«Қазақтың жауы қазақ»: Айнұр Тұрсынбаева хейтерлеріне жауап берді

0

Белгілі айтыскер, кәсіпкер Айнұр Тұрсынбаева өзіне қатысты сын айтқан хейтерлерге әлеуметтік желіде жауап берді

Ол өзінің кәсіпкерлік жолын, қайырымдылық жұмыстарын баяндап, отандық бизнеске қолдау емес, керісінше, аяқтан шалатын адамдардың көптігіне қынжылыс білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айнұр Тұрсынбаева желіде тараған «Тұрсынбаева халықты тонап жатыр» деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Ол қасиетті сұңғыланың тамыры шетелге сатылып жатқанда ешкім қарсы шықпағанын, ал отандық өндіріс ашқанда, бірден сынға алынғанын айтты.

«Кішкентай кезімнен сұңғыланың тамырын қытайлар тонналап әкетіп жатқанын көзімізбен көрдік! Бірақ «Қытайлар бізді тонап жатыр» деп бір адам айтты ма?! Жоқ! Сол тамырдың қызығын өзіміз көрейік деп завод соқтық, бірақ біз тонаушы болып шыға келдік. Логика қайда?» – деп жазды ол.

Кәсіпкер бұған дейін ресейлік желілік компанияда жұмыс істегенін, сол кезде ешкім «орыстар бізді тонап жатыр» деп айтпағанын тағы мысалға келтірді. Ол сондай-ақ 30 жыл бойы Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан америкалық Гербалайф компаниясына қатысты да қоғамның үнсіз қалғанын атап өтті.

«Біз заңды түрде тіркеліп, барлық өнімімізді сертификаттап, стандартқа сай жұмыс істесек те, бірден сынға іліктік. Түркиядан, Қытайдан, Кореядан серіктестеріміз келіп, біздің жұмысымызға жоғары баға берді. Бірақ қазақтың жауы – қазақ! Аяқтан шалып, құлатуды білеміз!» – деді ол.