Премьер-министр Олжас Бектенов кәсіпкерлерді салықты әділетті төлеуге шақырды

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізіп, салық-бюджет реформасы мен салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелерін талқылады.
Салық төлеуден жалтару схемалары анықталды
Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау барысында салық міндеттемелерін оңтайландыру мақсатында арнайы салық режимдерін (СРП) заңды айналып өту үшін пайдаланатын жосықсыз кәсіпкерлер анықталғанын мәлімдеді.
Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның ішінде тек 8%-ы (137 мың субъект) ғана қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер болып табылады. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің 81%-ы арнайы салық режимінде жұмыс істейді, олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.
Министрдің айтуынша, арнайы салық режимін қолданатын кәсіпорындардың жалпыға ортақ белгіленген салық жүйесінде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысу көлемі 2023 жылы 5 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл салық жүктемесін жасанды түрде төмендету мақсатында түрлі схемалардың қолданылатынын көрсетеді.
Салықтан жалтарудың кең тараған тәсілдері:
• Кәсіпкерлер «құжаттық» шығындарды көбейту арқылы салықты төмендетеді. Бір компания тауарды сатып алып, оны өзіндік құны бойынша басқа заңды тұлғаға қайта сатады. Бұл ҚҚС-ты айналып өтуге мүмкіндік береді.
• Бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылады. Мысалы, қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі кәсіпкерге тиесілі болып тіркеледі, бұл кірістің 78 млн теңге шегінен аспауына және ҚҚС төлемеуге жол ашады.
• Кәсіпорын қызметкерлері жеке кәсіпкер ретінде қайта тіркеліп, жұмыс берушіге қызмет көрсетеді. Бұл еңбекақы қорына түсетін салық жүктемесін азайтады.
Үкіметтің шаралары және Бектеновтің ескертуі
Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында төмендегідей шараларды ұсынды:
• Бизнесті бөлшектеуге қарсы заңнамалық шектеулер енгізу,
• Салық дауларында нысанның мәнінен басым болу принципін енгізу,
• Мұндай схемаларды анықтау мен дәлелдеудің жаңа әдістерін енгізу,
• Жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.
Премьер-министр Олжас Бектенов кейбір ірі құрылыс компанияларының, танымал мейрамханалар мен фитнес-клубтардың әділетсіз салық төлеуін сынға алып, бизнес өкілдерін салық міндеттемелерін орындауға шақырды.
– Бізде салық жүктемесін оңтайландыру схемаларын қолданатын компаниялардың толық тізімі бар. Алдағы екі апта ішінде олар салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу туралы хабарлама алады. Осы мерзім ішінде әділетті салық төлеуді талап етеміз. Егер бұл талап орындалмаса, мемлекет тиісті шараларды қолданады, – деп ескертті Бектенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан – Еуроодақ» диалогтік платформасы отырысын өткізген болатын.