Америкаға бала бағуға барған 24 жастағы қазақстандық ару шетелдік қайын атасымен бешбармақ пісірді (видео)

0

24 жастағы тараздық Зарема Тұрсынова Америкада тұрады. Ол АҚШ-қа 2021 жылы Au Pair бағдарламасы арқылы бала күтуші болып барған. Ал қазір Зарема америкалық қайын атасымен бірге бешбармақ жасап, қазақ мәдениетін таныстырып жүр. Stan.kz ақпарат агенттігі Зарема Тұрсыновамен әңгімелесіп, Америкаға қалай барғанын және шетелдік жігітімен қалай танысқанын сұрады.

“Жұмысқа келгеніммен, мұнда қаламын деп ойламадым”

Зарема АҚШ-қа баруды көптен ойлап жүріпті. Басында үйіндегілер «әлі кішкентайсың» деп жібермеген. Дегенмен ол амалын тауып, Америкаға Au Pair бағдарламасы арқылы жұмысқа кеткен. Au Pair – бала күтуші қызметі. Америкалық отбасылар шетелдегі бала бағушыларды өздеріне осы бағдарлама арқылы шақырады. Оларға бұл қолайлы, себебі қаражат жағынан арзанырақ.

«Мысалы, аптасына 200, айына 800 доллар төлейді. Ал басқа күтушілерге сағатына 15-20 доллардан төлесе, бәрін қосқанда аптасына 1000 доллар болып кетеді. Сондықтан оларға шетелден бала бағушы шақырып, 200 доллар төлеген ыңғайлы. Бұл бағдарламаның шетелдіктерге тиімді тұсы: АҚШ-қа жетуге көп ақша жұмсамайсыз. 800-1000 доллар жеткілікті. Оның үстіне бару-қайту билеттерін төлеп береді. Мысалы, Work and Travel-мен келгендер үш айға ғана келеді, ал Au Pair бағдарламасы 2 жыл жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Келген сәтте бірден алғашқы аптаның жалақысын төлейді. Жатын бөлме, тамақ, көлік, sim картамен қамтамасыз етеді. Сондықтан да бұл бағдарлама маған қатты ұнады. Қазақстанла бірінші жылы ақ университеттен шығып кеттім, себебі маған таңдаған мамандығым ұнамады. Сол үшін төрт жылымды құртқым келген жоқ», – дейді ол.

Зарема шетелге кетпей тұрып, Қазақстанда біраз жерде балаға қатысты жұмыстар істепті. Университетте оқып жүргенде оқушыларға ағылшын тілінен сабақ берген, балабақшада да тәлімгер болған, жеке үйлерде бала қараған. Соның арқасында оған осы бағдарлама өте оңайға соғыпты.

«Себебі шетелге бала бағушы болып бару үшін қандай да бір тәжірибең болуы керек. Талабы бойынша, шамамен 900 cағаттай балалармен бірге уақыт өткізген тәжірибең қажет. Елде әртүрлі баланы қарап, оларға ағылшын үйретіп тәжірибе жинағандықтан соған сай бағдарлама оңай болды. Қазақстанда да бала күтуші болып жұмыс істеген едім», – дейді ол.

“Америкада қалуымды өтінді”

Зарема америкалық жігіті Бреттпен 2023 жылдың басында онлайн танысқан. Кейін жүзбе-жүз кездесіп, жақсы араластық дейді. Бірақ сол кезде тараздық қыз елге қайтамын деп жүрген екен. Дегенмен Бретт Заремадан қалуын сұрапты.

«Нью-Йоркта кездесіп жүрдік, қазір Лос анджелесте бірге тұрамыз. Бала кезімде «шетелдікке тұрмысқа шығамын» деп айтып өскеніммен, ойымда мұндай нәрсе мүлдем болмапты. Әлеуметтік желіге осындағы адамдармен танысып, сөйлесу үшін қосылған едім, жігіттермен танысамын деген ойым болмады. Үш ай бұрын ғана мен Қазақстанға қайтамын деп шешім қабылдап, ұшақ билетіне ақша жинап жүргем. Ол да басында кетем дегенде мені ұстаған жоқ. Кейін жақындағанда қалшы деп өтінді, сонымен мен қалып қалдым», – дейді тараздық қыз.

