Әйгілі Марадонаны өмірден өтер алдында емдеген дәрігерлер 25 жылға сотталуы мүмкін

Марадона 2020 жылы 25 қарашада 60 жасында қайтыс болған
Аргентина футболының аңызына айналған ойыншысы Диего Марадонаның өмірінің соңғы күндерінде емдеген сегіз медицина қызметкері адам өлтірді деп айыпталды.
Марадона 2020 жылы 25 қарашада 60 жасында қайтыс болған. Осыдан сәл бұрын ол миындағы қан ұйығын алып тастау үшін ота жасатқан. Оның ішімдік пен нашақорлықтан емделгені де белгілі болды.
Ел прокуратурасы футболшы қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай дәрігерлер мен медбикелерді тергеуді бастаған. Сонау 2021 жылы Марадонаның өлімінің мән-жайын зерттеген 20 сарапшыдан тұратын комиссия медициналық топтың әрекетін «орынсыз, жеткіліксіз және жауапсыз» деп тапты. Сарапшылар (сот атап өткендей) аңызға айналған футболшының тиісті медициналық мекемеде дұрыс емделгенде «тірі қалу мүмкіндігі жоғарырақ болар еді» деген қорытындыға келді.
Айыпталғандардың арасында Марадонаның нейрохирургы Леопольдо Луке (ол да оның жеке дәрігері), психиатр және медбикелер бар. Олардың барлығы футболшының өліміне кінәлі емес екенін айтып, ақталып отыр.
Егер олардың кінәлары дәлелденсе, 8 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.