ГУЛАГ-ты еске салатын Шыңжаңдағы «тәрбие лагерьлері»

0

Батыс баспасөзі Шыңжаң «лагерьлеріндегі» тұтқындарды мәжбүрлеп жұмысқа салатыны, олар өндірген тауарлардың АҚШ-қа тасымалдануы мүмкін екені туралы жазған. Сонымен бірге, Семей полигонының «ұмыт болған құрбандары» мен Қазақстанда жасыл энергияны алуда кездесетін кедергілері жайлы материалдар жариялаған.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ МӘЖБҮРЛІ ЕҢБЕККЕ САЛУ

Associated Press агенттігінде жарық көрген көлемді материалға сүйенген бірнеше басылым Қытайдағы «қайта тәрбиелеу лагерьлерінде» адамдарды мәжбүрлі жұмысқа жегіп жатуы мүмкін екенін айтады.

Америкалық Washington Post газетінде жарық көрген «АҚШ-тағы спорт киімдері Қытайдағы қамау лагерьлеріне тіреледі» атты мақалада бірнеше тұтқынның басынан өткен оқиғаны сипаттаған.

Этникалық ұйғырлар мен қазақтардан құралған тұтқындарды «діни экстремизмнен құтқару мақсатында қайта тәрбиелеу үшін» мәжбүрлеп ұстап отыр. Қытай билігі «азшылықты қазіргі заманғы өркениетті әлемге қайтару үшін және Шыңжаңдағы кедейлікті жою үшін» осылай істеп жатырмыз дейді. Жаңа деректер бойынша, лагерьлерде мәжбүрлі жұмысқа салатын фабрикалар бар, тұтқындардың көбін киім тігуге мәжбүрлейді, оны «жаңа мамандықты игеру» деп атайды. Ол жерде қамауда отырған адамдардың туыстары жақындарының жоғары білікті маман екендерін, «қайта тәрбиелеу» лагерінен тыс жерде әлденеше есе көп жалақы алғандарын айтады.

Куншан өнеркәсіп аймағындағы тікенек сыммен қоршалған "кәсіби білім орталықтарының" бірі. Шыңжаң, Қытай, 3 желтоқсан 2018 жыл.

Куншан өнеркәсіп аймағындағы тікенек сыммен қоршалған «кәсіби білім орталықтарының» бірі. Шыңжаң, Қытай, 3 желтоқсан 2018 жыл.

Лагерьлер жүйесі — президент Си Цзиньпин басқаратын Қытайдың мемлекеттік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін қатаң саясаттың бір бөлігі. Биылғы жылдың басында тұтқындардың біразы АР агенттігіне саяси әндер айтып, ұрандамайтындарды ұрып-соғу, жалғыз қамау сияқты азаптаулардың бар екенін айтқан еді.

«Енді Қытай билігі тұтқындарды өңдеуші кәсіпорындар мен азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс істеуге мәжбүрлеп жатыр. Олардың біразы тұтқындарға арналған лагерьде орналасқан, басқалары жекеменшік, мемлекет қаржыландыратын фабрикалар бар, тұтқындарды босатқан соң сонда жібереді», — деп жазылған мақалада.

AP тұтқындарға арналған лагерьдегі осындай бір фабрикадан шыққан тауардың Badger Sportswear-ге (АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатындағы Стейтсвилл қаласындағы жетекші жабдықтаушы компания) дейін баратынын анықтаған. Дүкендер желісінің басшылығы тергеу жүргізетінін, әзірше киімді басқа жақтан алдыратынын айтқан.

Британдық Financial Times газетінде жарық көрген «Қытайдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде еңбек етуге мәжбүрлейді» атты мақалада АР-дан алынған деректер қолданылыпты. Онда «Пекиндегі этникалық азшылыққа қарсы ГУЛАГ жүйесінің элементтері пайда болды» делінген.

«Қамауға алынған алты этникалық ұйғыр және қазақтардың отбасымен сөйлескенде, туыстары олардың қамау орталығынан шыққан соң тоқыма фабрикасында тегін жұмыс істегендерін айтты. Олардың фабрикадан шығуына, туыстарымен араласуына рұқсат етілмейді, рұқсат берсе қатаң бақылап тұрады», — деп жазады Financial Times.

Пекин маңындағы тігін фабрикаларының біріндегі жұмысшылар. (Көрнекі сурет.)

Пекин маңындағы тігін фабрикаларының біріндегі жұмысшылар. (Көрнекі сурет.)

Биыл Шыңжаңдағы тұтқындарға арналған екі ірі лагерьде (Қашғар қаласы мен Юйтань уезінің кәсіби білім беру орталықтары) мәжбүрлеп жұмыс істету орталықтары ашылған. Қытай мемлекеттік баспасөзінің хабарлауынша, Юйтань қамауға алу орталығында сегіз фабрика бар, олар аяқ-киім дайындау, мобильді телефондар құрастыру мен шай орауға маманданған.

Ай сайынғы кесімді жалақы 1500 юаньді (220 доллар) құрайды. Australian Strategic Policy Institute ақпараты бойынша, спутниктен түсірілген суреттерде Қашғардағы қамау орталығының алаңы 2016 жылдан бері екі есе ұлғайғаны, ал Юйтаньдағы орталықта осы мерзім ішінде 269 пайызға үлкейгені көрсетілген.

Қытай мемлекеттік басылымдары адамдардың «ерікті» түрде еңбек етіп жатқанын, жұмыс орындарында тіл мен заңды білу жағынан сұрыптаудан өткен «студенттердің» істеп жүргенін жазады.

