Шекара бөлімшелеріне Ер Қосай мен Исатай батыр есімдері берілді
Бұл — Атырау облысындағы Ресеймен арадағы шекарада орналасқан бөлімше. «Қандай мемлекеттің де тыныштығы ел межесін қырағы күзетуде жатыр. Еліміздің батыс қақпасы саналатын бұл нысанға Ер Қосай батырдың аты берілуі – Отан қорғаушы шекарашы жастарымыздың баба даңқына кір келтірмей, жауапкершілікті сезіне білулерін де талап етеді» -дейді Құрманғазы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров.
Биыл Атырау шекарасының құрылғанына 20 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай облыста екі жаңа шекара заставасы ашылды. Оның бірі облыс орталығында орналасқан, ал екінші застава Исатай ауданында. Забурын ауылдық округінде облыс әкімінің қолдауымен ашылған Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Жағалау күзеті өңірлік басқармасы 2016 әскери бөліміне қарасты заставаға Исатай батырдың есімі берілді. Шекара бекеттерінің батыр бабаларымыздың құрметтеріне аталуы қазақ елінің арыстарын ұмытпайтын, ұлықтайтын үрдісінің куәсі іспетті.
Әскери бөлім командирі Мұхтар Қанабеков Каспий теңізінің аумағында мемлекеттік шекараны күзету тапсырмасы жүктелген жаңа нысанның іске қосылуы бірлесіп атқарған жұмыстардың жемісі екенін айтады.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсеткен болатын. Атыраудағы шекара бөлімшелерінің батыр бабалар атын еншілеуі шекара шебінде қалтқысыз күзетте тұрған сарбаздарды отаншылдық рухта тәрбиелеп, кең байтақ жерімізге қалқан болған қаһармандар қашан да құрметке ие екенін көрсетеді.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ
Дереккөз: http://egemen.kz/