«Кредит алдыртып, 14 жерінен пышақтап тастаған»: Мүгедек баламды асқан жауыздықпен өлтірді деген ана қоғамнан көмек сұрайды

0

Журналист, тележүргізуші Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында Түркістан облысы Сарыағаш қаласында 2 топтағы 19 жасар мүгедек азаматтың қаза тапқанын жазды.

«2 топтағы мүгедектігі бар 19 жасар азаматты ауыл бұзақылары адам аяғы баспайтын жерге апарып, 14 жерінен пышақтап, іздерін суытқан. Оқиға 20 ақпан күні болған. Ал марқұмның мәйітін ауыл шопаны араға екі күн салып, 22 ақпан күні байқап, полицияға хабар берген. Қылмыс орын алмас бұрын, қылмысқа күдікті азамат марқұмға 280 мыңдай займ алдырған. Ең сорақасы күдікті азаматтың әскери қызметкер екені белгілі болды. Ардақты ағайын, қайғыдан қан жұтқан ана қоғамның араша сұрайды. Осы видеоны таратып, әділдіктің орнауына үлес қосуларыңызды сұраймын», — деп жазды.

Ал марқұмның анасы ұлын күдіктілер қылмыс орнына алдап апарғанын айтады.

«Менің ұлымды аяусыздықпен, жауыздықпен өзінен 4-5 жас үлкен балалар ішіп, шегіп алып, пышақтап, азаппен өлтіреді. 14-15 жерінен пышақталған және және менің баламды жүрегінен ұрған, маңдайынан ломмен ұрған. Айдалаға апарып тастап, олар дым болмағандай өздері келіп, ішіне қыздары салып алып, ары қарай өздері рахаттанып жүрген. Займ мен кредиттер алдырған екен. Төрт баланың екеуі менің ұлымды моншадан шыққаннан кейін, кешкі жеті жарымда жүр сенің зайымыңды төлеп береміз деп, менің баламды машиналарына отырғызып алып кетеді», — дейді ол.

фото: caravan.kz