ДАРА | «Айқын» газеті

0

«Алпысқа келгеннен ақыл сұра» дейді атам қазақ. Біздің Дәуітәлі досымыздан алпысына келмей-ақ кемі алпыс адамның ақыл сұрағанына кәміл сенеміз. Енді осы сөзімізді жөңкіліп келген ойдың жетегімен біраз жерге дейін бөкен желіске салып, дәлелдеп көрейін.
Адам өмiрге неге құштар болады? Адам бұл өмiрдi неге өлiп-өшiп сүйедi? Адамдар айналып келгенде, неге бiр-бiрiн қия алмайды? Осының бәрiне Дәуiтәлiмен өмiрiн бiрге өткiзiп келе жатқандар, не болмаса сыртынан жақсы бiлетiндер шын көз жеткiзедi.

Көңiл жүйрiк пе, көк дөнен жүйрiк пе? Тағы да қайталап айтсақ, Дәуiтәлiнi жақсы бiлетiндер және сыртынан бiлетiндердiң бұған көз жеткiзетiнiне және құмбылмыз.
Дәуiтәлi Омашұлы – Қазақстан Респуб­ликасы Парламентi Мәжiлiсi аппаратының Редакциялау және аударма бөлiмiнiң мең­герушiсi.
Бiз бiлетiн Дәуiтәлi – әншi, көркемөнердiң үлкен жүректi жанкүйерi.
Айқайлап айтпай-ақ, ақырын-ақырын өткен күнге көз жiберейiк.
КазГУ-град. №5 жатақхана. Бұл жа­тақ­ханада кiм аяулы жастық күндерiн өткiзбедi. Бүгiнде қазақ руханиятының шыққан бiр биiгi болса, 1981 жылдары КазГУ-ды, оның iшiнде журфакты бiтiргендердiң еңбегi еш деп ешкiм де айта алмайтыны және хақ.
Сол бiр жылдары КазГУ-дың қалашығы, онда да осы бiр жатақхана әлсiн-әлсiн рухани дүмпу күйiн кешiп жататын. Жетi iшектi гита­раны бiз көбiне осы Дәуiтәлiнiң қолынан кө­ретiн едiк. «Прима» темекiсiн езуiне қыс­ты­рып алып, жұмсақ жымиып, тұла бойын кiл бiр Алматының ақ жауынындай ақ сезiм­дер жаулап алатын бозбала жiгiт бойжеткен бiткеннiң жүрегiн жаулайтын.
Ендiгi жерде мақаламыздың басындағы адамдар өмiрге неге ғашық деген әңгiменiң сырына дендей түсемiз.

Ән

Заманында журналистиканы партиялық кәсiп дегендер көп болды. Рас. «Заманына қарай амалы», солай болған шығар. Бiрақ бiз журналистиканы өнер деп түсiндiк. Арагiдiк мақала жазып, «Бұл бiр ҚазГУ-дың қалашы­ғының әр ағашы жырмен тербелiп тұратын әдемi кезең едi. Қалашықтың кез келген же­рiнде өлең оқуға болады. Осы күнi бiреу-мi­реуге: «Талдың арасына барып, өлең оқиын деп едiм, жүр, тыңдашы» десең, шошып кетер. Ол кезде бәрi басқаша едi. Кез келген жерде тыңдайтын құлақ бар», – деп Бауыржан Омаров айтпақшы, журфактың бесiншi жатақханасындағы әлем ешқандай әлемге ұқсамайтын. ҚазГУ-градтағы бар жатақхана журфактың жатақханасындай ғұмыр кешсек деп армандайтын, бәлкiм, сол арманмен өмiрден өткен болар.
Журфактың жатақханасы ол заманда Алматыдағы рухани құтхананың бiрi әрi бiрегейi едi. Көптеген жоғары оқу орында­рының студенттерi, өнерге ғашық жандары бұл жатақханаға көбiне өнердiң қызыл өртiне өртену үшiн келетiн. Осы жатақханаға келгiштеп жүрiп ақын, әншi боп кеткендер бар. Қазақтың небiр жақсылары мен жай­саң­дары осы жатақханадан шықпайтын. Бiрақ осы жатақханаға сол «жын-перiлердiң» еш­қай­сысы жоламай кеткен күнде де бiзге Дәуiт­әлiнiң бiр өзi бiр театр болатын. Бiздi Дәуiтәлi жа­лықтырмайтын. Бiз ауылды сағынсақ, ауыл­дың ақ самалдай аңқыған көңiлiн са­ғын­сақ Дәуiтәлiнi тыңдайтынбыз. Дәуiтәлi жетi iшектi әлгi сыған аспабымен ән салғанда бiз дүние сұлулығының соншалықты сырға толы екендiгiне бас шайқайтынбыз. Ол ән салғанда жатақхана қыздарының жүрегi үзiлiп кете жаздайтын. Дүние нұрланып сала беретiн. Кей­де ашқұрсақ жүрсек те, рухани аш болмадық.

