«Астана Опера» италиялықтарға жаңа жылдық ертегі сыйлады
Фото: «Астана Опера» театры
Астана, BAQ.KZ. «Астана Опера» театры Италияға гастрольдік сапарын Карло Феличе театры сахнасында П.И.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетімен ашты.
«Щелкунчик» спектаклінің 6 қойылымына да билеттер гастроль басталғанға дейін сатылып кетті. Ғажап көріністі балет сан түрлі аудиторияға арналған. Залда балет өнерінің нағыз бағалаушылары да, тамаша театр әлеміне жаңа қадам басқан жас көрермендер де болды. Италиялықтар дуаланған ханзада туралы балетті зор сүйіспеншілікпен қабыл алды.
«Көрермендер ауқымды декорацияларға, шеберлікпен жасалған бутафория мен сахнаның ең құнды жабдығы – көрермендердің көз алдында өсіп шыққан алып шырша ағашына өз бағасын берді, оның жанында балериналар таңғажайып ертегідегі жас балалар сияқты көрінді, — делінген театрдың хабарламасында.
Осы кеште Маридің партиясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаева керемет орындап шықты. Щелкунчик-ханзаданың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан шеберлікпен сомдады. Щелкунчик-қуыршақ – Әнел Есқалиева, Тышқан патшасы – Жәнібек Иманқұлов, Дроссельмейер – Ильдар Шакирзянов, Фриц, Маридің інісі – Әнел Есқалиева, Штальбаум – Рахметолла Науанов, Штальбаумның әйелі – Әсел Кенжебекова т.б. өз бейнелерін тамаша орындады.
Қазақстандық театрдың айнымас италиялық көрермені бар, олар «Астана Опера» балет труппасын асыға күтіп, әрдайым жоғары шеберлігін, әртістік өнерін, классикалық бидің сан қырлы да қиын техникасын ескереді.
«Жекелеген нөмірлер ерекше ықылас туғызды: үнсіз қыс табиғатының қиял-ғажайып бейнесін жасайтын Қар бүршігі биі, комедиялық қытай биі Шәй және үнді биі Кофе. Бұл – тамаша музыкасы мен қызықты хореографиясы бар керемет балет. Жалпы алғанда, Рождество қарсаңында таңғажайып көріністер ең қуанышты әсер қалдырды», — деді спектакльді тамашалауға келген көрермен Николетта Бальбо.
Италияда труппа «Щелкунчик» балетінің тағы 5 спектаклін (дирижерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов және Арман Оразғалиев) ұсынады. «Астана Опера» театры келесі гастрольдік кесте бойынша Испания еліне жол тартады, мұнда әртістер София Патшайымның өнер сарайы сахнасында (Валенсия) 29 желтоқсан және 5 қаңтар аралығында П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетімен өнер көрсетеді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