Алматыда вейптердің заңсыз айналымы бойынша 30 қылмыстық іс қозғалды

0

Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енгеннен бері Алматыда шегілмейтін темекі өнімдерінің, соның ішінде вейптер мен хош иістендіргіштердің заңсыз айналымына байланысты шамамен 30 қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері 25 мыңнан астам вейпті тәркіледі. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.

«Вейптер мен басқа да никотин өнімдерінің заңсыз айналымына қылмыстық жауапкершілік белгілеу – азаматтардың денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам», – деді ол.

Оның айтуынша, енді вейптерді заңсыз әкелу және өндіру үшін 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Егер қылмыстық топ әрекет етсе немесе аса ірі табыс тапқан жағдайда, жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 5 мың АЕК (18,46 млн теңге) мөлшерінде айыппұл салу түрінде қолданылады.

Сонымен қатар, 2024 жылы Алматыда қоғамдық орындарда кальян шеккені үшін 5514 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері мекеме иелеріне заң талаптарын сақтау туралы 458 ұйғарым жіберді.

«Заңның орындалуына бақылау күшейтілетін болады. Азаматтарды белгіленген ережелерді сақтауға шақырамыз, себебі бұл – өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін маңызды», – деп атап өтті полиция өкілі.

Алматыда темекі өнімдерінің, вейптер мен кальяндардың заңсыз сатылуына қарсы күрес жалғасуда. Полиция өкілдері қатаң шаралар құқықбұзушылық санын азайтып, жастардың денсаулығын қорғауға көмектесетініне сенімді.