Атырауда егіз баланың әкесі балаларын зорлап келуі мүмкін
Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады
Сотқа шағымданған әйел 2023 жылдың қарашасында егіз туған – ұлы мен қызы бар. Айтуынша, күйеуі алғашында ішімдік пен темекіге әуес емес екенін айтқан, алайда балалары 9 айға толғанда, оның есірткі қолданатынын білген.
«Балаларым 3 жасқа толғанда полицияға арыз жаздым. Күйеуім мені жұмысқа шығарып, өзі декреттік демалысқа қалған. Кейіннен балаларымның мінезі өзгеріп, көп жылайтын болды. Түнде жиі шошып оянатын. Балабақша тәрбиешілері де бұл өзгерісті байқап, хабарласты. Балаларым ұйықтағанда бір-бірінің қолын қатты қысып ұстап жататынын айтты», – дейді анасы.
Балалардың денесінде көгерген іздерді көргеннен кейін әйел күдіктене бастаған. 2023 жылдың 20 қарашасында полицияға арыз жазғанымен, бір жылдан бері күдікті ұсталған жоқ.
«Сараптама жасату үшін проктологты өзім табуым керек деді. Көмек сұрағанымда, түрлі инстанцияларға жіберді. Дәрігер балаларымда зақым бар екенін айтып, ұлымның дефекацияны бақылай алмайтынын жеткізді», – дейді ол.
Кейін қайта сараптама тағайындалған, алайда бір ай бұрын тексерген дәрігердің сараптама жүргізуге лицензиясы жоқ екені анықталған.
Атырау облыстық полиция департаменті бұл іс бойынша тергеудің жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалды, қазір комиссиялық сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Оның нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.