Атырауда мектептің оқушыларын тасымалдайтын автобус жеке мақсатқа пайдаланылған

0

Атырау облысының Бөкейхан ауылындағы мектептің оқушыларын тасымалдайтын автобус жеке мақсатқа пайдаланылғаны анықталды. Осыған байланысты білім ордасының директоры қызметінен босатылды.

Әлеуметтік желідегі ақпаратқа қарағанда, мұғалімдер мектеп автобусымен садақаға барған. Бұл дерек жұртшылықтың ренішін тудырды.

Мәселенің мән-жайын білу үшін Құрманғазы аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяровқа хабарласқан едік. Ол аталған мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған автобусты жеке мақсатқа пайдалану дерегі анықталғанын, директордың қызметінен босатылғанын растады.

– Бөкейхан ауылында орналасқан Ф.Оңғарсынова атындағы жалпы білім беретін орта мектепте 350-ден астам оқушы дәріс алады. Мектептің директоры тарапынан оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты кемшілік бар еді. Жақында мектептің оқушыларын тасымалдауға бөлінген автобусты жеке мақсатқа пайдалану дерегі анықталды. Осыған байланысты қызметтік тексеру жүргізілді. Ал директордың басшылық қызметін жалғастыру, не босату мәселесі Атырау облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің жанындағы әдеп кеңесінде қаралды. Сол кеңестің шешімімен директор қызметінен босатылды, — деп хабарлады Еділ Баяров.
Білім ордасының басшысы міндетін атқару директордың орынбасарына жүктелген. Ал бұрынғы директор аталған мектепте физика пәнінен дәріс береді.

Бөкейхан – Құрманғазы ауданында Ресей Федерациясымен шекарадағы Қиғаш өзеніне таяу орналасқан ауыл. Мұнда Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы әкімшілік бірлік. 2022 жылға дейін Байда ауылдық округі деп аталды. Бұрын Байда ауылдық округі, Котяев ауылы аталған еді. Ал 2022 жылдан бері округте де, ауыл да Бөкейхан есімімен аталады.

Ауылдың іргесі 1870 жылдары қаланған. Қазір шекарадағы ауылда 1800-ге жуық адам тұрады. Мұнда балалар бақшасы, мәдениет үйі, емхана, кітапхана, байланыс бөлімі мен спорт кешені жұмыс істейді.

Еске сала кетелік, бұған дейін дәл осы ауданда оқушыға қол көтерген мұғалім өзге мектепке директор болып тағайындалғанын жазған болатынбыз.

https://kaz.inform.kz/news/atirauda-mekteptn-okushilarin-tasimaldaytin-avtobus-zheke-maksatka-paydalanilgan-ef5494/