Су тасқыны. Бозымбаев Құлсары, Атырау және Ақтөбе облыстарындағы қауіпті аймақтарды тексерді

0

Вице-премьер Қанат Бозымбаев жұмыс сапары барысында Жылыой ауданы мен Құлсары қаласының су тасқынына дайындығын тексеріп, ауылдардағы жағдаймен танысты.

ҚР Үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жылыой ауданы қауіпті аймақта орналасқан және жыл сайын көктемде су тасқынына ұшырайды. Су тасқыны қаупінің негізгі себебі ұзындығы 212 шақырымға созылған Жем өзені. Өзен жағалауы мен Құлсары қаласы арасында қорғаныс бөгеттері салынып жатыр, оның жалпы ұзындығы 65 км. Құрылыс жұмыстарына 136 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда су негізінен тереңдетілген Жем өзені арқылы өтуде. Құлсары қаласында күнделікті бақылау жүргізілуде. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов жағдай туралы баяндап, қалада жағдай тұрақты екенін мәлімдеді.

Құлсарыдан бөлек, су басу қаупі бар аймаққа екі ауылдық округ кіреді: Жем және Қараарна. Қанат Бозымбаев Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдарындағы жағалауды бекіту жұмыстарымен танысып, кейін Жем өзенінің жағалауын және Құрсай каналын нығайту жұмыстары жүріп жатқан аумақты аралады. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 95 шақырымды (Жем — 48,9 км, Күрсай — 46,1 км) қамтитын түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта Жем өзенінің түбін тереңдету толық аяқталды.

Жылыой ауданында барлығы 255 арнайы техника жұмылдырылған. Дамбалардағы жағдайды тәулік бойы бақылау үшін кезекшілік бекеттері ұйымдастырылды. Сонымен қатар, ауданға Маңғыстау облыстық ТЖД-нан, Атырау және Ақтөбе облыстарының Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдерінен, сондай-ақ Атырау облыстық полиция департаментінен қосымша күштер мен техника жіберілді.

Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысының Байғанин ауданының Миялы ауылы мен Ойыл ауданындағы жағдаймен де танысты. Мұнда ерекше бақылауда тұрған Ойыл өзенінде тазалау және тереңдету жұмыстары жалғасуда.

Одан кейін вице-премьер Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Миялы ауылына барып, Сағыз ауылындағы жағалауды бекіту жұмыстарын бақылады. Қызылқоға ауданы арқылы Ноғайты, Ойыл және Сағыз өзендері өтеді, олар көктемгі су тасқыны кезінде үлкен қауіп төндіреді. Қорғаныс шаралары аясында 54 км бөгет нығайтылып, 8 км өзен арналары тазартылып, тереңдетілді.

Облыс әкімдігіне аймақтағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша барлық жоспарланған шараларды аяқтау, су тасқыны қаупі толық жойылғанша тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыру және тұрғындарды күн сайын жағдай туралы хабардар етіп отыру тапсырылды.

Бұған дейін Жем өзенімен Атырау облысындағы Жылыой ауданының аумағына су келе бастағаны хабарланды. Судың қатты ағысы өзеннің жағалауындағы топырақты құлатып жатыр.