Алматыда ғылыми-зерттеу саласындағы қызметкерлер саны – 8,8 мың
Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Президент жолдауының іске асырылуы және бірқатар мемлекеттік бағдарламаның жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуы барысымен танысу мақсатында Алматыға барды. Ол жақта ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының жас ғалымдарымен, Білім және ғылым министрлігінің өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстанда ғылымды дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары жайында пікір алмасып, ғылымды басқару жүйесін және докторантура бағдарламасын дамыту, жоғары білім беру мекемелерін заманауи жабдықтармен жарақтандыру, ғылыми дәреже беру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, жастарды кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналып жатқанын Бақытжан Сағынтаев атап өтті. Оған қоса, ғылымды дамыту мәселесінде Қазақстанда ғылыми қызметті жоспарлы әрі қарқынды дамыту үшін қандай бағыттарды одан ары дамыту қажетін, қандай мәселелерге ерекше ден қою керегін айқын ұғынып, дамыту керегі мәлімделді.
— Ғылымды дамыту үшін ең жақсы жағдайлар жасалып жатыр, субсидиялар, жеңілдіктер беріліп, түрлі қолдау шаралары қабылдануда. Сонымен қатар өз кезегінде, жастардан экономиканың барлық саласында белсенді әрі тиімді қайтарымның болуы күтіледі. Жастар нақты бастамалар білдіріп, еңбек өнімділігін арттыру және жұмыс орындарының санын ұлғайтуға қатысты білгендерін ұсынуы тиіс. Мәселен, бұл — егін сапасын жақсартуға бағытталған ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми әзірлемелер, — деді Премьер-министр.
Кездесу соңында Бақытжан Сағынтаев қатысушыларға ашық диалогы мен ұсыныстары үшін алғысын білдірді.
Қазақстанның негізгі ғылыми орталығы — Алматы. Қалада ғылыми-зерттеу саласындағы қызметкерлер саны 8,8 мың адамды құрайды. Бұл — Қазақстанның барлық ғалымының 40%-ы. Ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің 36,8%-ы аталмыш қалаға тиесілі. Зерттеулер мен әзірлемелерді жүзеге асыратын ұйымдар саны — 131.
Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ
Дереккөз: Айқын