Философияның негізгі қызметі туралы қазақша реферат
Философияның негізгі қызметі – дүниетаным. Әлеуметтік топ пен жеке тұлға – дүниетанымның субъектісі болып саналады. Дүниетанымды қалыптастыру тек жеке тұлғаның ғана емес, сонымен бірге белгілі әлеуметтік топтың, қоғамдық таптың және олардың партияларының жетілуінің елеулі көрсеткіші. Адам мәселесінің маңыздылығына байланысты бірінші орында философияның гуманистік, яғни адамгершілік қызметі тұр. Оның мақсаты адамға тән құндылық, оның қабілеттілігі, сезімі мен парасатының үйлесімді дамуы, мәдениеттілікке қатысты мінез құлықтың жоғары деңгейдегі көрінісі. Адамгершілік – адамдармен қарым-қатынаста пайда болатын ізгілік, тілектес-ниеттестік сезімі, адамдармен іштей және жалпы түрде қарым-қатынас жасау ерекшелігі. Дүниетанымның негізі – адам болу. Ал адам болу дегенге келетін болсақ, Әл-Фараби, Абай, Ыбырай, Шәкәрім, Мұхтар секілді қазақтың ұлы ойшылдарының сөзіне мән берген дұрыс болады.
Әл-Фарабидің «Адамның әуелден тоқымашы немесе хатшы болып тумайтыны сияқты, қайырымдылық пен жаман қылықтылық та адамға әуел бастан жаратылысынан дарымайды», Ыбырай Алтынсариннің «көңіліңді мөлдір бұлақтай таза ұста» деген ұлы сөздерін осы тақырыптың тұздығы ретінде алдым.
Дүниетаным – адам санасында дүниенің, қоғамның бейнеленуі, оны жалпы түсінуі, адамгершілік, эстетикалық, ғылыми-теориялық, құндылықтарды меңгеру. Дүниетаным болмысты тану әдісі және адам әрекетінің ерекшелігін анықтайтын өмірлік ұстанымдары.
Дүниетаным негізінде дүниеге көзқарас, яғни дүние туралы белгілі бір білім жиынтығы жатады. Мысалы, дүниетаным түрлі білімді меңгерумен бірге, күнделікті көзқарастарды меңгеру барысында қалыптасады. Көзқарас үнемі білім, ғылым жетістіктерімен, өмірлік мәселелермен толығып, жетіліп отырады.
«Жаман мінез-құлық, рухани кесел. Бұл кеселді жою үшін тән кеселін емдеуде қолданылатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуіміз керек» — дейді Ұлы ойшыл Әл-Фараби. Ал Абай Құнанбаев: «күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – зұлымдық» — деп адам болудан аластататын нәрселерді ашып көрсетеді.
М.Әуезовтің қазақтың дүниетанымы мен рухани дүниесінің ерекшелігін айтқанда, жазушы ғылымның қазақ әдебиетінің арна басы, халықтың ең қымбат тарихи ескерткіші деп бағалаған қазақ эпосы мен фольклоры туралы зерттеу еңбектерінің орны айрықша. Халхымыздың рухани мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан М.Әуезовтің «көркем өнер біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді» деген сөзі адам болуда маңызды рөлге ие.
Біз қарастырған ұлағатты сөздердің қайсысының да түбінде терең философиялық мән жатыр. Ол мән – философияның, дүниетанымның негізгі қызметі адамгершілік, адам болу.
.
Тағы рефераттар