Супермен образы үшін сынға қалған депутат Шымкент әкімнің орынбасары болды

Парламент мәжілісінің депутаты Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкент қаласы әкімдігінің мәліметінше, Руслан Берденовтің әкім орынбасары қызметіне тағайындау туралы шешім Президент Әкімшілігімен келісе отырып қабылданған.
39 жастағы Руслан Берденовтің өзі де Шымкенттің тумасы. Оның кәсіпкерлік пен мемлекеттің қызметте тәжірибесі мол.
Бұған дейін Қазақстан букмекерлік кеңселер қауымдастығы мәжіліс депутаты Руслан Берденовті сотқа берген еді. Букмекерлер депутатты жалған ақпарат таратты деп айыптап Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына шағым түсірген. Арызданушы Руслан Берденовті парламент мәжілісінің депутаты бола тұра, ойын бизнесі мен спорттық бәс тігулерді ұйымдастырушылардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді таратты деп айыптады.
Алайда сот букмекерлердің шағымында еш негіз жоқ деп тауып, Руслан Берденов ақталып шықты.
Руслан Берденов 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Менеджмент» мамандығын бітірген. 2009 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында (ҚМЭБИ) іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесін алды.
Оның еңбек жолы 2005 жылы “Seymar Group” АҚ-нан басталды.
- 2007–2010: «Procter & Gamble» ЖШС логистика бойынша бас үйлестірушісі;
- 2010–2012: «EASTCOMTRANS» ЖШС жылжымалы құрамды жалға беру бөлімінің бастығы;
- 2012–2018: «Ақ ниет» ЖШС бас директоры;
- 2018–2023: “Aq Niet Group” Қадағалау кеңесінің мүшесі және төрағасының орынбасары.
2023 жылдың наурыз айында Руслан Берденов парламенті мәжілісінің депутаты болып сайланды.
Еске салайық, Руслан Берденовтың елордадағы «Абу-Даби Плаза» төбесінде шапан киіп, суперқаһарман позициясында түскен видеосы желіде қызу талқыға түскенеді. Жарияланған видеоролик көп ұзамай желіден өшіп кеттін. Ал Руслан Берденовтің өзі бұл видеоға қатысты: “Бұл видео – Әділет Рахметолла түсіріп жатқан әлеуметтік роликтің бір бөлігі. Ешқандай терең мағына іздеудің қажеті жоқ” деп пікір білдірді.