Боксшы Назым Қызайбай әлемнің үш дүркін чемпионы атанды

Cербияның Ниш қаласында әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында Назым Қызайбай алтын жеңіп алды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық боксшы 48 келіге дейінгі салмақта ресейлік Юлия Чумгалаковадан үш раунд бойы айласын асырды.
Төрешілер жеңісті бірауыздан Назымға берді – 5:0.
Осылайша, Назым Қызайбай қазақстандық боксшылардан алғаш рет үш дүркін әлем чемпионы атанып, тарихқа енді. Бұған дейін ерлер арасында да ешкім мұндай табысқа жеткен емес.
Бұдан бұрын Назым әлем біріншілігінде 2014 және 2016 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ ол 2021 жылы Азия чемпионы атанып, Париж Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Назым Қызайбайды тарихи жеңісімен құттықтады.
«Назым Қызайбайды отандық бокс тарихында тұңғыш рет үш дүркін Әлем чемпионы болуымен құттықтаймын. Бұл – айтулы жетістік! Сербияда өтіп жатқан Әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсеткен Ұлттық құрама мүшелеріне алғыс айтамын. Спортшы қыздарымыздың алдағы уақытта да үлкен жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіремін», – деп жазды Мемлекет басшысы Instagram әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.
Әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатында тағы бір қазақстандық Алуа Балқыбекова топ жарды.
Қазақстандық спортшы 50 келіге дейінгі салмақта қытайлық Ху Мэйимен қолғап түйістірді.
Әдемі жұдырықтаса білген Алуа үш раунд барысында қарсыласына соққыларын дәл дарыта білді. Мұны төрешілер де мойындады – 5:0.