Америкалық New York Times басылымы «АҚШ Қытайдағы мәжбүрлеп жұмысқа салу лагерінен келген импорт туралы ақпаратты зерттейді» атты мақалада Америка билігінің Қытай «лагерьлерінде» дайындалған киімді импорттау туралы хабарламаға қатысты реакциясын жазыпты.

АҚШ-тың кеден және шекаралық бақылау қызметі АР мен өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары «Қытайдың батысындағы тұтқындарға арналған лагерьлер мен мәжбүрлі еңбек күшін пайдаланған компаниялардың тауар импорты туралы бірінші рет байланыстырып жазғанын» айтыпты.

«Сарапшылар мен құқық қорғаушылар саяси тәрбиелеуден бастап мәжбүрлі жұмысқа салумен айналысатын мұндай лагерьлерде 1 миллионға жуық ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылман тобының өкілдері бар дейді», — деп жазады New York Times.

БАҚ бетінде жарық көрген хабарламадан соң Badger Sportswear қытайлық жабдықтаушы Hetian Taida Apparel-мен бизнес жасауды тоқтатқандарын, енді тергеу жүргізетіндерін мәлімдеген.

ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯНЫ АЛУДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕР

Британдық The New Economy журналында жарияланған «Мұнайға бай Қазақстандағы жасыл энергияға көшу» атты мақалада Қазақстанның алдағы 30 жылда қалпына келетін энергия көзіне өту жоспары туралы айтады.

«Қазіргі кезде Қазақстанда тұтынылатын энергияның тек бір пайызы ғана қалпына келтірілетін көздерден алынады, бірақ температурасы Цельсий бағаны бойынша -50-ден +40-градусқа дейін құбылатын климат тамаша мүмкіндіктер ұсынады», — деп жазады New Economy.

Қазір өндіріліп отырған қалпына келетін энергияның 95 пайызын гидроэлектроэнергия құрайды, ол Қазақстанның оңтүстігіндегі шағын станциядан алынған. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда елдің гидро әлеуетінің 13 пайызы ғана қолданылып жатыр.

«2050 жылға дейін жасыл экономикаға өту концепциясы» бойынша Қазақстандағы энергияның 50 пайызы қалпына келетін көздерден алынуы керек, соның 30 пайызы 2030 жылға дейін игерілуі керек. New Economy жазуынша, бұл мақсатқа жету жолында «елеулі кедергілер» бар.

Henley Business School еуразиялық ғылымдар орталығының директоры Елена Калюжнованың айтуынша, ондай кедергілерге «электр энергиясының төмен тарифы, жеткізудегі шығын мен тиімсіз технология, реттеу күші әлсіз заңнамалық база мен бизнес жүргізуге тәуекелі көп орта» жатады.

New Economy журналы Human Rights Watch және Transparency International ұйымдарының деректеріне сүйеніп, елдегі адам құқығын бұзу мен жемқорлық туралы да жазады.

«Мемлекетте әлеуметтік проблемалардың көбейіп келе жатқанын көрсететін әлеуметтік теңсіздік күрт артты. Қылмыс көбейген, қаладағы кедейшілік пен полицияға сенім жоғалған – бұл Қазақстанның дамуына кедергі жасайтын проблемалардың біразы ғана. Елдегі сауаттылық деңгейі 100 пайызға жуық, бірақ ауыл мектептерінде ресурс тапшы, жабдықтар ескірген», — деп жазады The New Economy.

«Астананың амбицияға толы, әсіре заманауи архитектурасы қаланы басқа әлемнен келгендей көрсетеді, бірақ астанадан тыс аймақтарда инфрақұрылым жоқ, су құбыры – орындалмас арман, жолдың орнына құм басқан жер жатыр. Қазақстан дамыған сайын «жасыл» технология елдегі әділетті әрі әртарапты экономиканың дамуына ықпал ете ме, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Мүмкін ол алтын мұнаралы Астананың өзгермейтін элитасын байытатын қаржы көзіне айналар», — дейді мақала авторы.

ПОЛИГОННЫҢ ҰМЫТ ҚАЛҒАН ҚҰРБАНДАРЫ

Америкалық pri.org радиостанциясының сайтында «Қазақстан Семей полигоны құрбандарын ұмытты ма?» деген мақала жарияланды. Онда аймақта тұратын бірнеше отбасының өмірі сипатталады. Олар әзер жан бағып отыр, тапқан-таянғандарын ядролық сынақ маңынан тапқан науқастарын емдеу үшін дәріге жұмсайды. «Билік оларды ұмытты ма?», — деген сауал тастайды pri.org.

Семейде тұратын Айгүл Сүлейменова айдың соңына әзер жетеді, ол науқас қызы мен қарт анасын бағуы керек, бірақ қаржыдан қатты қиналады. Сакон Сейсенұлы да сондай жағдайды бастан өткеріп жүр. Саржалдан Семейге көшіп келген соң оған беретін жәрдемақыны тоқтатты, енді сырқатын емдеуге қажет дәріні алуға ақшасы жетпейді.

«Мемлекеттен әлеуметтік қолдау алу үшін радиациялық төлқұжат керек. Бірақ билік 1992 жылдан бері оны бермейді, демек сол кездері полигоннан жапа шеккен отбасылардың төлқұжат бағдарламасына кейін туған балалары кірмейді», — дейді pri.org.

Бұрынғы полигонға жақын маңнан пайда болған сырқаттардың көбі тұқым қуалайды, сондықтан сарапшылар Қазақстанда «ядролық сынақтан жапа шеккен адамдардың ұрпақтары да мемлекеттен қолдау көруі керек» деп заңға өзгеріс енгізуі керек екенін айтады», — делінген мақалада.

Дереккөз: Азаттық