«Аз пайызбен несие алып беремін»: 15 адамды алдаған күдіктінің үстінен іс қозғалды

Несиесін несиемен жаппақ болғандар ақшасынан қағылды
Әлеуметтік желіде желдей ескен жарнамаға алдандық деп аh ұрған олар, енді кінәлілер жазасын алып, ақшамыз қайтарылсын деген талап қойып отыр.
«Маған кредит алып берем деді, кредиті де жоқ. Телефоны жауап бермейді. Үш жарым миллион алып, банктен құтылайын деп ойлағанмын. Сөйтіп банк пайызы 40, 50 ғой. Ал бұлар 18 пайыз деді. Пайызы аз болған соң, алып, несиемді жауып тастаймын деп ойлағам», — дейді Нұрлан Смайылов.
Наразы жұрттың айтуынша, шетел азаматы қалада жеке кеңсе ашып, қызмет туралы әлеуметтік желіде жарнама таратқан.
«Банкроттыққа жібереміз, содан кейін жауып береміз деді. Ауыл шаруашылығына 20 миллион теңге несие алдым. Жеті миллиондай бізді алдады. Талап – ақшамызды қайтарсын. Бұл не деген сұмдық!» — деді Қобыланды Айсазинов.
Қаржыдан қысылғандар тек Алматы қаласынан ғана емес, шалғай аудандардан да келген көрінеді. Несиесін несиемен жабамын дегендер қызмет ақысын да төлеп қойыпты.
Дәл осылай алданғандар саны қазір 15 адамға жеткен. Ал олардың банк алдындағы берешегі 3 миллионнан бастап, 25 миллион теңгеге дейін жеткен. Не істерін білмей, сан соғып қалғандар ақыр соңы құзырлы органдарға арыз жазды.
«Алмалы ауданы полиция басқармасында ҚР ҚК 190-бабы, 3-алаяқтық тармағы бойынша, яғни бірнеше рет жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полицияға 13 адам ресми шағымданды. Олар жәбірленуші болып танылды. Бүгінде күдіктіні ұстауға бағытталған кешенді іс-шара жүргізіліп жатыр. Ол міндетті түрде ұсталып, жауапқа тартылады», — деді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.