«Шаханов, Бибігүл»: Мұхтар Мағауинге қарсы қол жинап, науқан жүргізген кім?

0

Журналист Дастан Қастай Facebook парақшасында жазушыға Мұхтар Мағауинға қарсы жүргізілген науқанның басында Мұхтар Шахановтың тұрғанын тарихи деректерге қарап жинағанын анықтады.

«Мағауинге қарсы науқан жүргізген кімдер?

Бас ұйымдастырушысы — Мұхтар Шаханов екені белгілі. Бибігүл апам қол қоя салған. Бірақ өзі — бейхабар. Маңайындағылардың нығарлағаны байқалып тұр.

Енді мына қызықты қараңыз. Мағауин жазбасы. “Қол қоя салып едім”.

«Мұха, мен сізден кешірім сұрайын деп едім…» «Кім? Не боп қалды?» — деймін ғой. «Мен — Әбділхамит Нарымбетов. Анадағы «Рухани басбұзарлық» дейтін мақала… Отырар, коңырат… Мен байқамай, аңдаусызда қол қоя салып едім…».

Иә, осыдан бірер ай, бәлкім, екі-үш апта бұрын сондай мақала шыққан. Басы — академик, халық қаһарманы, ортасы — ғылым докторы, профессор, соңы — қайраткер, бас редактор — мен «Он бес академиктің жалақор ғарызнамасы» деп айғақтаған (әуелде мүлде елемей, бірақ дабыра тоқталмаған соң кейінірек, жыл ақырында тиесілі жауабын берген) өзгеше лепес.

«Неге «аңдамай» қол қоя саласыз?» — дедім. «Мұхтар өтініш жасап еді. Болмай сүраған соң…» «Бүгінгі Мұхтар — мен. Әуезов өліп қалған. Сіздікі қай Мұхтар?» — деймін. «Шаханов…»

«Солай демейсіз бе. Шаханов талап еткеннен соң, деп. Ісіңіз түсіп тұр ма еді?» «Жоға. Сондай… Нете алмай… Енді осы оғаш қылығым үшін сізден кешірім сұраймын…» — дейді.

«Бұлай болмайды, ағасы, — дедім. — Сіз аузыңызға ақ ит кіріп, қара ит шығып, жалалы мақала жазасыз…» «Жазған мен емес», — деді телефоншым тұтығып.

«Жеке өзіңіз жазған жоқсыз, бірақ қол қойдыңыз. Яғни, қосанжар автор. Заң тармағы бойынша, ұжымдасқан қылмыстың жазасы ауырырақ болады…», — деп жаздыДастан Қастай.

Ал, Өміртай Лахан есімді желі қолданушысыШахановтың Мағауинге қарсы құжатқа 26 депутаттан қол жинау барысында қандай қылмысқа барғанын айтқан.

«Шаханов ұйымдастырып…басқасы қол қойған парламент мәжілісінің 26 депутаты… Мұхаң (Мұхтар Мағауин) «Ақмолалық 26 комиссар» деп жазған… Арасында мәңгілік депутат Сабильянов Нұртай деген мықты бар… Бұл қол қойғыштардан, кейін Амангелді Айталы, Серік Әбдірахманов, Бекболат Тілеуханқолдарын қайтып алғаны туралы «Шаханов басқа мәтінге, шетелден жұмыс күшін әкелу туралы жазылған мәтінге қол қойдырған еді,біз ана текстіні көрмедік»- деп жазылған жазба жариялады. Шахановтың мына ісі қып — қызыл қылмыс ғой…», — деп жазды ол.

Мағауинге қарсы жүргізілген науқанды хронологиялық тізбекте жариялаған Дастан Қастай өзіне де қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.

«Армысыздар, құрметті қауым. О бастан біреуді зорайтып, біреуді тұқырту ниеті болған жоқ. Бүгін әлеуметтік желіге кірмеппін. Сыртымнан біраз дүние жазылыпты. Мені қаралап, жеке басыма өткендер де бар. Сотқа бермек болыпты, үстімнен Тоқаевқа арыз дайындап жатқаны айтылды.

Осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде “Мағауиннің өз еркімен елге келгісі келмегені, мүлдем қысым көрмегені, елде барлық жағдайының жақсы болғаны, өз бетімен қызық қуып кеткені” сарынында негізсіз әңгіме көп тарады.

Бұл мені дүдімал қылды. Олай емес қой. Ашығын айтайық, Мағауинге қысым болғаны рас. Мен тек сол оқиғаларды хронологиялық тізбекпен, мұрағатқа, еңбектері мен пікірлерге сүйену арқылы жарияладым. “Барды — бар, расты — рас” дедім. Оқырман қауым не себепті елден кеткенін аңдасын, білсін, қате долбарламасын деген мақсатты негіз еттім.

Идеялық талас-тартыстың болып тұруы, әрине, заңды. Әрі бұл қалыпты дүние. Бірақ көзқарасына бола ешкім қудаланбауы, қағажу көрмеуі тиіс. Бәрі архивте, газет тігінділерінде қатталып тұр. Болашақта біз мұндай даукестікті қарекеттерді, ұжымдық науқанды түп-тамырымен жоюға күш салуымыз қажет. Содан кейін, Ашық талқылаудан қашпаған дұрыс, сол арқылы замандастар мен келер ұрпаққа ізгілікті қоғам қалыптастыру идеясын дәріптеп, дәнегін себе аламыз (“Студенттерді тартамын” деппін… Тіптен қисынсыз әңгіме).

Бар ниет — сол: Ешкімнің жеке басын қаралаған жоқпын. Менің оқырмандарымның дені — жастар. Жастар болашақта мұндай әрекеттерден аулақ болға тиіс. Сонда ғана біздің әдебиет пен журналистиканың көсегесі көгереріне, қоғамдық қатынастардың түзелеріне кәміл сенемін. “Артында анау тұр, мынау тұр” деген — жөнсіз сөз. Мен Бар болғаны Мұхтар Ата Мағауиннің шығармаларымен тілестім. Қысқасы, осы…», — дейді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауин биылғы жылдың 9 қаңтарында Америка Құрама Штаттарының Мэриленд штатындағы үйінде қайтыс болды.

фото: caravan.kz