Фото Зарема және Бреттің архивіненФото Зарема және Бреттің архивінен

“Мұнда ата-анасына қатты бауыр басып, солармен бірге тұру деген нәрсе жоқ”

Біз Заремадан қазақ жігіттері мен шетелдік ер адамдардың айырмашылығын сұрадық. Ол адамдардың бәрі бөлек, әртүрлі дейді. Өзінің айтуынша, үлкен айырмашылықтың бірі – АҚШ-та балалар кішкентай кезінен бастап ата-анасынан сепарация жасайды.

«Мұнда ата-анасына қатты бауыр басып, солармен бірге тұру деген нәрсе жоқ. 18-ге толған соң үйіңнен кетесің. Сол сәттен өзіңмен өзің өмір сүресің. Мысалы, менің жігітім ата-анасын емес, мені көбірек ойлайды. Қазақ жігіттерінен тағы бір айырмашылығы – менталитет жағынан бөлек. Қазақ жігіттерде мынау әйелдің жұмысы, мынау ердің тірлігі деген түсінік болса, америкалық жігіттерде ондай қатып қалған түсініктер жоқ. Жігітім ыдыс та жуады, үй де жинайды. Мысалы, мен қыдырып кетсем, мен жоқта үйді жинап, тазалап, тамақ пісіріп қояды. Біз – ересек адамдармыз, әркім өзіне керек нәрсені істей алады. Ешкім ешкімге міндетті емес, осы жағы жақсы. Әрине, осындай әрекеттері мені қуантады. Жұмыс істейді, тосынсыйлар жасап тұрады, мені әйел деп қана емес, адам ретінде көреді. Менің ойларым мен көзқарастарыма құрметі бар, бірнәрсе болса, бірінші менімен ақылдасады, сұрайды, ойымды біледі. Сосын шешімді бірге қабылдаймыз», – дейді Зарема.

Зарема ата-енесін «әлемдегі ең күшті жандар шығар» деп сипаттады. Әкесі де, анасы да бірінші көрген кезден бастап мені өз отбасыларына өте жақсы қабылдады деп бөлісті. Ол жаңа жылда қайын атасымен бірге өмірінде бірінші рет бешбармақ жасағанын айтып берді.

«Әкесі жаңа жыл кезінде интернеттен қазақтың ең негізгі ұлттық тағамы қайсы деп іздеп, оның жасалу жолын тауып алыпты. Кейін дүкеннен жылқының етін іздеген, бірақ таппапты. АҚШ-та жылқының етін сату заңсыз, жылқыны союға тыйым салынған. Ет сататын адамнан «Маған қазы істеп беріңізші» деп сұрапты. Ол кісі қолынан келгенінше құрастырып, қазы сияқты жасап беріпті. Қасына сиырдың етін сатып алды, сосын оны маған мәз болып көрсетті. Мен қатты қуандым және бұл жүрегімді тебіренткен сәт болды. Жылағым келді. Жігітімнің әкесі соны ерінбей интернеттен іздеп, дүкеннен сұрап, оны маған жаңа жылға тосынсый деп әкелген шын ниетіне риза болдым. Сосын мен бешбармақты бірге жасайық, пастаның дайын қамырын сатып ала салайық дедім. Ол өзіміз жасайық деді. Сонымен мен өмірімде бірінші рет бешбармақты қайын атаммен бірге жасадым. Ол етті қайнатты, мен қарап жүрдім. Ал нанды бірге жайдық, қасымда көмектесіп жүрді. Ал Бретт сол кезде оливье салатын жасады», – деді ол.

“Ата-енем Қазақстанды қатты жақсы көреді”

Жігітінің отбасы, әсіресе қайын атасы Қазақстанды қатты жақсы көреді екен. Қазақстанның жанкүйері деуге болады, еліміз туралы көп нәрсе біледі. Интернеттен іздеп, оқып отырады.

«Алматының суреттері бар кітап сыйладық. Енді Алматыны кітаптан қарап, биыл тойымыз болса, бұйырса Алматыға келеді. Әр мерекелерде, туған күнімде үнемі сыйлық сыйлайды. Бір рет шай жақсы көремін деп айтқан едім, содан анасы шәйнек пен шай сатып алды. Сосын оны өзі демдеп, қасына тортын қойып, маған алдыма әкеліп берді. Мен өз жұмыстарыммен отырғанмын. Жеміс-жидек жақсы көремін десем, оны да кесіп, кел, жеміс жейміз деп барын аямайды», – деді ол.