Қарияларды азаптап келген Ақсу пансионатын қаржыландыру тоқтатылуы мүмкін

0

Ақсудағы қарттар пансионаты өңірлік жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қаржыландырылып келген.

Қазір жауапты орган келісімшартты бұзып, қаржыландыруды тоқтату бойынша іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, пансионатта мүгедектігі бар 15 қария тұрып келген. Мекеме мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қаржы алып отырған. Былтыр сәуір айында басқарма мамандары арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарының орындалуы бойынша мониторинг жүргізу мақсатымен пансионатта болған. Сол уақытта қарияларды азаптау, оларға қатігездікпен қарау деректері анықталмапты.

— Одан соң қыркүйек айында Павлодар облысындағы ұлттық превентивті механизм қатысушылары аталған пансионатқа барды. Мамандар шағымдар мен ұсыныстар жәшігін орнату, азық-түлік қоймасын жөндеу, тәуліктік сынамаларды іріктеу, сужылытқыштар қою, дәрі-дәрмекті сақтау сейфтерін, мекемеге кіреберіске пандус орнату туралы ұсыныстарын жеткізген. Қарттар үйінің тұрғындарын азаптау және қатігездікпен қарау деректері ол тұста да байқалмады, — деп хабарлады жауапты басқармадан.
Қазіргі уақытта Ақсу қаласының прокуратурасы аталған пансионатқа байланысты сотқа дейінгі тергеу-тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Оның қорытындысы шыққан соң облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекеттік сатып алулар туралы шартты бұзу және кінәлі тұлғаларды жазаға тарту бойынша шаралар қабылдайды.

Еске сала кетейік, ақсулық прокурорлар қарт адамдарды азаптау фактілерін анықтады.