Қазақстанда ген инженерлері мен молекула биологтары дайындалады
Сулейман Демирел университеті (СДУ) ген инженері және молекула биологы мамандарын әзірлейді. Бұл туралы оқу орнының PR және маркетинг департаменті хабарлады.
Университетте бір жылдан астам уақыт бұрын химия-биология пәндері бойынша ағылшын тілінде педагогтарды әзірлейтін жаңа мамандықтар ашылған. Алдағы 3-4 жыл ішінде бәсекеге қабілетті жаңа буын оқытушылары отандық және халықаралық еңбек нарығына жолдама алады. Статистика бойынша алғаш ашылғанда – 2017 жылы химия-биология мамандығына 22 студент қабылданса, биыл олардың саны 116-ға жеткен, бұл осы мамандықтарға деген жас түлектердің сұранысы артқанын көрсетеді, яғни осы салаға бөлінген мемлекеттік грантқа ие болған талапкерлердің 48%-ы СДУ университетін таңдаған. Бүгінде оқу орны “Дарын” республикалық ғылыми-практикалық орталығымен ынтымақтастық аясында халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысуға ниет білдірген оқушыларды теориялық және практикалық тұрғыдан әзірлейді.
Қазіргі таңда бізің мақсатымыз – халықаралық деңгейге шығу. Осы мақсаттта “Дарын” орталығымен тығыз ынтымақтастық орнатылып, балаларды тек теория жағынан емес, практикалық тұрғыда да әзірлеуде үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Негізгі бағыттар – биоинформатика, ген инженериясы, молекула биологиясы, анатомия, ботаника және зоология. Оқушыларды шетелдік тәжірибелі мамандар даярлайды. Мәселен, Сергей Егоров – Канаданың Торонто университетінің докторанты. СДУ түлектері де оқу процесіне етене араласады, олардың да педагогика саласында тәжірибесі бар, көбі -түрлі олимпиаданың жүлдегерлері, – дейді Педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Талғат Ещанов.
Қазір жаңадан ашылған заманауи технологиялармен жабдықталған химия-биология зертханаларында 12 озат оқушы келіп білікті ұстаздардан тәлім алып жатыр. Оқыту тегін. Олар қаңтарда облыстық, наурызда республикалық деңгейде өтетін пәндік олимпиадаларға қатысып, топ жарып, үздік нәтиже көрсеткен төрт жеткіншек жазда Будапеште өтетін халықаралық додада бақ сынайды.
Ал СДУ оқытушыларының алдағы жоспары – мектеп оқушыларын олимпиадаға ғана әзірлемей, сонымен бірге химия-биология саласы бойынша озық технологиялармен жабдықталған зертханаларда дәріс сыныптарын ашу.
Дереккөз: Baribar.kz