«Бізді тыңдайтын құлақ жоқ»: алтын зауытына қарсы маралдылықтар Астанаға келіп, шағымын жеткізді
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғындары Астанаға келіп, алтын зауытының жұмысына қарсылықтарын білдіріп, депутаттармен, министрліктің өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МАРАЛДЫЛЫҚТАР НЕ ДЕЙДІ
Маралды тұрғыны Бақытгүл Рахиева екі-үш жылдан бері алтын өндірушілерге қарсы пікірімізді айтып келеміз дейді.
Суымызды лайламасын, табиғатымызды бұзбасын, ертең ұрпағымызға таза су, табиғат қалдырайық деп, шырылдап, жан айқайымызды айтайық деп келіп тұрмыз. Бізді тыңдайтын билік болса дейміз! Бірақ бізді қолдайтын кісі табылмай жатыр, – дейді ол.
СУДЫҢ БОЙЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ ҚОРҚАДЫ
Бақытгүл Рахиеваның ауылдасы Сафура Баяндинова кешеден бері маралдылықтар мәжіліс екі депутатымен, су министрлігі, экология министрлігі өкілдерімен кездескенін айтады. Бірақ “бізді тыңдайтын құлақ жоқ” дейді. Айтуынша, Маралдының ең биік тауының цианидті қолданатын, алтын өндіретін фабрика салынып жатыр.
Өте қауіпті. Соны қарасаңыздар, тексерсеңіздер дедік. Астынан су шығып жатыр. Жан-жағы – бұлақ. Ол бұлақтардан Ертіс өзені құралады. Соның бәрі сөзбен де айттық, құжаттарды да көрсеттік. Біз не істейміз енді?
26 қарашада фабрика ашылды деп айтылды. Істеп тұр деп естіп жатырмыз ұзын-құлақтан. Журналистермен өзім осы жолы бардым. Ішін көрдім. Видео түсіртпеді. “Алтын өндіріп жатырсыздар ма?” десем, “жоқ, накопительдерде тұр” дегендей жауап алдым. Сыртына шығып, дамбысын көрдік. Сол жерге руданы үйіп, цианид қосып жатырмыз деп өздері айтты. Судың бойындағы халық қорқады. Жарылыс болғанда үйлеріне тас құлаған екен. Ішіміз өтіп, басымыз ауырады дейді. Қай жақтан келіп жатқаны белгісіз, нақты дәлелім жоқ. Халықтың айтқанын айтып отырмын.
Инвесторларға ешкім қарсы емес, бірақ өте қауіпті деп қорқамыз. Егер цианид суға қосылса не болады? Ешкім гарантия бермейді. “Гарантия береміз, ешкімге қауіпті емес” десе, халықтың жүрегі орнына түсер еді ғой. Бірақ ондай жауап жоқ, – дейді ол.
Маралдының тумасы Талғат Исин депутат Ермұрат Бапи мен Ерлан Сайырлв құзырлы оргғандарға қозғау салып, комиссиясын жібереміз деп уәде бергенін айтты. “Талаптарымыз бұрынғы – зауыт жабылсын, болды!” дейді ол.
МАРАЛДЫДАҒЫ ДАУ
Маралды ауылында жергілікті халық пен алтын өндіруді көздейтін компания арасында дау бірнеше жылға жалғасып келеді. Жергілікті халық мәселені шешу үшін ауылға облыс әкімін де, жауапты министрлерді де шақырған. Алайда олар Маралдыға “барамыз” дегенімен аттап басқан жоқ. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар бірнеше рет президентке үндеу жолдаған.
Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.
Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.
2023 жылы шілдеде ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.