«Әкімшіліктен рұқсат қағаз әкел»: Алтынай Жорабаева тыңдармандарымен фотоға түсемін деп басы дауға қалды
“Құрмет” орденінің иегері, әнші Алтынай Жорабаева тыңдармандарымен фотоға түсемін деп ренжіп қалды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға Астанадағы танымал ойын-сауық орталығында болған.
“Хан шатырдан атып шықтық. Мені танып, менімен фотоға түскісі келген халық көп болды. Олармен әңгімелесіп, алтын сататынымды айтып тұрсам, күзетші келді. “Бұл жерде фотоға түсуге және түсіруге болмайды. Әкімшіліктен рұқсат қағазыңыз болуы керек” деді. Мен тыңдармандарыммен фотоға түсу үшін рұқсат қағаз алып жүруім керек екен. Бұл қайдан шыққан заң?! Ол жерде командамен клип түсіріп жатсам, талап етуге болады. Мен де түсінемін. Бір-екі минутта халық мені қоршап алды. Мен олармен фотоға түстім. Одан кейін алтын сататын бизнесімді таныстырдым. Арасында парақшасын білетіндерге рақмет ретінде тәтті ұсындым. Міне, бас аяғы бір-екі минут ғана аялдадым. Екі ортада күзетші келіп, салғыласып ұрсып тастады. Қатты ашуланып қалдым”, – деді әнші.
Еске салайық, «Бір қыста екі жылқы жейміз» деп Алтынай Жорабаева соғымын көрсетіп, көпшілікке жақпай қалған еді.
“Ет жейтін қазақтармыз. Соғым шүйгін болсын! Бір қыста екі жылқы жеп қоямыз. Астанаға көшіп келгелі ет жейтін болыппын. Жалпы етті көп жемеуші едім. Мына тұрған бір жасар тайдың еті. Қыс бойы балконға сақтаймын”, – деген болатын өнер иесі.