Леонид Ильич қалай сатирик атанды?

Жамбыл облысы, Меркi ауданы Ойтал ауылында өмiрге келген Дәуiтәлi бiр сәт қазақты қойып, қырғыздың әндерiн сызылт­қанда, қыздар түгiлi жiгiттердiң өзi мына тұрған қырғыз асып кеткiсi келетiн. Кiм ән салмай жатыр, бұл сiрә, айтылған әннiң әсерiнiң жүректен жүрекке жеткенi болар.
Әкесi Омаш таңды таңға ұрған айтулы жыршы болған Дәуiтәлiге өнер қайдан қонды деген сауалды қоя алмассыз. Бiрақ оның үнiндегi соншалықты адам жүрегiн тербейтiн бiр нәзiк сезiмнiң өзгеде көп кездесе бер­мей­тiнi рас ендi. Журналистика деген жасыл жай­лауға ат байлағанның бәрiнiң тегiн емес екенi белгiлi. Бiрақ өнер­мен бiрге келiп, осы­нау әлемге ат шалдыру әркiмнiң пешенесiне жазыла бермесе керек. Осынау өнерге ұмтыл­ған бәрiмiзден Дәуiтәлiнiң дариға дауысы қалай болғанда да ерекшеленiп тұратын.
Қысқасы Дәуiтәлiнiң алдағы қайраткерлiк өмiрiне темiрқазық болған да осы әлемi едi. Айналып келгенде Дәуiтәлiнiң ән әлемiндегi болмысын өмiрден ертерек кеткен аса да­рын­ды ақын Өтепберген Ақыпбековтiң мына бiр өлеңiмен тұжырымдасақ, бiздiң күнi бойғы әң­гi­мемiздiң босқа айтылмағаны болып шығар.
Талайдан өте туған Өтепберген былай дептi:
«…Қарағым-ай!…»
Қақ айырылып дүние қара қылдай,
Әуездi әнмен қалғиды қара қурай.
Төрткүл әлем тылсымдай тына қалған,
Тасырларға ғасырды таба қылмай.
«…Қарағым-ай!…»

Тамағыңа бозторғай ұя салған.
Саусағыңа сиқырлы сия тамған…
Көзiлдiрiк кигiзiп көлбеңдетiп,
Тұлғасындай Тұрардың құя салған…
…Анаңыздан айналдық туа салған…

Қасиеттi Меркенiң топырағы,
Жiбек жолмен жалғаған Отырарды.
Алып-ұшқан көңiлде –
Жанып ұшқан,
Ұлылықтың қоздаған оты бар-ды…

КазГУ, КазТАГ – артқа сап қанша жолды,
Мойынына оралтар талса қолды:
Өмiрдегi қосағың, сүйенiшiң –
Жiбек емес, жiп емес Парша болды.
ГҮЛНҰР, ГҮЛЖАН, ДАНАЛАР –
балқаймағың
ДӘУIР, ҰЛЖАН – қос әуен таңдайдағы.
Бес құлының бүгiнде бес тармақты
Жұлдыз болып жанып тұр маңдайдағы.

Iштей оқып, iзденiп, сырттай оқып,
Жеген жоқсың өмiрден құйттай опық.
Жан шуақты жақсылық нұрын шашсын!
Жаманшылық кетсiншi бұлттай өтiп.

«…Қарағым-ай!…»
Ашық болсын әрқашан қабағың-ай…
Күн күлiмдеп, қуансын қадамыңа – Ай.
Сырлы әуен жаныңа серпiн берсiн,
Сақ дәуiргi батырдың садағындай…

