Қайрат Қожамжаров монополистерді тексеру нәтижесінің жаға ұстатарлық деректерін жариялады

0

ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров табиғи монополиялар субъектілері жұмысына жүргізілген ауқымды тексерудің нәтижесін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Монополистердің ресми есеп-қисабы бойынша өндірістік көрсеткіштерді жақсарту бойынша шығындарға 1 трлн теңге алынған. Бірақ, іс жүзінде құрал-жабдықтардың тозуы жоғары деңгейде қалып отыр. Түрлі бағалауға сәйкес ел бойынша тозу деңгейі 63 тен 54 пайызға дейін құрайды. Осы уақытта Алматы ЖЭС-інің тозуы 70 пайызға дейін, Қапшағай мен Екібастұз ЖЭС-інің тозуы 79 пайызға дейін жетіп отыр», — деді ол ҚР Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.

Оның айтуынша, 2016 жылы «инвестицияның орнына тариф» бағдарламасы аяқталғаннан кейін тарифтің күтілген төмендеуі орын алған жоқ.

«Өндірушілер қазақстандықтарға энергияны қосарланған ставкамен, яғни, бұрынғы жоғары тарифпен жеткізуін жалғастыра берді. Олардың тек 15 ғана тексеру артық кірістің 51,5 млрд теңгеден асып жығылғанын анықтады. Энергия қуаты бойынша мүлдем әртүрлі компаниялар үшін бірдей шекті тариф заңсыз бекітілген. Өзіндік құны төмен энергия өндіретін кәсіпорындар  шығын жоғары өндірушілер тобымен заңсыз біріккен», — деді Қайрат Қожамжаров.

Оның айтуынша, еліміздің Энергетика министрлігі энергия өндіретін кәсіпорындарды жаңғырту бағдарламасының тиімділігін бағаламаған, мониторинг жүргізбеген. Монополистер ұсынған есеп-қисаптың дұрыстығын тексермеген.

«Жоғарылатылған тарифті бекіту туралы шешім халықтың мүддесіне шығын келтіре отыра олардың шығыстарының қысқарғандығын ескерместен қабылданған. Сондықтан біз  Энергетика министрлігінің заңсыз бұйрықтарына наразылық енгіздік. Қазір олар қаралу сатысында», — деді Бас прокурор.