Шуда жүкті әйелдің денесі аурухананың жертөлесінен табылды

Шу қаласында болған қайғылы оқиға жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен дауға ұласты. Журналистерге берген ақпаратқа сәйкес, марқұмның туыстары мен тұрғындар дәрігерлер қайтыс болған науқастың өлімін жасыруға тырысқанын айтқан.
Тұрғындардың сөздеріне қарағанда, ерлі-зайыптылар бес жылдан бері бала сүюді армандап келген. Өткен жылы жасанды ұрықтандыру арқылы жүкті болған келіншек 34-ші аптасында, 5 наурыз күні Шу қалалық көпсалалы ауруханасына жатқызылған. Алайда 9 наурызда оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түсіп, келесі күні баласы шетінеп кеткен. Дәрігерлер сәбиді алып шыққанымен, келіншек екі күннен кейін көз жұмған.
Марқұмның туыстары алғашқы диагнозбен келіспейді және «көптеген органдардың жеткіліксіздігі және мидың ісінуі» деген қорытындыға күмәнмен қарайды. Сонымен қатар, туыстары күйеуінің ауруханаға барған кезде әйелінің денесін өлі күйде, ісіп, иістеніп жатқан техникалық бөлмеден тапқанын айтады. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде таралып, қоғамда наразылық туғызды.
Шу қалалық көпсалалы ауруханасы бұл мәліметті жоққа шығарып, науқастың 22 наурыз күні жедел жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын хабарлады. Алайда Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Шу көпсалалы аудандық орталық ауруханасында тергеу шаралары жүргізілуде, ал Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті де тексеру жүргізеді. Сонымен қатар, Жамбыл облыстық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру» бабымен сотқа дейінгі тергеу бастағанын хабарлады.
Тергеу барысында мәйіт Тараз қаласына сараптамаға жіберілді. Қазір қоғам әділ тергеу жүргізіліп, кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр. Бұл жағдай медициналық мекемелерде жауапкершілік, бақылау және ашықтық мәселелерін қайта қозғалды.
фото: todayinfo.kz