«…Қарағым-ай!…»
Ұшқыр болсын жебедей қаламың-ай!…

Дәуiтәлiнiң бар болмысы бәлкiм осы жыр­ға сыйып тұрған да болар. Болмыс де­геннен шығады. Бiрде Дәуiтәлiнiң Илья Жа­қановпен әңгiмелескен сәтiне куә болғаным бар. Әрине, ең алдымен Жақановпен сөйлесу үшiн кiсiге жан-жақты бiлiм, биiк талғам қажет болар-ау. Тереңдеп кеткен әңгiменiң бiр тұсында: «Сiздiң әндерiңiз кiлең бiр мөлдiр, ғажап сюжетке, суретке құрылады, кәдiмгi тұтастығын сақтаған толыққанды туынды, кiтап оқыған тәрiздi боласың», – деп едi, Iлекең елең етiп «Әй, мен мына жiгiттi бұған дейiн қалай бiлмеймiн, мынау терең ғой», – дегенi бар.
Терең екенi рас. Оған бiлiмпаздық қосылса қайтерсiз. Дәуiтәлi зерек студент болды. Сол кездегi зеректiктi қу тiршiлiктiң қым-қуыт әрекеттерi орап кетпегенде Дәуiтәлi ендiгi ғылым докторы болып отыратынына да еш шүбә жоқ. Осы ойымызға негiз болатын бiр ғана мысал келтiрейiн. Дәуiтәлiнiң дипло­мының тақырыбы «Л.И.Брежнев – сатирик» едi. Жетекшiсi анау-мынау емес, «мық шеге» Қожакеевтiң өзi. Ал ендi қара жер хабар бермесiн, Брежнев атаңызды қалай сатирик деуге болады, көз алдыңызға елестете аласыз ба? Сiз жер мен көктен материал тауып көрiңiз. Бiрақ Дәуiтәлi сол атамыздан сатирик жасап шығарды. Бұған тағы да анау-мынау емес, Қожакеевтiң өзi таңғалды. Шериаздан Елеукенов бастаған мемлекеттiк емтихан комиссиясы «өте жақсы» бағалады.

