ЖЕКСЕН АЛПАРТЕГІНІҢ ЖАҢА КІТАБЫ | «Айқын» газеті
Ұзақ жылдар бойы «Айқын» газетінде еңбек етіп, қазір зейнет демалысына шыққан әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналистер арасында өткен бірнеше конкурстың лауреаты Жексен Алпартегінің «Тағылым» атты кітабы оқырмандарға жол тартты. Алматыда тұсаукесері өткен кітап Жекеңнің тырнақалды туындысы емес, бұған дейін «Ғибрат», «Жоржияның жұмбақ әлемі – Загадочная Грузия» кітаптары оқырман қауымның көңілінен шыққан.
Бұл жолы қаламгердің нысанасына кеңес заманының ауыр жылдары болып саналатын 1937 жылдардағы ел басына түскен қуғындау мен қамау, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігі ілінген. Автор – ұлттық өнердің, ұлттық құндылықтардың нағыз жанашыры. Оны осы кітапқа енген мақалалардан да аңғаруға болады. Белгілі ғалымдармен жасаған сұхбаттары мен жолжазбалары оқырманын бей-жай қалдырмайды.
Кітаптың алғы сөзін жазған филология ғылымдарының кандидаты, журналист-публицист Сағатбек Медеубекұлы «Жексен Алпартегі неге ұлттың тарихындағы қалтарыстарда жатқан деректерді, аршылмай жатқан шындықтарды іздеуге, зерттеуге, жариялауға, олар туралы айтуға бейім? Өйткені ол – тарихи тұлғалар шыққан әулеттің тікелей ұрпағы» дей келіп, арғы атасы Әлмерек аты аңызға айналған абыз болғанын, Әлмеректің ұлы – Құрман елін қорғаған, жерін жаудан азат еткен, бір рудың басы болған тарихи тұлға екенін айтады. Одан бері қарай жылжитын болсақ, Құрманның бел баласы Қара Райымбек батырдың қанаттасы болған батыр. Қараның ұрпақтары Түменбай, Орынтай, Алпар, Тұлпар, Шалтабай, Саурық та елі үшін еңіреп өткен ерлер санатында. Олар туралы тарихи шындық әлі ашылған жоқ. Саурықтың ұлы Ұзақ батыр 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің қолбасшыларының бірі болды. Ол туралы ұлы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде шындыққа негізделген деректер бойынша айрықша тоқталған. «Тегіне тартпай ұл тумас» демекші, осындай ата-бабаларының ізін жалғаушы Жексен Алпартегі де бүгінгінің сөзін сөйлеп, өткеннің шындығын іздеп жүрген жан.
Жексен аға өзі қызмет еткен «Айқынның» Алматыдағы қосынына келіп, бізге су жаңа кітабын ұсынып, жаңалығымен бөлісті. Біз бұл жаңалықты оқырман қауымға жеткізуге асықтық. Жазарыңыз таусылмасын, қаламыңыз мұқалмасын, Жексен аға!
Гүлнар ТӘЖИЕВА
Дереккөз: Айқын