«Жобалар іске қосылмаған»: Назарбаева кезінде “ӨКМ операторының» қалдықтар секторына инвестицияланған 1,6 млрд теңге нөлге теңестірілді

0

Әлия Назарбаева басқаратын “ӨКМ операторы» ЖШС-нің қалдықтарды қайта өңдеу секторына инвестициялаған 3 миллион еуро (1 миллиард 628 миллион 460 мың теңге) қаржысының нәтижесі нөлге тең болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, “ӨКМ операторы” қаржыландырған екі жоба іске қосылмаған.

Ақтөбе облысында инвестор “Дельта Ақтөбе” ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарудан бастап өңдеуге және кәдеге жаратуға дейінгі барлық тізбекті құруды жоспарлаған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жіберілген кемшіліктерге байланысты сұрыптау желісі үшін жер теліміне берілген келісім бұзылды. Өңірде қуаты жылына 60 мың тонна, құны 1,6 миллион еуро (868 512 000 теңге) болатын 2021 жылы “ӨКМ операторы” қаржыландырған сұрыптау жобасы әлі іске қосылған жоқ. Сол сияқты Абай облысында құны 2,6 миллион еуро (1 млрд 411 млн 332 мың теңге) болатын жылына 100 000 тонна сұрыптау жобасы 2021 жылдан бері іске қосылмаған», – делінген хабарламада.

Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Алматы облысында «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мүлде салынбаған қосалқы станцияның техникалық шарттары бар құжатын жасаған

“Бұл ADC Taza Alem» ЖШС-нің «Өнеркәсіпті дамыту» қорына тапсыруы тиіс құжаттарын кешіктіруге әкеп соқтырды. Ал Қызылорда облысында алты сұрыптау жобасына облыс орталықтарынан жер телімдері бөлінгенімен, жарық, су, газ, жол салынбаған. Сондай-ақ жылына 450 мың тоннаға жуық пластмасса өңдейтін әлеуеті бар – Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Жетісу облыстарында пластмасса өңдеу бойынша кәсіпорындар бой көтермеген. Тіпті жарияланған жобалар жоқ”, – делінген хабарламада.

Экология министрі жобаларды іске асыру үшін бірнеше облыс пен қала әкімдіктеріне тапсырма берді.

“Алматы, Жамбыл облыстарындағы және Алматы, Шымкент қалаларындағы шыны өңдеу зауыттарына, Ақтөбе мен Қызылордада жарияланған жобаларды іске асыру кезінде қалған облыстардың әкімдіктеріне осы нысандарды қайта өңделетін материалдармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау қажет. Қалдықтарды сұрыптайтын орынның болуына қарамастан, Түркістан, Абай облысы және Шымкент қаласында бұл салада бірде-бір жоба жоқ», – делінген хабарламада.

Еске салайық, 2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.

2022 жылы 26 қаңтарда Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталды.

Сол күні «ӨКМ Оператор» ЖШС-нің басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің денесі табылып, елорданың Есіл аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзін-өзі өлітурге дейін жеткізу) қылмыстық іс қозғады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, «ӨКМ Операторы» басшылығы шенеуніктермен бірлесіп, 180 млрд теңге жымқырмақ болған.