Ол мiнбер iздеген жоқ

Мiне сол студент кезден басталған, тұл­пар­лығы тай кезiнен бiлiнген Дәуiтәлiнiң бойындағы шеберлiк, тереңдiк, iзденiмпаздық қазiргi өмiрде де, өнерде де талай биiктерге көтерiп келедi.
Еңбек жолын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң «Қазақстан» саяси әдебиеттер баспасында редактор, аға редактор болып бастаған ол Қазақ КСР Министрлер кеңесi жанындағы Қазақ Ақпарат агенттiгiнде жалғастырды. Ол бұдан кейiн жоғары билiк баспалдақтарынан өттi. Алдымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесiнiң аппаратында, одан кейiн Қазақстан Республикасы Парламентiнiң аппаратында консультант, аға консультант, сектор меңгерушiсi, бөлiм меңгерушiсiнiң орынбасары болды. Бүгiнде Парламент Мәжiлiсiнiң аппаратында Редакциялау және аударма бөлiмiнiң меңгерушiсi. Сонымен қатар Үкiметтiң жанындағы Мемлекеттiк терминология комиссиясының мүшесi.
Бiр қарағанда осының бәрi – көзге көрiн­бейтiн жұмыс, кәдiмгi қара нардың жұмысы. Бiр данышпан «аударма – әдебиеттiң атасы» деген екен. Сол кiсi айтпақшы, аудармашы болу да – әркiмнiң маңдайына жазыла бермейтiн өнер. Әйтсе де, Дәуiтәлiнiң қалам ұшы тиген қайсыбiр дүниелер қатып-семген ресмилiгiнен лезде ажырап, қазақы ұғыммен бiте қайнасып, құлпырып шыға келедi. Кей-кейде ресми орындардағы кейбiр азаматтарға ұлтжандылық, қазақылық қасиеттер жетiспей жатқанда, Дәуiтәлiдей азаматтардың шын мәнiнде аз екенiне намыстанасың. Ресми қатып-семген тiрлiктiң тамырына бiрауық қазақы қан жүгiртiп тұратын жiгiттер көбейе берсе дейсiң ғой.
«Жақсы басшы – жарты бақыт» деген. Дәуітәлі Омашұлы осы кезге дейін бірнеше Мәжіліс төрағасымен қызметтес болды. Олардың әрқайсысының өз орны, мектебі бар, бір-бір биік тұлға болғаны сөзсіз. Және олардан үйренгені де аз емес. Қайсыбір жылы Орал Мұхамеджанов төраға болғанда ерекше қуанғаны әлі есімде. Кезінде қазақтың ірі зиялылары құрмет тұтқан, өнер, әдебиетке бір табан емес, бірнеше табан жақын, Пуш­киннің «Евгений Онегинінің» бірнеше та­рау­ларын жатқа соғатын Орекең туралы: «Ой­пыр­май, бұл кісі терең білімпаз­дығы, әң­гі­мешілдігі, шешендігімен қоса әнші екен», – деп қуанышын жасыра алмап еді. «Рухани биік кісі – ұлтының ұйытқысы» деп Қадыр айтпақшы, ұдайы рухани кемелдікке ұмтылыс үстінде жүретін азаматтың бұл да бір адами бақытын жасыра алмағандығы еді.
Бүгiнде Дәуiтәлi Омашұлын мемлекет­шiлдiгi, ұлтжандылығы, рухани бiтiм-болмы­сы қайраткерлiк биiкке көтердi. Ол бұл биiкке бiреулер тәрiздi жанталасып, жер тепкiлеп, жасанды мiнез жамап алып, мiнбер iздеп, айқайламай-ақ, үнсiз ғана еңбек етiп жеттi. «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегi үшiн» және бес мерекелік медалі және Еуразиялық эконо­микалық қоғамдастығы Парламентаралық Ассамблеясының құрмет грамотасы, «ҚР Мәдениет қайраткерi», «Баспа және поли­графия саласының қайраткерi» құрметтi атақ­тарын иеленуi осы ойымыздың бұл­тарт­пас дәлелi.
Ұстазымыз Шерағаң: «Ең алдымен елге тигізер пайдаңды ойла, өз пайдаң соның ішінде», – деуші еді. Осы тұрғыдан келгенде, ол қай кезде де елден, туған жерден де кіндігін үзген емес. Сан-салалы қызметте жүрсе де ту­ған өңірі, Ұлы Жібек жолы бойындағы әй­гі­лі жеті кенттің бірі Меркенің тарихын зерт­теу барысында Өзбекстан мұрағаттарына де­йін барып ғылыми дерек-дәйектерге ден қо­йып, іргелі жұмыс жасады. Дәуітәлі Омаш­ұлы со­нымен қатар қазақтың Абай атындағы мем­лекеттік педагогикалық уни­верситетінен заң­­герлік мамандығын да алып шығып, жур­на­листиканы заңгерлікпен ұштастырып, бү­гінде мамандардың көмекші құралына ай­нал­ған «Нормативтік құқықтық актілер және олар­д­ы мемлекеттік тілде әзірлеу» атты кітап жаз­ды. Бұл – құжаттарды мемлекеттік тіл­де әзір­леудің көкейкесті мәселелерін өзге ел­дер тә­жірибесіне сүйене отырып, терең та­ра­зылаған, жан-жақты сөз еткен тұңғыш еңбек.
«Ер – елдiң иесi, әйел – үйдiң киесi» деген­дейін, Дәуiтәлiнiң құдай қосқан қосағы Баршагүл туралы бiр мақала түгiлi он мақала жазсаң да, аздық етер едi. Баршагүлдiң бiр өзi­нiң бойынан қазақ әйелiнiң жиынтық обра­зына жолыққан болар едiк. Баршагүл – нә­пақасын түзден терiп жейтiн қазақтың мар­қасқа жiгiттерінiң мәңгiлiк арманы. Ке­шегi орыстың пәтерiнде дүниеге келген бес құ­лындары Гүлнұр, Гүлжан, Дана, Ұлжан, Дә­уiр­дiң бүгiнде өмiрден өз орнын тауып, ата-ана сенiмiн ақтап жүргендерi де өлшеусiз бақыт.
* * *
Мiне, Дәуiтәлi бойындағы өнерден тараған нұр оның отбасының да, елге жасаған еңбегінің де өрiсiн кеңейтiп келедi. Бүгiнде немерелерінің тәтті қылығымен оянатын Дәуiтәлi мен Баршагүлдiң аталық, әжелiк дәуренi де басталды. Сiрә бұл дәуренге ештеңе жетпес.
Бұл отбасынан әрқашан ән үзiлмейдi. Әйкүлдей дана анамыздың алтын құрсағынан тараған, бүгінде көш басында Намазалыдай ғұлама ғалымы бар шетінен әнші, күйші әулеттің қай-қайсысының да бойынан бекзаттықтың, зиялылықтың исі аңқып тұрар еді. Содан да болар өнердi ессiз сүйген Дәуiтәлi мен Баршагүл қыздары Гүлжанды музыкаға баулыды. А.Мұсаходжаеваның өнер академиясын бiтiрген Гүлжан рояльға отырғанда дүниежүзi классиктерiнiң құдіреттi туындылары үй iшiн нұрға бөлеп жiбередi.
Бұл шаңырақта қашанда құдіретті өнердің лебі есіп тұрады. Өнер қонған әулеттің ырысы да ортаймақ емес, берекесі мен мерекесі де таусылмақ емес. Бүгінде бір мерейлі белеске көтерілген өзі де, сөзі де сара, парасат-пайымы дара оның шаңырағын тәңір осы бақыт құшағынан ажыратпасын.

Қали СӘРСЕНБАЙ

Дереккөз: Айқын