері туралы не айтуға болады? Не жасы­раты­ны бар, осыдан қорқатын меди­цина қызметкерлері де кездеседі. Мә­се­лен, бір азамат тіс дәрігеріне барып, емделген. Соңынан ВИЧ инфекция­сымен өмір сүретіні туралы қағаз қалдырып, өзінен кейін қолданылған құралдарды мұқият залалсыздандыруды сұраған. Дәрігер «Неге маған ол туралы басында айтпадың?» – депті. Мүмкін, алдын ала білсе, оны емдеуден бас тартар ма еді? Заңға сәйкес, мұндай дерті бар азаматтар да барлығымен тең дәрежеде денсаулығын түзеуге құқылы ғой, – дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысындағы «Поддержка людей живущих с ВИЧ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Андрей Чернышев 2008 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысында аталған бағытта жұмыс істеп келеді. Ол ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың әлеу­меттік портреті өзгеріп келе жатқанын, олардың өз статусын ашық айтуға қорықпауы үшін қоғамды жан-жақты дайындайтын кең көлемді ақпараттық науқан жүргізілуі керегін айтады.
– Бұрын ВИЧ жұқтырғандар халық­тың осал топтары арасында жиі кезде­сетін. Қазір халықтың арасына жаппай тарады. Вирус жұқтырған адамдардың арасында мұғалімдер, медициналық мекемеде жұмыс істейтіндер, жалпы алғанда, еңбекке қабілетті адамдар кездеседі. Қауіпті мінез-құлық таныт­қан кез келген адам ВИЧ-ті жұқтыруы мүмкін. Қазір ақпараттандыру жүр­гі­зіледі, әрине. Бірақ жеткілікті деңгейде емес. Мемлекетте қоғамдық ақпарат­тандыру позициясы жоқ, – дейді ол.

Динара ТІЛЕУБЕК

Дереккөз: Айқын