Құлыбаевтар Конституциялық сот арқылы ҚБТУ-ды өздеріне қайтарып алуға ниетті

Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі олигарх Тимур Құлыбаев Конституциялық сот арқылы Қазақ-Британ техникалық университетін (ҚБТУ) қайтарып алмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін ҚБТУ мемлекетке қайтарылған еді. Алайда Құлыбаевтар отбасы мұнымен келіспей, Конституциялық сотқа шағымданған. Жағдайға қатысты министр Саясат Нұрбек жауап берді.
«Мұндай мәселелер бойынша шешім комиссия болса да, нақты түйіні сот арқылы қабылданады. Меніңше, бірінші және екінші сот инстанциялары өтіп кеткен. Дегенмен конституциялық шағым бар. Бұл істі енді Конституциялық сот қарайды, соңғы сөзді Жоғарғы сот айтады. Біз тек оның шешімін күте аламыз”, – деді жоғары білім мен ғылым министрі.
Сөзінше, министрлік бұған мүлдем араласпайды.
“Мен қазір ештеңеге түсініктеме бере алмаймын, өйткені бәрі заң аясында өтіп жатыр. Тергеу жүріп жатыр, министрліктің бұл процеске еш қатысы жоқ. Сот шешімін күтуіміз керек, содан кейін ғана түсініктеме бере аламыз», – деді үкіметтің брифингінде Саясат Нұрбек.
Екінші инстанцияның шешіміне сәйкес ҚБТУ мемлекетке қайтарылуы керек екен.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Қазақ-британ техникалық университетінде өрт шығып, Төле би көшесі жартылай жабылғаны туралы хабарлаған едік.